Атырауда «алапеспен» ауыратындар көбейген

0103 Жаңалықтар

Бүгінгі таңда жер шарында үлкен экологиялық өзгерістер жүруде. Тал бесігіміздің басынан кешкен үлкенді-кішілі атомдық жарылыстар, өндірістік қалдықтар, өнеркәсіп орындары мен автокөліктер түтіндері жер қойнауына ғана емес, адамзат баласының денсаулығына да зиянын тигізіп отыр. Мәселен, Семей полигоны жабылмай тұрған кезде сол өңірдің тұрғындарға орасан зардабы тигені баршамызға белгілі. Ал, Чернобыль атом электр стансасының жарылысы салдарынан апат болған аймақ үш жүз жылға дейін адам қоныстанбайтын жерге айналып, жабылып тасталды. Айналасындағы ормандарда, өзен-көлдерде өзгерістер сезіліп отыр. Екі басты, екі құйрықты балықтар, ормандардағы салмағы он келіге дейін жететін саңырауқұлақтар және басқа да флора мен фаунаның мутанттық өзгеріске ұшыраған түрлері кездескен.

0103

Қазақтар «алапес» атайтын витилиго ауруы бүгінде көбейіп отыр. Бұрындары ілуде бір кездесетін терінің бұл ауруы қазіргі таңда кішкентай сәбилерде де байқалып жүр. Түп-тамыры неде екенін ғалымдар да айыра алмай отырған осынау тері сырқатын емдеу мүмкіндігі жоққа тән.   Әлбетте, аталған сырқатқа шалдыққан адам емделуі үшін жүйелі түрде ем қабылдауы, анализдерді уақытылы тапсырып, емдеуші дәрігер белгілеген режимді қатаң сақтауы тиіс. Сонда ғана ем қонатыны анық.

Атырау облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері Мира Бердешеваның айтуынша, өңірімізде 2014 жылдан бері шаштың түсуі, адамдардың таз ауруына шалдығуы көбірек байқалып отыр. Биылғы алты айдың ішінде 333 адам осы ауру белгілерінің байқалғанын айтып, дәрігерлік тексерістен өтіпті.

Бір атап айтар жайт, таз ауруының қоздырғышы мектеп оқушылары арасында да кездесуде. Әсіресе, спорттық жарыстарға жиі баратын жеткіншектер жеке бастың тазалық гигиенасына көңіл бөлгені жөн. Олар халықаралық, республикалық, облысаралық сайыстарға барғанда көптеген адамдармен араласады. Спорттық құрал-жабдықтар жеткілікті түрде дезинфекцияланбаған болуы мүмкін. Сөйтіп, өздерімен бірге ауру вирусын тасымалдап әкелуі ғажап емес. Сондықтан, спорттық жарыстарға барар алдында және келгеннен кейін міндетті түрде медициналық тексерістерден өту – әр адамның өзі үшін де пайдалы. Бұл істе салақтық және жалқаулық танытпаған жөн.

Адамның сыртқы бет-пішіні, тері күтімі қай кезеңде де ең алғашқы орында тұрады. Өйткені, адамдармен қарым-қатынас жасаған кезде әуелі сыртқы түріне, киім киісіне назар аударылады. Осынау эстетикалық талап үдесінен шығу үшін үнемі тері ауруларын емдейтін дәрігерлермен кеңесіп отыру қажеттігін айтады облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бас дәрігері Мира Оразқызы. Адам ешқашан өзін-өзі емдеумен айналыспағаны дұрыс. Оның айтуынша, бүгінгі таңда балалардың, жастардың псориаз, экзема, қышыма қотыр ауруларына шалдығу көрсеткіштері жоғарылап отыр. Созылмалы тері әсіресе, терінің вирустық аурулары көбеюде.

Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз