Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Атырау» газетінің Мақат ауданындағы күндері өтті

Дәл қазір отандық ақпарат айдынында бір жарым мыңдай газет бар. Оның төрттің біріндейі ғана қазақ тілінде шығады. «Қазпошта» мекемесінің дерегінше, жыл сайын шамамен  2,5 млн. адам газетке жазылады екен.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba

«Интернет үстемдік құрған заманда газеттің болашағы жоқ» дегенді де естиміз. Бірақ, газет көтерген мәселенің шешілмей қалған күні жоқ. Газет бетінде жарияланған әр қызықты мақалаға тақырып ұсынатын халықтың өзі. Халықтың тағдырына бейжай қарамаған газет арқылы айтулы мәселелер көтеріледі, өңір өмірі – осы газеттердің беттерінде жарияланады.

Қазір қолына қалам ұстаған  журналистер қауымы үшін  аса маңызды науқан – 2017 жылдың баспасөзіне жазылуы жүріп жатыр. Жылдағы дәстүр бойынша «Атырауға» жазылудың жүріп жатқанына да біраз болды. Редакцияның шығармашылық ұжымы бұған дейін Исатай, Махамбет және Құрманғазы аудандарында оқырмандармен, белсенді тілші-авторлармен кездескен болатын.

Өткен аптада редакция өндірісті аудан орталығы – Мақатта болып, газет жанашырларымен ой бөлісті. Қай кезде де баспасөз ұлт мүддесін жоғары қоятын, лауазымды, ел басқарған азаматтардың қолдау-көмегін күтетіні белгілі. Газет жанашыры — Мақат аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев ауданға ат басын тіреген облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің басшылары мен журналистерін қабылдап, баспасөзге жазылу науқанының ұйымдастырылу барысынан хабардар етті.

Бұдан соң аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыстық «Атырау» мен «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары газет оқырмандарымен өзара пікір алмасты. Басқосуды аудан басшысы Берікқали Жоланұлының өзі ашып, жүргізіп отырды.

Мақат – 1924 жылы құрылған облыстағы байырғы өндірістік аудан. Жер аумағының көлемі 487 мың гектарды құрайды. Мақат, Доссор кенттік және Бәйгетөбе ауылдық округтерінен тұратын аудандағы халық саны –30,2 мың. Олар жыл сайын бір жарым мың данадан астам облыстық «Атырау» газетін жаздырып алдырады.

«Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов оқырмандарға тоқсан үш жылдық тарихы бар газеттің өткен тарихы мен бүгінгі тынысынан хабардар етті.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba2

— Жиырма мыңыншы нөмірін жарыққа шығарып отырған газеттің тарихы тереңде жатыр. Бір кездері аптасына бес реттен шығып тұрса, кейінгі жылдары үш рет, ал, биылдан бастап екі рет шығып келеді. Журналистер қаламынан туған көпшілікке ой саларлық мақалалар жалпы оқырманның көңілінен шығып, жүректеріне жол тауып жатса, ұжым еңбегінің жанғаны деп білеміз. Бүгінгі кездесу барысында сіздерді ашық әңгіме мен еркін пікір алмасуға шақырамын. Оқырман ретінде  нендей мәселелер толғандырады, болашақта қандай тақырыптардың газет беттерінде қозғалғанын қалайсыздар, — деді бас редактор.

— Ұжымның алған асулары мен жеткен жетістігін газет көлемі мен өздері тақылеттес облыстық басылымдармен салыстыру арқылы да бағамдауға болады. «Атырау» газетінің дизайны, көркемделіп беттелуі, материалдарының мазмұн алуандылығы, өзектілігі оқырмандардың көңілінен шығып келеді. Мәселен, өңірдегі мәдени мұралар, көне тарихи ескерткіштер туралы газетте тұрақты берілуі, шалғай жатқан ауылдарға әріптестеріміздің арнайы экспедициялық сапарға шығуы да құптарлық жағдай. Болашақта біздің оқырмандарымыз өндірістік ауданның жақсы жаңалықтарын, өнері мен мәдениеті саласындағы жетістіктерін аға газет бетінен  көбірек оқығанды қош көреді. Қазір бұрынғыдай аудан тынысын облысқа жария қылатын меншікті тілші болмағандықтан, жергілікті тілші-авторлардың да бұған белсендірек атсалысқанын қалар едім, — деді алғаш болып сөз алған әріптесіміз, аудандық «Мақат тынысы» газетінің бас редакторы Гүлзада Саликова.

— Кәсібінің қыр-сырын ұғындырар мамандардың еңбек тәжірибесі, спорт пен мәдениет жаңалықтары, орта және шағын бизнестің дамуы, әлеуметтік мәселе, тарих тәбәрігі газеттің әр санынан орын алып, оқырман пікірлері мен ұсыныстарымен әркез санасып отыруды жұмыс тәжірибемізге енгіздік. Газет оқырманымен оқылымды, сөзімен қуатты бола алады.  «Тілші хаттары негізінде дайындалатын «Сырқайнар» беті мен «Жазылған жайдың жаңғырығы», «Мәселенің мәнісі», «Сұраңыз, жауап береміз» айдарлары тұрақты беріліп келеді. Басылымның айтқаны мен көңілге түйгені көп болса, айтары одан да көп, — деді бұл пікірді әрі қарай сабақтаған Исатай Құндызбайұлы.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba3

— Оқырманмен байланыс жасау біз үшін аса қиын емес. Орыс тілді басылым болғанымен, бізде аудармашылар қызмет етеді. Кез келген уақытта қазақ тілінде жазылған хатыңызға жауап та беріледі. Қажет  болған жағдайда аударып, орыс тілінде басамыз, — деді «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева. -Тұрмыс түйткілде-рін тікелей зерттеп жазар тілшілеріміз бар. Әрине, кез келген мәселенің нәзік қылын үзіп алмай, кейіпкерді де, оқырманын да разы қылар дүние жазу – тілші шеберлігіне байланысты. Бұл ретте газеттердің тәжірибесі жетерлік.

— Кейбіреулер Мақатты шағын ғана аудан деп жатады. Мен бұған келіспеймін. Мұнда да 30 мыңнан астам халық тұрады. Ауданның алып жатырған жер көлемі аз болғанмен, халқы, кен байлығы, жайылымы осы жерге сыйып тұр. Тәуелсіздік жылдарында ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарды. Халықтың тұрмысы түзелді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері көбейді. Салықтық түсімдер молайды. Ауданымыз ел Тә-уелсіздігінің 25 жылдығын толағай табыспен қарсы алғалы отыр. Мұнайшылар мен газшылар, теміржолшылар еселі еңбек ортасында біте қайнасып, еңбек етуде. Ауданда әлеуметтік мәселелер оңды шешімін табуда,- деген аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев облыстық «Атырау» мен «Прикаспийская коммуна» аудандық «Мақат тынысы» газеттеріне жазылушылар саны жылдағыдан артпаса, кемімейтінін айтып, бізді қуантып тастады.

 

Сіз не дейсіз?

Жандарбек ҒҰМАРОВ, аудан әкімінің орынбасары:

Құлшынысты арттырар еді

—  Соңғы кезде мәдениет пен спортта түрлі деңгейдегі сайыстарда жақсы нәтижелерімен тек ауданды ғана емес, облыс намысын сәтті қорғап жүрген жерлестеріміздің қатары көбейіп келеді. «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің беттерінен өнер мен спорт саласындағы саңлақтарымыз, оларды байрақты бәсекелерге дайындаушы жаттықтырушылар мен мамандардың қосып келе жатқан үлесі жайлы кеңірек жазылғанын қалар едік. Газетте олар туралы суретімен мақалалар шығып жатса, кім-кімнің де құлшынысы артады ғой.  Ал, тынымсыз еңбегінің нәтижесін газет арқылы көрінгені кімге де абырой емес пе?

Кәсіподақ өмірі кеңірек жазылса…

Самат МҰХАНБЕТОВ, «Доссормұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасы бастығының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары:

— Жалпы, аудандағы жаңалықтың бәрін «Мақат тынысы» газетінен оқимыз. Ал, облыстық «Атырау» газетінен облыс жаңалығынан хабардар болатынымыз рас. Дегенмен, мұнай-газ өндірушілердің әлеуметтік мәселелерін шешуде жасалып жатқан жұмыстар басылымдарда сиректеу жазылады. Қызметкерлер мен олардың балаларының демалыстарын ұйымдастыру, кәсіподақ ұйымдарының рөлі жайлы мақалалар көргіміз келеді.

