Грант бар. Үміткер жоқ

b73a70bbab5a09a7a1f2ae136df Жаңалықтар

Жуырда «Әлеуметтік желінің мүмкіндіктері» атты имамдардың әлеуметтік желідегі насихат жұмыстарын жүргізудегі біліктілігін арттыруға арналған екі апталық семинар өтті. Облыстық дін істері басқармасы «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры ұйымдастырған іс-шараға облыс имамдары қатысты.

Семинардың соңғы күнінде Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің профессоры, Исламтану бойынша phd докторы Асқар Әкімханов облысқа келген іссапары барысында дәріс оқып, өзі зерттеп, қоғамда көтеріліп жүрген Деобанд мектебі туралы кейбір мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта өзекті саналған діни тақырыптағы сұрақтарға жауап берген профессор Үндістан мен Пәкістан елдеріне жасаған сапары туралы сөз қозғап, ондағы діни мектептердің жай-күйімен таныстырды.

– Бүгінде мешіттерде имамдардың тапшылығы болғанымен жас кадрлардың қатары көбейіп келеді. Жыл сайын Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетіне грант бөлінеді. Соның ішінде қыздардың оқуға деген ынтасы ерекше екендігі байқалады. Атырау облысына бөлінетін грантқа басқа облыстардан келіп, грантқа ие болып жатқандар бар. Өйткені, жергілікті жастардың барлығы бірдей бұл саланы таңдамауы басты себеп болып отыр. Оларға университет бітіріп келген соң келісім-шарт бойынша облыста қызмет ету керектігі ескертіледі.

Қазір әлеуметтік желілердің ықпалы зор екендігі белгілі. Сондықтан теріс ағым өкілдеріне қарсы мықты ақпараттандыру шаралары жүзеге асуы қажет. Қыркүйектің 1-нен бастап «Азан» деген атаумен радиостанция ашылғалы отыр, – деді семинарға қатысқан имамдарға алғысын білдірген облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев.

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы имамдар осы уақыт аралығында үйренген білімдеріне сай әлеуметтік желілерге жазба қалдырып, таратып жатқандығын да алға тартты. Әдетте оқу ақысы қымбат болғандықтан семинар арқылы мүмкіндікті пайдаланған имамдар мұндай іс-шаралардың жыл сайын жалғасқанын құп көреді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз