Атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгереді
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының негізгі бағыттарын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр Әлеуметтік кодекс жаңа әлеуметтік саясатты құруға негіз болатынын және оның басты мақсаты қазақстандық отбасының әл-ауқатын көтеру мен нығайтудың базалық жағдайын қалыптастыру екенін атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау қарастырылады.
«Әлеуметтік кодексті әзірлеуде халықаралық тәжірибелер зерделеніп, еліміздің ерекшелігін ескере отырып, негіз ретінде Еуропалық одақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Бірінші новелла – Отбасының цифрлық картасы (ОЦК). Ол мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады», — деді Т. Дүйсенова.
Осы орайда онда 6,3 млн қазақстандық отбасы немесе 19,4 млн азамат туралы ақпаратты қамтылады.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы ұсынған Алкире-Фостер моделін пайдалана отырып, әрбір отбасының әл-ауқат дәрежесін анықтадық және оларды 5 санатқа бөлдік. Нәтижесінде, әлеуметтік саясат іс-шараларының отбасы әл-ауқатын көтеруге қаншалықты ықпал еткендігін, яғни тиімділігін бағаладық. Сонымен бірге отбасыларларға және олардың мүшелеріне қандай мемлекеттік көмектің түрі қажет екенін анықтауға мүмкіндік алдық», — деді министр.
Ведомство басшысы ОЦК мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы болатынын атап өтті.
«Біріншіден, атаулы көмектің мәні өзгереді. Енді атаулы көмек отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылатын болады.
Екінші өзгеріс қолданыстағы әлеуметтік контракттың жаңа мазмұнына қатысты, яғни тараптардың жауапкершілігін арттыру қаралып отыр. Мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге мінддетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті», — деді Тамара Дүйсенова.