0 4

Халық саулығына тікелей әсер етуде: Атырау мұнай өңдеу зауытында ақауға жол бергендер жазаланады

Жаңалықтар Экология

Атырау мұнай өңдеу зауытында сарқын суды биологиялық тазарту блогындағы ақауға жол бергендер жазаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

5 қарашада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Данияр Тиесовтің Атырау мұнай өңдеу зауытына арнайы сапары барысында жиналыс өтті.

«Жиналыста биологиялық тазарту құрылғысында орын алған оқиға қарастырылды. Атап айтқанда, қазіргі кезде мұнай өнімдерінің бекітілген нормадан шекті рұқсат етілген шығарындыларының жоғары мөлшері анықталмағаны жөнінде есеп берілді. Бұдан бөлек, оқиға себептері мен жүргізілген тексерудің нәтижелері ескеріліп, табиғатты қорғау бойынша іс-шаралар жоспары қайта пысықталды», делінген хабарламада.

Оқиғаны тергеу жөніндегі комиссияның тексеру нәтижелері бойынша АМӨЗ-дің жауапты тұлғаларын жазаға тарту туралы шешім қабылданады. «Қала үшін күрделі оқиға орын алды. Оған зауыт жауапты. Қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. ҚМГ басшылығы жағдайды жіті бақылауында ұстап отыр.

Біз зауытта ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргіздік, бірақ, өкінішке қарай, қызметкерлеріміздің сана-сезімі, соның ішінде өндірістік циклдер үшін жеке жауапкершілігі жағы әлі де жаңғыру үстінде. Бұл қызметкерлер де осы қаланың тұрғындары, олардың жұмысының нәтижесі бүкіл Атырау халқының аман-саулығына тікелей әсер етеді.

Зауыт аса қысқа мерзім ішінде жағдайды түзетіп, алдағы уақытта осындай апаттарды болдырмау бойынша тиісті шаралар қабылдауға тиіс», – деп атап айтты Д.Тиесов.

Еске сала кетейік, 1 қарашада сағат 16.00-де электр қуатын берудегі ақауы салдарынан сарқын суды биологиялық тазарту блогы тұндырғышының шламды рециркуляциялау сорғысы тоқтап қалған.

Соған байланысты тұндырғыштың құм сүзгісіне шығуы орнында қалқыма және органикалық заттар (биошлам) шығарындылары шамадан асты. Бұл кезде құм сүзгісі блогында жөндеу жұмыстары жүріп, аталған блок технологиялық схемадан уақытша ажыратылған еді.

Соның салдарынан биологиялық тазарту құрылыстарынан құрамында қалқыма және органикалық заттары бар сарқынды су нормативті тазартылған сарқынды су арнасына ағып кетті. 1 қарашада сағат 23:00-де биологиялық тазарту құрылыстарының жұмысы қалпына келтірілді. Сонымен қатар, нормативті-тазартылған сарқынды су арнасында биошламның булану өрістеріне одан әрі өтуіне жол бермейтін бөгеттер орнатылды. Қазіргі уақытта арнадағы биошлам вакуумдық машиналармен сорылып, зауытқа қайта әкелініп жатыр.


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған