«Аға, қызыл майкаңызды маған беріңізші…» деген екен Бекзат Саттарханов кезінде Ермахан Ибраимовке

olrolr Жаңалықтар

Atr.kz/28 қаңтар, 2020 жыл. Бұл турасында даңқты спортшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Ермахан ИБРАИМОВ Атырауға келген сапарында айтып берді.

– Ермахан Сағиұлы, өзіңіз басы-қасында жүрген мұнайлы өңірде бокстан өтіп жатқан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты туралы сөз қозғасаңыз. Осындай жарыстарды өткізу ел боксының дамуына серпін бере ме?

– «Жайық» спорт кешенінде өтіп жатқан біріншілікте 2002-2003 жылы туған жастар бақтарын сынауда. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам спортшы жиналды. Осы жарыстан біз ел құрамасын жасақтап, оларды Азия, Әлем чемпионаттарына дайындаймыз. Спортшылар арасында бәсекелестік болмаса мықты спортшы шықпайды. Сол себепті, жастардың бойында жеңіске деген жігер қалыптасу үшін біз жыл сайын осындай біріншіліктер мен ірі ашық турнирлерді ұйымдастырып, олардың шеберлігін шыңдап негізгі ұлттық құрамаға дайындап беріп отырамыз. Олимп шыңын бағындырған Серік Сапиев, Данияр Елеусінов сияқтылардың бәрі алдымен осындай жастар арасынан шыққан. Кейін барып ересектерге ауысып, өздерінің мықтылығын дүйім жұртқа паш етті.

– Осы біріншілікте қолғап түйістіріп жатқан атыраулық спортшылардың аяқ алысы қалай екен? Олардың қатарынан ел құрамасының сапында бағын сынауға тұрарлық тұлғаны көре алдыңыз ба?

– Атыраулық жігіттер қай-қай кезде де өздерінің е ң б е к қ о р л ы ғ ы м е н , табандылығымен ерекшеленеді ғой. Осы сайысқа қатысқан жергілікті боксшылардың арасында мен әзірге былтыр ғана Азия чемпионы атанған Аманат Сабырғалиды бөліп атар едім. Ол болашағынан көп үміт күттіретін өте талантты боксшы. Атырау өңірі бәлкім осы чемпионатты өткізуді арнайы Аманат үшін қалап алып отырған болуы да мүмкін.

– Олимпиада чемпионы болған кезде қандай күйде болдыңыз? Ішкі дүниеңізде нендей өзгерістер болды?

– Елбасымыздың қолынан еліміздің көк байрағын қабылдап алғандықтан, менің бойымда бүкіл Қазақ елінің намысын арқалап шыққандай сезім болды. Шаршы алаңда тер төге жүріп ақтық сында чемпион болғанымдағы сезімді шыны керек сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Менің арқамнан бір қанат пайда болғандай, енді сәл уақытта аспанға қалықтап ұшатындай күйде болдым. Бірақ, арқамнан ешқандай қанат пайда болмады, мен ешқайда ұшпадым. «Ермахан, міне, сен Олимп шыңын бағындырдың, енді сен бұрынғы адами қалпыңда қалуың керек» деп өз-өзіме іштей үгіт жүргізіп тұрдым. Расымен, бір сәтке, ішкі түйсігіммен сөйлестім.

– Бүгінгі күні көп жастарымыз бір істі қолға алады да, кейіннен оның қиыншылығына төзе алмай бастаған ісін орта жолдан аяқсыз қалдырып жатады. Осы орайда оларға өз тарапыңыздан қандай кеңес берер едіңіз?

– Иә, бұл жастардың арасында өте жиі кездесетін жағдай. Мен де бокспен айналысып жүрген кезімде кей кезде қиын сәттер болғаны рас. Боксты тастай тұрып, уақыт өте келе қайта қолға алармын деген сәттерім де болды. Бірақ, сондай кездерде мені алға жетелеген екі тылсым күш болды. Қазақ әрдайым сөзге тоқтаған халық қой.

Сондай қиын кезеңдердің бірінде мені алғашқы жаттықтырушым Бағытжан Қарсабаев жеке шақырып алып: «Ермахан, сен боксты ешқашан тастама. Сен өте талантты боксшысың. Сен түптің түбінде міндетті түрде Олимпада чемпионы боласың» деген еді. Бапкерімнің осы сөзі менің миыма өшпестей болып жазылып қалды. Сол ой мені алға қарай жетеледі. Бойыма жігер берген екінші сөзді маған әкем айтты. Ол кісі : «Ермахан, үлкен спорт болған соң төрешілер немесе тағы басқалар сенің еңбегіңді жеуі мүмкін. Бірақ, менің тілейтінім, Алла сенің еңбегіңді жемесін, Жаратушың әрдайым жар болсын» деді.

Сондықтан, алға қойған мақсатқа жету үшін сен өзіңнің ісіңе берік, сол істі аяғына дейін жеткізуің керек. Ал, ол үшін ерінбей, тосқауыл болған қиындықтарды жарып өту керек. Биыл туғанына 175 жыл толып отырған Абай атамыз «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» дегендей, өзіңе, ақылыңа, біліміңе сенуің керек.

– Сидней төрінде көк туымызды биікте желбіреткен, қазақтың маңдайына сыймай кеткен ұлт мақтанышы Бекзат Саттарханов ініңіз турасында естеліктер айта кетсеңіз. Бүгінгі қоғам жарық жұлдыздай ағып өткен тау тұлғалы өренін лайықты бағалай алып отыр ма?

– Бекзат Саттарханов – тек қана Қазақстан боксының емес, әлемдiк бокстың эталонын көрсеткен спортшы. Әттең, найзағайдай жарқ еттi де, ортамыздан кете барды. Өздеріңіз білетіндей Бекзат екеуміз де Австралия құрлығында өткен Олимпиадада чемпион атанып Қазақ елінің мерейін көтеріп тастаған едік. Финалдық бәсекелер болатын күні, әрдайым ағалап тұратын ол маған келіп: «Аға, бүгін сіз көк бұрыштан шығады екенсіз. Қызыл майкаңызды маған беріңізші» деді. Мен: «Ол саған үлкен ғой. Әрі онымен шыққанда саған ыңғайсыз болады емес пе?» дедім. «Жоқ, түк те ыңғайсыз емес. Мен рингке чемпионның майкасымен шыққым келеді» дегені. «Інім-ау, мен әлі чемпион емеспін ғой» деп таңырқағанымда ол: «Мен білемін, Сіз міндетті түрде чемпион боласыз» деді. Қазір ойлап отырсам Бекзат сол сөзімен тек өзін ғана емес, қобалжып тұрған мені де шыңдап тұр екен.

Сондықтан, менің Бекзат батырымызға деген алғысым шексіз. Ол ағаға – жақсы іні, ата-анаға – адал перзент бола білді. Оның қоғамдағы бағалануына келер болсақ, жуырда ол туралы түсірілген «Бекзат» деген көркем фильмнің көрсетілімі болып өтті. Жұртшылық бұл түсірілімді жылы қабыл алды. Менің ойымша бұл фильм бұдан ертерек түсірілуі керек еді. Себебі, оның жүріп өткен өмір жолын білу жастарға аса қажет. Ол 20 жаста да осындай үлкен белесті бағындыруға болатындығын көпшілікке дәлелдеп кетті. Бес жылдың ішінде Олимп шыңына шықты. Шындығына келгенде ол Қазақстан чемпионы болып та үлгермеген еді. Ол – алға ұмтылу мен еңбектенудің зор табысқа жеткізетінінің шынайы көрінісі болып кетті. Осынысымен ол біздің есімізде мәңгі қалады.

– Қазір көпшілік жастар өздерінің өмірлік жолдарын таба алмай: «Менің жолым қандай? Мен немен айналысамын?» деген сұрақтардың шешімін таба алмай жатады? Сіз жастайыңыздан спорттың өміріңізге серік болатынын қалай түсіндіңіз? Өз жолыңызды қалай таптыңыз?

– Мен спортта жоғары жетістікке жететінімді бала кезден білген тәріздімін. 13-14 жасар кездерімде кешкісін үлкен сөмкемді арқалап қоғамдық көлікте келе жатамын. Сол кездерде ойлайтынмын: «Е, мына менің төңірегімде тұрған адамдар білсе ғой, кімнің қасында келе жатқандарын. Мен деген болашақ Олимпиада чемпионы емеспін бе?» деуші едім ішімнен. Осылайша мен әрдайым іштей өзімді сендіріп, өзімді қайраушы едім.

– Біз сізді Қазақ елінің м а қ т а н ы ш ы , қ о ғ а м қайраткері, тарихи тұлға деп білеміз. Осындай абыройды алып жүрудің өзі үлкен мәртебе. Бірақ, қазіргі кезде кейбір жастарға қарасақ қолына кішкене билік тиіп жатса «кеуделеріне нан пісіп» кетіп жатады. Ал, біз сіздің бойыңыздан қарапайымдылықтың озық көрінісін байқап отырмыз. Осы табиғи қасиетіңізді қалай сақтап қалдыңыз?

– Иә, расымен де, «жұлдызды ауру» деген болады. Ол ауруға шалдыққанын кейде «жұлдыздардың» өзі де білмей, байқамай қалып жатады. Осындай жағымсыз дертті бойыңа дарытпас үшін тұлға өз қарапайымдылығын сақтай отырып адамдармен қарым-қатынасын үзбеу керек. Уақытың болып жатса неге олармен суретке түспеске, неге оларға білген ақылыңды айтпасқа. Адам қарапайым болған сайын оның абыройы көтеріле береді. Ал, даңдайсып адамдарды менсінбей кетсеңіз, сол мезетте сіздің тірнектеп жинаған абыройыңыз құлайды. Сондықтан, қарапайымдылық – ол адамды биік мақсаттарға жеткізетін бірден-бір жол.

Сұхбаттасқан: Мұратбек ЖАҢАБАЙ

  • Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Жастар саясаты департаменті мен Атырау өлкесі тарихы, археологиясы және этнографиясы ғылыми зерттеу орталығы еліміздің белгілі тұлғаларының жастармен кездесуі бағытында «Саяси ринг» пікірталас алаңын ұйымдастырды. Бұл игі бастаманың алғашқы қонағы Сидней Олимпиадасының чемпионы, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері Ермахан Ибраимов болды. Шаршы алаңда өнер көрсете жүріп шартарапқа танылған саңлақпен болған жиынға университет ректоры Саламат Идрисов, оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Кездесу барысында Олимпиада чемпионы өзінің жеңіс жолындағы кейбір сәттері мен өмірде білген-түйгендерін жастармен бөлісті. Сұхбат барысында студенттер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз