БАҒДАРЛАМА БАР, ОРЫНДАЛЫСЫ ҚАНДАЙ?

Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Астанадағы алқалы жиынға аталған құрылымның Атырау облысы бойынша департаменті жанындағы қоғамдық кеңестің мүшелері тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы қатынасты. 

 

Бағдарлама: жетістігі мен кемшілігі

Елімізде 2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы салалық бағдарлама жасақталған болатын. Қоғамдық кеңестің отырысында оның жетістіктерімен қатар, кемшіліктері де ашық айтылды. Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі Төлеген Ибраевтің айтуынша, өзі жетекшілік ететін сарапшы тобына прокуратура, жоғарыда аталған агенттік, өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдері енген. Олар Атыраудан өзге, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында болып, бағдарламаның орындалу барысымен танысыпты, кәсіпкерлермен, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, жалпы жұртшылықпен жүздескен.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы салалық бағдарламаның аясында жасалған жұмыс жеткілікті. Қажетті заңдылықтарды жетілдіру, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында жүйелі шаралар жүзеге асқан. Алайда, орын алған олқылықтар да аз емес, – деген халық қалаулысы оның бірқатарын көпшілікке жеткізді.

Ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен жалпы көлемі 362,5 млн. теңге қаралыпты. Түптеп келгенде, оның жартысы ғана бөлінген. Ал, жалпы игерілген қаржының көлемі 58,4 млн. теңгені құрайды. Сарапшы тобының жетекшісі бағдарламадағы 10 көрсеткіштің тек 5-уі ғана толық орындалғанына ерекше тоқталды. Қоғамдық кеңестің отырысына бейнебайланыс жүйесі арқылы қатынаса отырып естігеніміз, Қазақстан жемқорлықпен күресуші мемлекеттердің тобы (ГРЕКО) және жемқорлық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік, қылмыстық жауапкершілік туралы конвенцияға қосылуға күш салуда. Бұл бағытта қазірдің өзінде қол жеткен табыстар бар. Әйткенмен, еліміз әлем бойынша жасақталатын сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі тізіміндегі орнын әлі жақсарта қоймапты. Бұл  орайда  алдымен білім саласы  тілге оралатын. Байқап көрсек, бүгін де жағдай өзгермеген көрінеді. Әрбір алтыншы қылмыстың аталған салада орын алатындығы соның көрінісі. Халыққа жер беруде «бармақ басты, көз қысты» жағдай көп. Ішкі істер органдары мен кедендік жүйеде де жең ұшынан жалғасу тиылмай келеді. Мысалы, құзырлы орындар «Қорғас», «Қордай» кедендік бекеттеріндегі бірнеше былық-ты анықтады. Олардың мемлекетке келтірген залалы 100 млн. доллардан астам соманы құрап отыр.     

Жемқорлық жиі кездесетін сала

Қоғамдық кеңеске қатынасушылар қоғам дертіне қарсы күрес күнделікті жиын, «дөңгелек үстел», өзара пікір алмасумен ғана шектелетіндігіне айрықша тоқталды. 

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасымыздың назарындағы басты мәселе. Оның алдын алу, болдырмау мақсатында біз кешенді жұмыстар жүргізуіміз қажет. Мұны тек құзырлы орынның иығына артып қойған да жөн болмайды. Ендеше,  бұл – жалпы қоғамның міндеті, – деді  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы салалық бағдарлама мақсатының бірі – лицензиялауды қажет ететін қызметтің түрлерін шектеу, жемқорлықтың орын алуына жағдай туғызбау болып табылады. Алайда, бұл жақсы ойластырылған шара саналғанымен, орындалуы кемшін көрінеді. Сонымен қатар, әрбір министрлікте қоғам дертіне қарсы күресте «сенім телефондары» қойылған. Дегенмен, олардың көпшілігі жұмыс істемейтін болып шықты. «Сонда біз кімді алдаймыз?» деді қоғамдық кеңестің мүшелері.

Алқалы жиында жемқорлық жиі ұшырасатын сала аталды. Ол мемлекеттік сатып алу жүйесі екен. Оны сауықтыру бағытында қанша жұмыс жүргенімен, ахуал әлі  айыға қоймапты. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстан облысында 8,6 млрд. теңге көлеміндегі мемлекеттік сатып алу кезінде 143 жемқорлық қылмыс анықталған. «Осындай жағдай өзге аймақтарда да жиі кездеседі» деді жиынға қатынасушылар. Сондықтан, мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін талапты күшейту, жауапкершілікті үстемелеу қажеттілігі айтылды.

Азамат  БАЗАРБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз