
Ата Заң — халық сенімінің кепілі
Конституция — ел бірлігінің, тұрақтылығының және даму жолының негізгі тірегі. Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Бұл айтулы дата халқымыздың демократиялық құндылықтарға адалдығын айшықтап, әділетті Қазақстанды құру жолындағы берік қадамын көрсетеді.
Соңғы жылдары елімізде жүзеге асқан конституциялық реформалар – тарихи бетбұрыс. Конституцияға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – билікті әділ, ашық әрі халыққа жақын ету. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 30 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда атап өткендей, Мемлекет басшысының өкілеттігі 7 жылдық бір мерзіммен шектелді. Президенттің жақын туыстары билікте қызмет атқара алмайды. Парламенттің рөлі артып, Үкіметтің халық алдындағы есеп беру жүйесі нақты бекітілді. Бұл қадамдар – демократиялық дәстүрді нығайтып, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін маңызды өзгерістер. Президент: «Халықтың осы шешімі – аса маңызды саяси-құқықтық жаңашылдық, әлемде баламасы жоқ конституциялық инновация»,-деп атап өтті.
Конституция – халық пен мемлекеттің арасындағы сенім келісімі. Жаңа түзетулер Қазақстанның әділетті, ашық әрі жарқын болашағын қалыптастыруға бағытталған. Мәдениет пен өнер саласы да осы реформалардың игілігін көреді. Әділетті қоғам орнаған сайын шығармашылық еркіндік, мәдени саясат және өнерді қолдау жүйесі де нығая түседі. Музыка мен өнер – елдің рухани тірегі. Конституциялық реформа бізге әділ қоғам құрумен қатар, рухани жаңғыруға да кең жол ашады. Біз осы тарихи кезеңнің куәсі бола отырып, елдің бірлігі мен ынтымағын насихаттай беруге міндеттіміз. Әділетті Қазақстан – баршамыздың ортақ еңбегіміздің жемісі.
Бақытбек САРТБАЕВ,
Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының басшысы