БАС ШЫРША ШЫРАҚТАРЫ ЖАРҚЫРАДЫ

Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздің Бас жаңажылдық шыршасының шырағын жағу рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рәсім барысында қатысушылардың барлығын алда келе жатқан Жаңа жылмен және елдің Бас шыршасы шырағының жағылуымен құттықтады.

– Жаңа жыл, әсіресе, өскелең ұрпақ үшін асыға күтетін айрықша мереке. Жаңа жыл салтанатына дейінгі ай армандау­мен және ғажайыпты күтумен өтеді. Барлық қалауларыңыздың орындалуына тілектеспін. Біздің еліміздің мақсаты – Мәңгілік Ел болу, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Біз елімізді дамытып, оның халықаралық аренадағы беделін көтеруге ұмтылуымыз керек. Аға буын, соның ішінде сендердің ата-аналарың нақ сол үшін және Қазақстан жастарының игілігі үшін жұмыла еңбек етуде. Біз туған елді, оның елордасын, таулары мен сай-саласын, орманы мен даласын, өзендері мен көлдерін сүйеміз. Осының бәрі – біздің Отанымыз, – деді Қазақстан Президенті.

Сөзінің соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға мықты денсаулық, оқу мен еңбекте табыс, игілік және бақ-береке тіледі.

Астана символдарының бірі – «Хан шатыр» ғимараты маңында орналасқан мұз қалашықта өткен бұл мерекелік жиынға қала қонақтары мен тұрғындары, шығармашылық ұжымдар, жас жеткіншектер қатысты.

Мақпал түнді самаладай жарқыратқан, биіктігі 25 метр келетін бас шыршаның шамдарын жағу салтанатында отшашу ұйымдастырылды және көпшілік назарына мерекелік концерт ұсынылды.

Айта кетейік, Бас шырша жағылған соң, іле Қазақстанның барлық қалаларында да шыршалардың шырақтары жарқырады.

«Егемен Қазақстан»,

2 желтоқсан, 2015.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз