Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда «ақылды қала» жобасы жүзеге асады

Биыл еліміздің «мұнайлы астанасы», шырайлы шаһар, өндірісті өңір, қазыналы өлке, жыр мекені, күй елі, ару Атырау қаласының құрылғанына 377 жыл толып отыр. Күн санап көркейіп келе жатқан қала тарихы тереңде жатыр. Алғашында Ақ Жайықтың жағасынан Үйшік болып кірпішін қалаған кішкентай қалашық бүгінде қарасаң көз тоймайтын сәулеті мен дәулеті келіскен сұлу шаһарға айналды.

88692191

Еліміз етек-жеңін жиып, өз алдына егемендігін алған мезгілде өңір экономикасы өркендеп, әлеуметтің әлеуеті өсті. Биыл да, өнеркәсіп өнімінің көлемі 225,7 пайызды құрап отыр. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе артық. Қазір шаһарда барлығы 9175 кәсіпорын тіркелген болса, соның сексені – ірі, 167-сі – орта және 8928-і – шағын бизнес нысаны.

Осы уақыт ішінде қаламызда қаншама өнеркәсіп пен өндіріс орындары, сауда, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да әлеуметтік нысандар салынып, көптеген жаңа мөлтекаудандар мен көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді десеңізші! Заңғар көкпен таласқан зәулім ғимараттар қала келбетін одан бетер көріктендіре түсті.

Айталық, осыдан екі жыл бұрын халық игілігіне 491 пәтерлік бес үй берілсе, биыл 1050 пәтерлік 21 үйді тапсыру жоспарлануда. Одан бөлек, тағы 47 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. Алдағы уақытта тағы 13 мектептің құрылысы бастау алмақ. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи қала тарихында мұндай жоғары құрылыс қарқыны бұрын-соңды болмағанын және егер бұл жоспар іске асса, облыстық білім саласындағы бірқатар мәселені жоюға болатынын айтады. Сондай-ақ, қазір мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 20 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда.

– Өңірдегі маңызды мәселелердің бірі — жолға қатысты екенін жақсы білесіздер. Бұл да облыс әкімінің тапсырмасымен өз шешімін тауып жатыр. Жыл соңына дейін Атырау қаласы мен оған қарасты елдімекендерде 201 шақырымдық 311 көшеге асфальт төселеді. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік шеңберінде көшелерде жарықтандыру жұмыстары да қолға алынуда. Бүгінде қала маңындағы жолдарға қатысты тұрғындардан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Осы орайда, жыл аяқталғанға дейін Атырау-Дамба, Атырау-Еркінқала, Атырау-Бесікті жолдарының бойы қазіргі заман талабына сай жарықтандырылатынын атап өткім келеді. Оған қоса, сол тас жолдардың бойында орналасқан ауылдардың ішкі көшелеріне де жарық шамдары орнатылады, — дейді Мейірім Қалауи.

Астана қаласында «Ақылды қала» жобасы енгізіліп, сәтті жүзеге асырылған болатын. Ол тұрғындармен тікелей тілдесуге жол ашады. Сол жобаны Атырауда да іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жерде «ақылды қала» деп отырғанымыз – электронды мобильді қосымша. Бұдан былай, кез келген атыраулық бұрынғыдай қағазға арыз жазып әуре болмайды. Бар болғаны қолындағы ұялы телефон арқылы әр салаға қатысты өз ұсыныс-пікірі мен өтінішін ашық білдіре алады. Тіпті, фотоайғақтар мен бейнематериалдар болса, қоса тіркеп жолдай алады.

Қосымшаның тағы бір артықшылығы, білім беру мекемесіне бармай-ақ, балаңыздың қай балабақшаға жолданғаны жөнінде хабарлама алатын боласыз. Бұл қызметтің бәрі де өте ыңғайлы, әрі тегін. Әлі-ақ жаңа жобаның жергілікті атқарушы билік өкілдері мен халық арасын жалғайтын «алтын көпірге» айналарына шүбә жоқ.

Амандық АБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button