Атырауда ағылшын тілін меңгергендердің қатары өсіп келеді
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы Мәншүк Мұханбетқалиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, ағылшын тілін меңгергендердің үлесі 2015 жылы – 10,1% болса, 2016 жылы бұл цифр 12,5%-ға дейін өскен. Ал, халықтың қазақ тілін меңгеруі жоғары деңгейде сақталып келеді. 2016 жылы бұл көрсеткіш 96,9 пайызды құраған.
«Орыс тілі бойынша көрсеткіштің төмендеуі байқалады. Ресми тілді меңгергендердің үлесі 2015 жылы 92% болса, 2016 жылы бұл цифр 91,1%-ға дейін төмендеді» деген спикер мұндай құбылыстың негізгі себебін орыс тілін білетін жастар қатарының азаюымен байланыстырды. Еске сала кетелік, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді» деп атап өткен болатын.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Өңірлік коммуникациялар қызметі.