Самал ШАЛАУОВА, Абай атындағы орта мектептің мұғалімі:

Озат тәжірибе – көпке ортақ

— Мен Абай атындағы орта мектепте жұмыс жасаймын. Жергілікті және облыстық газеттерді жаздырып, алдырып тұрамыз. Басылымдардың бетінде балалар мен жастарға арнал-ған тәлім-тәрбиелік мән-маңызы зор оқылымды материалдар көптеп берілсе деймін. Мектебімізде өзінің ұстаздық қызметіне адал, жас мұғалімдерге берер өнегесі көп, тәжірибелі әріптестерім баршылық. Олар тәрбиелеген шәкірттер түрлі пәндік олимпиадалардан озып шығып, бүгінде жоғары оқу орындарында үздік оқуларымен мақтанышымызға айналып жүр. Меніңше, газет бетінде ұлағатты ұстаздардың сабақ беру тәсілдері мен жетістіктерге жетудің сырынан кеңірек мағлұмат беретіндей озат тәжірибелері жарияланып тұрса, әріптестеріміздің мерейі өсер еді.

Азамат ШАНҒАЛАЕВ, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Табысқа жетудің сыры неде?

— Ауданымызда нарық талабына тез бейімделіп, өндіріс, халыққа қызмет көрсету орындарын ашып, адамдарды жұмыспен қамтып, шаруаларын дамытып отырған кәсіпкерлер баршылық. Десек те, қазір өңірде айына 50-60 мың теңгені табыс құрлы көрмейтін, мол ақша болмаса, жұмыс жасамаймын деп шалқаятын, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруге құмар жандар кездесіп қалады. Сондықтан, облыстық газеттердің бетте-ріне шағын және орта кәсіп иелерінің сол табысқа қалай жеткендігі, өнім өндіру, жұртшылыққа қызмет көрсету сапасы туралы материалдарды көберек бергеннен ұтпасақ, ұтылмайтын шығармыз.  Сондай-ақ, баяғы кеңес заманындағыдай масылдық психологиядан әлі арыла алмай жүрген кейбір азаматтардың ойына ой салып, түйсігіне жетерліктей  материалдар берілгенін де қалар едік.

Исатай Балмағамбетов:

— «Атырауда» «Кәсіп және нәсіп», «Кәсіпкерлік қадамдары», «Инновация иірімдері» сияқты айдарлармен жарияланатын мақалалардан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлікті ашу, несие қаржы алу жолдары, жаңа заңнамалар мен нормативтік құқықтық актілердегі өзгерістер, табысқа жету сырлары туралы тоқсан сайын «Бизнесмен» арнайы қосымшасы да беріліп келеді. Әріптестерім шама келгенше масылдық пиғылдан арылу туралы  оқырмандарға жеткізуге тырысып жатады. Бұл бағыттағы жұмысымызды әрі қарай жалғасыратын боламыз.

Танымал тұлғалар өмірі қызықтырады

Мақсот ҚАЗИЕВ, «Доссормұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасы «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымының жетекшісі:

— Қазыналы өңірдің шынайы айнасына айналған облыстық газеттерді үнемі алып, түрлі жаңалықтар мен ой саларлық мақалаларды оқып тұрамыз. Болашақта «Атыраудың» бетінен осы өңірден түлеп ұшып, Алматыда, Астанада, алыс-жақын шетелдерде тұрып жатқан мемлекет, қоғам қайраткерлері, көрнекті ғылымдар, өнер мен мәдениет саласының майталмандары туралы тұрақты жазылса, жақсы болар еді. Туған жердің атақты адамдарының  өнегелі өмір жолдарын кейінгі толқынның білгені дұрыс қой.

Исатай Балмағамбетов:

— Өте орынды және дер шағында айтылып жатқан пікір. Қазір «Атырау» газеті редакциясы бойынша «Атыраудан түлеген ақиықтар» жаңа айдарын ашып, жаңа өзіңіз айтқандай, ару қалаларымыз – Астана мен Алматыда және басқа елдерде тұратын жерлес белгілі тұлғаларымыз туралы жазуды жұмыс жоспарымызға енгізіп отырмыз. Қоғам, мемлекет, әдебиет пен өнер қайраткерлері жайлы мақала, очерктерді оқырмандар оқиды деген үміттеміз.

 

Ой. Пікір. Ұсыныс

Бейжай қалдырмайтын тақырып

– Биыл Тәуелсіз елімізге 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде облыс көлемінде жағымды жаңалықтар көп болды. Оның бәрін газет бетінен көріп те отырмыз. Алдағы уақытта көп балалы аналар мен жалпы отбасылар тәрбиесі, оларды қолдау бағытындағы жұмыстарды көбірек жазсаңыздар екен. Әсіресе, қарапайым жұмысшы және үй шаруасындағы әйел-аналардың тынымсыз тірлігі, ене мен келін арасындағы кейбір түйткілді жайттар, ата-ананың бала тәрбиелеудегі көпшілікке беймәлім қырлары да оқырмандарды қызықтыратын тақырыптар деп ойлаймын. Өйткені, бүгінгі күні бала тәрбиесіне алаңдаушылық танытып отырған отбасылар жетерлік.

