Аты белгісіз ауру тағы да алаңдатып отыр

c6b0985d31cd Жаңалықтар

Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Айбас елді мекеніндегі жеке қожалық  малдары арасынан аты белгісіз ауру шықты. Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы минис-трлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымбек Бисенғалиев былай деді:

Бізге келіп түскен мәлімет бойынша, аталған аумақта алғашында 11 бас жылқы ауруға шалдыққан, оның алтауы өлген. Мұның алдында, дәлірек айтқанда, мамыр айында осы учаскеде қоныстанған қыстақ орындарындағы 10 құдықтан су сынамасы алынып, облыстық зертханаға тапсырылды. Қорытындысында, құдықтағы судың құрамындағы аммиак пен нитриттің нормадан бірнеше еселенген көлемде артық екендігі анықталды. Алайда, бір ғана суға қатысты жүргізілген зерттеу нәтижелеріне қарап, аурудың немесе мал шығынының себебін нақтылап айту қиын.

c6b0985d31cd

Аумақтық инспекция басшысының айтуынша, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев салалық құрылымдар басшыларымен және жауапты мамандармен бірге Айбас елді мекенінде отырған жеке қожалықтардың иелерімен жүздесті. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде ешқандай жұқпалы ауру белгілерінің табылмағандығы айтылды.

Мұндай жағдай былтыр да орын алған. Сол себепті басқа жерге қоныс аударып, қыстақ орындарын, мал жайылымы мен суаттарын ауыстырған кейбір жеке қожалықтарда ахуал тұрақтап, жағдай жақсара бастаған. Осы жолы да сол үрдісті жалғастыру керектігі қаперге берілді. Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін қазіргі уақытта Ұлттық сараптама орталығы мен ғылыми зертхана қызметкерлері тағы бір мәрте ауру ошағындағы су, топырақ, шөптен сынамалар алып, зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.

Дәулетқали Аруев

Исатай ауданы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз