«Атырау» өз алаңында есе жіберді
Премьер лига командаларының арасында футболдан ел чемпионатының кезекті турында «Атырау» «Мұнайшы» стадионында турнир кестесінің екінші сатысында келе жатқан Алматының «Қайратын» қабылдады.
Биылғы біріншілікке қос команданың екі кездесінен 4 ұпай қанжығалаған жерлестеріміз бұл ойында алматылықтарға есе жіберді. Алаңда меймандар арасынан жаңадан қосылған Чума Анен ерекше көзге түсті. Ол ойынның 74 минутында «Атырау» қақпашысын қапы қалдырып, ойын тағдырын шешіп жіберді.
Қазір жерлестеріміз 25 ұпаймен турнир кестесінің тоғызыншы сатысында келеді. Келесі қарсыласымыз – азулы «Астана» командасы. Атыраулықтар олармен 9 қыркүйекте Елордада кезеседі.
Ел біріншілінің екінші тобында өнер көрсететін 21 жасқа дейінгі жастардан құралған «Атырау М» командасы өткен турда «Таразды» қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнады. Қазір олар 21 ойыннан кейін 37 ұпаймен төртінші орында келеді. Ал, көш басындағы «Алтай», «Қайрат» командаларының жастары тиісінше 52 және 46 ұпайдан жинады.
Бақытжан ЖҰМАТ