Атырау облысында полимерлер өндіру жобалары іске асырылуда
Өндірілетін көмірсутек шикізатын терең қайта өңдеу, яғни қосылған құны жоғары мұнай-газ-химия өнімін өндіру Қазақстанның мұнай-газ саласын одан әрі дамыту бағыттарының бірі болып табылады.
Халықаралық талдамалы компаниялардың деректері бойынша (McKinsey, IHS) әлемдегі халық санының өсуі және жан басына шаққандағы табыстың артуы 2030 жылға қарай мұнай-газ-химия өнімін тұтынудың (қазіргі 1 трлн. АҚШ долларынан) 1,8 трлн АҚШ долларына дейін 2 есеге өсуіне әкеп соғады.
Бұл ретте полипропилен және полиэтилен сияқты ең қажетті полимерлерді әлемдік өндіру (барлық полимерлерді жалпы тұтынудың 60%-ы) 2030 жылға дейінгі барлық анонсталған жобаларды іске асырған жағдайда да сұраныстан төмен болады.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, осылайша Platts және IHS халықаралық маркетингтік компаниялардың деректері бойынша 2030 жылға қарай полипропиленге деген ұсыныс 90 млн тонна болған кезде сұраныс 98 млн тоннадан асады. Сондай-ақ, полиэтиленге деген ұсыныс шамамен 120 млн тонна болған кезде сұраныс 160 млн тоннаға дейін артады.
Қазақстандағы мұнай-химия өндірісін дамыту мүмкіндіктерінің оң бағасы көптеген зерттеулердің, соның ішінде Exxon Mobil, Shell сияқты халықаралық мұнай-газ өндіретін компаниялардың және Nexant консалтингтік компаниясының нәтижелерімен расталған.
Әлемдік үрдістерді, атап айтқанда көмірсутекке баламалы энергия көздерін белсенді іздеуді ескере отырып, перспективада мұнай-газ-химия өндірілетін мұнай және газды негізгі тұтынушы болатындығы болжануда.
Сондықтан, барлық мұнай-газ саласының даму қарқынын сақтау үшін басқа да мұнай өндіретін елдер сияқты Қазақстанның Үкіметі де мұнай-газ-химияға ерекше назар аударуда.
Заманауи мұнай-газ-химия өндірістерін ұйымдастыру үшін мемлекеттік қолдаудың айтарлықтай шаралары қабылданды.
Атап айтқанда, Атырау облысында арнайы мұнай-химия аймағы құрылды. Онда салық және кеден артықшылықтары қолданылады. Шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетілген. Жобалау және құрылыс кезінде халықаралық стандарттарды тікелей қолдану мәселесі шешілген. Бұл жобалардың құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Жобаларды дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету күрделі шығындарды 20% дейін және операциялық шығындарды 15% дейін қысқартуға мүмкіндік беретіндігін ескере отырып, мемлекет аталған АЭА инфрақұрылымын салуды қаржыландыруда.
Атырау облысындағы арнайы мұнай-химия аймағының аумағында полипропилен және полиэтилен өндіру бойынша жобалар іске асырылуда.