Ләйла АЙСАҒАЛИЕВА,

көп балалы ана.

Сын түзелмей, мін түзелмес…

– Ауданда бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып, өз жетістіктерімен мақтанышымызға айналған спортшыларымыз баршылық. Бірқатары республикалық, халықаралық байрақты бәселелерден жүлделі орындарға ие болып, шетелдерге шығып, әлем елдері арасында бақ сынап келіп жүр. Дегенмен, ауылдағы жанкешті жұмысымыздың жүзеге асыратын спорт ғимараттары өркениеттіліктен әлдеқайда алшақ жатыр. Қарапайым халықтың спортпен айналысуына ауданда жағдай жоқ. Өйткені, бұрын спорт кешені болған ғимарат бүгінде жасөспірімдер мен балалар спорт мектебіне берілді. Онысы әбден ескіріп, жуынатын, киінетін бөлмелер талапқа сай емес. Ауылдардағы бұқаралық спортты дамыту мәселесін облыстық басылым беттерінде көтеріліп, жазылған жайттардың нәтижесі көрініп жатса, қандай ғанибет! Газетте спорт тақырыбының тұрақты беріліп тұрғанын қалар едім.

Әділбек ЕРҒОЖИЕВ,

аудандық дене шынықтыру және

спорт бөлімінің басшысы.

Бұқара үнімен сабақтас

– Күнделікті тыныс-тіршілігімізді басылым беттерінен оқып, зейінімізге түйіп жатамыз. Себебі, рухани дүниемізді жаңғыртып, жаңалықтар мен ғибратты әңгімелерді тоғыстырған «Атырау» газеті де солардың санатында. Жергілікті баспасөз беттерінен аудан тынысымен таныссақ, облыстық газеттерден аймақ жаңалықтарын уақытылы білуімізге мүмкіндік мол. Газетті үнемі жаздырып алу біздің жадымыздан шыққан емес. Алдағы жылға да жазылып, түбіртегімізді сақтап отырмыз. Өйткені, асыға күтетін басылымның беттерінен жаңа айдарлар ашылып, оқырманның талап-тілегінен шығатын материалдардың көптеп жариялануы қуантады.

Бүгін де жас ұрпақ тәрбиесі үшін халықтық педагогиканы кеңірек насихаттау маңызды болып отыр. Жастардың түрлі жат ағымдарға арбалып, ұлт тәрбиесіне қайшы әрекеттерге барып жататыны қынжылтады. Олардың санасына халқымыздың салт-дәстүрін тереңірек сіңіріп, бос уақыттарын керексіз дүниелерге бұрмай, тиімді пайдалануларына баспасөздің маңызы зор. Сондықтан, газет бетінде тәрбиелі істерге бағыт берер айдарлар ашылса, нұр үстіне нұр болар еді деген ұсынысымды жеткізгім келеді.

Жыл өткен сайын «Атыраудың» көркемдік безендірілуі де ерекшеленіп, тарихы терең басылымдағы тәжірибесі толысқан журналистердің еңбектері бұқараның үнімен сабақтасып жатады. Тілі тартымды, жүйеленген материалдарды газет бетіне орналастырудың да өзіндік шеберлігі байқалып тұрады. Еріксіз оқырман назарын аудартатын тақырыптары да түйінді ойды танытады. Келешекте де осындай кең мазмұнды рухани дүниелерді жариялауды жоспарға алған газеттің өз оқырмандарын қуанта береріне сенеміз.

Дәмен АЛТАЕВА,

«Атыраудың» байырғы оқырманы, зейнеткер.

 P.S. Баспасөзге жазылу – ерікті нәрсе. Дегенмен, сенімді, әрі шынайы ақпарат алғысы келген, елінің ғана емес, өзінің де тағдырына бейжай қарай алмаған кез келген азаматтың газетке жазылудан қалыс қалмасы анық. Ендеше, уақытты оздырмай, өзіңіз тұратын мекендегі «Қазпошта» бөлімшесіне бас сұғып, мерзімді басылымдарға жазылуды ұмытпаңыз. Оның ішінде біреуі өзіңіздің «Атырауыңыз» болсын, қадірлі оқырман!

Бақытжан ЖҰМАТ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button