Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚұқық

Атырауға контрабандалық алтындар қайдан келеді?

Жуырда Атырауда жасырын казино анықталды. Заңсыздық жасағандар қаланың қақ ортасындағы бұрынғы кинотеатрға тығылыпты. Ақшаның соңына түсіп, делебесі қозғандардың көңілінен шығуы үшін тынымсыз тірлік жасаған. Алайда, экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері бассыздыққа тосқауыл қойып отыр.

image

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистермен алғаш рет жүздескен облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының жаңа орынбасары Дәулет Ақылбеков бұл келеңсіздіктің анық-қанығын айтып берді.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға байланысты бүгінде сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр. Біздің департаменттің өкілдері нысанды тексеру кезінде ойын ойнайтын стол, электронды рулетка, теледидар, басқа да жабдықтармен бірге 68 мыңнан астам АҚШ долларын, 18,8 млн. теңгені тапты. Құқық қорғау органдары тегеуірінді талап қойып, жүйелі жұмыстар жүргізгенімен, өкінішке орай осындай да жағдайлар кездесуде, – деді Дәулет Ертайұлы.

Облыста заңсыз букмерлік қызметпен айналысушылар анықталып жатыр. Олардың көпшілігі лицензия алмай, жұмыс жасайды екен. «Лотериялық ұтыс ұйымдастырамыз» деп халықтың қалтасын қағатындардың қызметі де бақылана бастады. Брифинг қонағы қазір заңда қаралмаған қызметпен айналысуға байланысты 42 сотқа дейінгі тергеу жүргіліп жатқанын айтты. 35 іс сотқа жолданып, 22 кінәлі адамға 4,5 млн. теңге айыппұл салынған. Екеуі бір жыл мерзімге сотталса, 17 тұлғаның заңсыз жолмен табылған мүлкі тәркіленіп, бостандығы шектелген.

Департамент басшысының орынбасарына «Атырау» газетінің тілшісі ломбардтардың қызметіне қатысты сұрақ қойды. Өйткені, соңғы кездері контрабандалық жолмен келетін алтын бұйымдардың, ұрланған заттардың осындай нысандар арқылы сатылатындығы жөнінде ел арасында әңгіме айтылып жүр.

Иә, ломбардтарда түрлі жағымсыз жағдайлар орын алады. Оған жол бермеу үшін кеден қызметімен бірге шетелден, атап айтқанда, Түркиядан келушілерге ерекше маңыз беріп отырмыз. Олардың заттарының арасынан күдік тудыратын пакет, басқа да заттарды байқасақ, көзінше тексереміз. Бізге негізінен контрабандалық алтын бұйымдары Ресей арқылы келеді. Олармен арада Экономикалық одақ болуымызға байланысты қызметіміз күрделеніп жатады. Соған қарамастан заңсыз өнімге тосқауыл қоюдамыз. Айта кетейін, былтыр Атырау облысына 1200 келі алтын әкелініп, сатылған, – деп жауап берді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының жаңа орынбасары Дәулет Ақылбеков.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button