ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУГЕ – ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ

Жұмыскер, «Өркен», «Өркен-2» және Рембаза ауылдарын біріктірген, 17 мыңға тарта тұрғыны бар Жұмыскер ауылдық округі әкімінің есеп беру жиынына қала басшысымен бірге, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те қатысты.

 

Аумағы қаламен ұштасатын округте бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік ерекше қарқынмен дами бастады. Жұмыскер ауылдық округінің әкімі Қайрат Хабиевтің айтуынша, кәсіпкерлік нүктенің саны 92-ге жетіп отыр. Былтыр жиһаз цехы мен наубайхана ғимаратының құрылысы басталды. Қазір ауылдық округтің аумағынан көлемі 612 шаршы метрді құрайтын жаттығу (фитнес) залы, «Реал Спорт» деп аталатын футбол алаңы салынуда. Олар үстіміздегі жылы толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жайық жағалауынан «Аквапарк» құрылысына жер телімінің бөлінуі де – елдің жайын ойлағаннан туған жоба.

 Жергілікті жердегі басты мәселелердің бірі – округке қарасты елді мекендердің көшелерін асфальттау, жөндеу жұмысы. Оның түйінін көпшілікке облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов айтып берді.

– Жұмыскер ауылдық округінің көлеміндегі жолдарды жөндеуге үстіміздегі жылы 2,5 млрд. теңге бөлінуде. Сонымен қатар, аталған округтің аумағынан наурыз айында 200 орындық мәдениет үйі, 250 адамға есептелген емхананың құрылысы (маусым айында) басталады, – деді аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.

 Алқалы жиында сөйлеген ауыл тұрғындары Кенже Досмұханбетова жол құрылысының жайын айтса, Құлназар Молдағалиев емхана мен мәдениет үйінің қажеттілігін баяндады. Жұмыскер дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Меруерт Өтеғалиева көлік мәселесін сөз етсе, Бөкенбай Ғұмаров, Есжан Ақсеріков жергілікті жердегі шешімін күткен өзге де жағдайларды тілге тиек етті.

Басқосуға қатынасушылар Жұмыскер ауылдық округі әкімі Қайрат Хабиевтің есебін «қанағаттанарлық» деп таныды.

Азамат БАЗАРБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз