«Адамдар бұл дүниеге қонақ екен…»

Естел¦к Жаңалықтар

1993 жыл. Жаз айы. Ең алғаш Дәулеткерей атындағы мәдениет және өнер институтына емтихан тапсыруға келіп тұрған кезім. Машинадан сұңғақ бойлы, ақ көйлек, қара шалбар киген, шашын жанына қайырған, кең маңдайлы, жарқын жүзді Амантай ағамыз бен аққұба келген  сымбатты Гүлнәр апамыз түсіп келеді…

Естел¦к

Келгеніміз сол еді, жүрегіміз лүпілдеп, алғашқы емтиханымыз да басталды. Режиссер Жамбылбек Есенбеков, Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Гүлнәр Жақыпова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амантай Сұлтанғалиев ағамыз бізден емтихан алды.

Бұл тұңғыш рет кәсіби әртістермен жақын жүздесуім еді. Қазір бәрі кешегідей көз алдымда… Кейіннен осы оқуға түскеннен кейін театр-ға барып, сахнадағы кәсіби әртістердің ойынын көріп жүрдік. Сонда Амантай ағамыздың актерлік шебер-лігіне таңданатынбыз. Оның домбыра тартып, ән салғанынан бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай күй кешетінмін.

Бала кезімізде түстен кейін сағат үште ауылдық мәдениет үйіне киноға баратынбыз. Сол кезде режиссер Эльдар Оразбаевтың «Транссібір экспресі» фильмінде «Өмірге  аңсап туып, асыға өткен, Дүниеге адам қонақ ескен желдей…» деген әні айтылатын. Қазақтың әйгілі актері, режиссер Шәкен Айманов орындаған ән құлағымда қалып қойған. Осы әнді орындаушыны көзіммен көріп, тыңдасам деген арман қалған еді. Міне, содан кейін осындай керемет әннің шырқалуын Амантай ағамыздың орындауында естідім. Амантай ағамыз әнді жан дүниесімен, жүрегімен айтушы еді. Оны тыңдап отырып, орындау шеберлігіне сүйсінбеу мүмкін емес-ті.

Амантай Сұлтанғалиұлы 1947 жылы 1 мамырда Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында дүниеге келген. Өз ауылында мектеп бітіріп, Жылыой ауданының Сарықамыс елдімекенінде еңбек жолын ішкі істер органында милиционер қызметінен бастаған. Өзінің туа біткен табиғи таланты, өнерпаздық қасиетімен көркемөнерпаздар үйірмесінде ән айтып, кейін аудан сахнасына шығыпты. 1964 жылы жазушы-драматург Берік Қорқытовтың «Ақбөбек» спектакліндегі басты рөл Қа-йыптың образын сомдап, ау-данға, облысқа танылыпты. Үлкен өнер жолын 1967 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы Атырау облыстық Махамбет Өтемісов атындағы драма театрына келіп, қатардағы әртістен бастаған. Театр майталмандары Қуат Төлеков, Құрманғали Доғалақов, Оңай Жақсыбаев, Әдиет Айт-қалиев, Әбдір Теңелбаев секілді сахна саңлақтарынан өнеге мен ақ батасын алған ол  әуелі кіші рөлдерді, артынан ұлы тұлғаларды сомдаған. Сол жылдары, яғни 1967 жылдан 1992 жылға дейін Махамбет, Құрманғазы, Қайып, генерал Панфилов және басқа көптеген бейнелерді сахналап, халық құрметіне, көрермен қошеметіне бөленді.

1985 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталып, ҚР еңбек сіңірген әртісі атағын иеленді. Басқа да атақтары аз емес. Ол еңбек ете жүріп, өз білімін де жоғарылатты. Әуелі Гурьев педагогика институтынан тарих мамандығын бітіріп, Мәскеудегі Бүкілодақтық мәдениет саласы басшыларын даярлайтын (Моссовет) институтты да тәмамдаған.

Амантай ағамыз 1993-1996 жылдары Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ашылған кезде директорлық қызметте жүріп, сахнада өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Жас әртістерге өнерде тәлім-тәрбие берумен қатар, әрқайсысына қамқоршы бола білді. Театр өнері саласында актерлік шеберлігімен бірге домбыра тартып, әуелете ән салуы кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалды. Амантай Сұл-танғалиұлы Атырау сахнасында еңбек еткен кезде халық әртістері Алма Ахметова, Зәрипа Сүлейменова, Жұпар Манапова апаларын үнемі аузынан тастамайтын. Мұны құрбылары жиі айтушы еді.  Сондай-ақ, Амантай аға Шафхат Әбуов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Темірболат Қыдырғалиев, Асқар Харесов, Оспан Махамбетов, Гүлмаржан Махамбет, ҚР Мәдениет  қайраткері Анета Баетова, інісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Төлеген Қуанышев, тағы басқаларымен әріптес болған еді.

Міне, тағдырға қарсы келер шама жоқ, ағайымыз ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды. Егер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амантай Сұлтанғалиев ағамыз арамызда болса, 70 жасқа толар еді. Осыған орай аға бейнесін еске алуды жөн көрдік.

Самал ӘБУОВ,

 Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актері,

әрі режиссері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз