Атырауға Оңтүстік Кореядан делегация келді (ФОТО)
Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев Оңтүстік Кореядан келген делегацияны қабылдады,-деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құрамында Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ-Сик, консул Тэ КёнГон, Қазақстандағы кəрістер ассоциациясының президенті Сергей Огай бар делегация кəрістердің Қазақстанда тұрғанына 80 жыл толуын мерекелеуге келген.
Қонақтарды қабылдаған аймақ басшысы Атырау облысы мен Оңтүстік Корея Республикасы арасында мəдени, экономикалық байланыс қалыптасқанын айтты. Өткен жылдан бастап сауда айналымы екі жарым есеге өсіп, биылғы сегіз айда 381 млн. АҚШ долларынан асты. Қазір аймақта Оңтүстік Корея капиталының қатысуымен құрылған 4 бірлескен кəсіпорын тіркелген.
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Ким Дэ-Сик өзара тиімді қарым-қатынастың алға қарай да дамуына сенім білдірді. Мəртебелі мейманның пікірінше, байланыс тінінің үзілмеуіне қолайлы инвестициялық климат пен атқарушы биліктің қолдауы септігін тигізеді.
Айқара Ғұмар