Жарнама
Жаңалықтар

Аттандық сапарға,тосады жол алдан…

облыс мектептерінде «Cоңғы қоңырау» салтанаты ұйымшылдықпен өтті

Сәрсенбі күні облыс мектептерінде сыңғырлаған қоңырау үні 4633 мектеп бітіруші үшін соңғы рет соғылды. Осымен үшінші жыл қатарынан түлектерін ұшырып отырған Атырау қаласының Мирас ықшамауданындағы №36 мектеп-гимназиясын биыл 25 оқушы тәмамдады. Ал, 219 бүлдіршін 1-сыныпты аяқтап отыр.

Соңғы қоңырау салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев болашақ жүгін аманат қылып арқалаған жас өрендерге сәтті сапар тіледі.

— Бүгін ерекше толғанатын сәт. Себебі, бұл күн ата-аналар үшін «бауыр еті – балапандарының» қанат қаққан және ұстаздар үшін өздерінің білім-тәрбие берген шәкірттеріне үкілі үміт артқан күні. Құрметті түлектер, осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын кішкентай бүлдіршін болып аттап, бүгін  сіздер мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге шақырту алып отырсыздар. Жолдарыңыз ашық болсын! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде білім беру саласында үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Атырау облысында қазіргі таңда үш ауысымдағы мектеп жоқ. Биыл төрт апаттық жағдайдағы мектептің құрылысы аяқталып, екеуінің құрылысы басталғалы тұр. Келер жылы олар да пайдалануға берілмекші. Сөйтіп, бұл мәселе де шешіледі. Мектептердің барлығы заманауи құрал-жабдықтармен, әдістемелік материалдармен жабдықталған. Яғни, білім алуға бет бұрған әрбір жас үшін барлық жағдай жасалған.

Құрметті мектеп түлектері, алдағы білім сынақтарын ойдағыдай тапсырып, өздерің қалаған орта және жоғары оқу орындарына түсіп, армандаған мамандықтарыңның иелері болып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосуларыңа тілекшімін, — деді облыс әкімі.

Бұдан кейін аймақ басшысы бір топ оқу озаттарын марапаттады. Олардың қатарында – Айназ Бекнұрқызы, Данияр Құмар, Ризабек Өтегенов, Нұргүл Сілемғали және Сахуан Жақсығалиев болды.

Мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлібек Олжағалиевтің айтуынша, биыл 20 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр. Алдын-ала сынама тестілеудің қорытындылары бойынша, нәтиже жаман емес.   

Салтанатты шарада білім ордасының мәртебесін көтеріп жүрген мақтан тұтар шәкірттер – қалалық, облыстық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері, республикалық, халықаралық конкурстарда, спорттық сайыстарда үздік шыққан оқушылар, дарынымен дараланып, білімімен оза шапқан оқу озаттары ортаға шақырылды. Атап айтсақ, қалалық пәндік олимпиададан 22 оқушы жүлделі орын алса, облыстық деңгейде үш оқушы үздік көрінді. Ал, қалалық деңгейде өткен «Зерде» ғылыми жобалар сайысында бес оқушы, облыстық «Жарқын болашақ» байқауында үш оқушы білімімен үздік атанды. Сонымен қатар, республикалық Абай оқулары мен халықаралық ән-би байқауларында аталмыш мектеп-гимназия шәкірттері түрлі дипломдарға ие болып, білім ордасының мәртебесін биіктете түсті. Бұған қоса, республикалық деңгейде өткен әр түрлі пәндер бойынша  білім сайыстарында 80 оқушы жоғары нәтиже көрсетті.

— Міне, біз бүгін ыстық ұямызбен, бізді оқытып, тәрбиелеген аяулы ұстаздарымызбен қоштасқалы тұрмыз, — дейді мектеп-гимназияның түлегі Зархун Қайратұлы, – Мұғалімдер бізге тәлім-тәрбиемен бірге, бойымызға адамгершілік, рухани қасиеттерді сіңірді. Болашақта өзім қалаған мамандықтың иесі болып, алған білімімді мемлекетіміздің болашағы үшін жұмсамақпын. Аяулы ұстаздарымызға біз үшін жасаған еңбектері үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!

Шарада түлектер ұстаздар мен ата-аналарға ізгі тілектерін өлең шумақтары арқылы жеткізді.

 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

Толығырақ газеттен оқи аласыз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button