Атырауда алғаш рет «инфо-донор» бағдарламасы іске қосылды
Атырауда алғаш рет «инфо-донор» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама Батыс Қазақстан бойынша тек Атырау облысында жүзеге асуда, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Елбасы жолдауындағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен қаладағы қан орталығына енгізілді.
«Инфо-донор» іске қосылған 1 ай көлемінде 656 адам электронды тіркеуден өтіп, донор болуға ниетті екендерін білдірген. Оның 473-і қан тапсыруға жарамды.
Аталмыш бағдарлама тек жеке куәлік арқылы донордың орталықтағы маршруттарын автоматты түрде анықтап, реттеп отырады. Донор тіркеуден өткеннен кейін ол туралы ақпарат жедел электронды түрде жетеді.
— Аталған бағдарлама іске қосылғалы жұмысымыз жеңілдеді. Мамандар жедел түрде кезектегі донорды қабылдап, анализдерін анықтап, қан тапсыруға жібереді. Донордың сараптама нәтижелері, жұмыстың орындалу барысы жүйеде бақылауда болады. Тұрғындардың да уақытын үнемдеуіне қолайлы, — дейді қан орталығының директоры Жәңгірхан Бахонов.
Айта кетейік, бағдарлама арқылы Атырау облысында тіркеуде тұрған донор жеке куәлігі арқылы жүйе іске қосылған Қазақстанның басқа қалаларында да тексеріліп, донор бола алады.