Ата-анадан ақша жинау білім ордасындағы жемқорлықтың белгісі емес пе?
Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия базасында «Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдар: ұлттық заңның имплементациясы мен ерекшелігі» тақырыбында өтті.
Аталған шараға өзек болған мәселе – елімізде білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлық көріністерді жою, оның алдын алу және жергілікті арнайы мониторингтік топ мүшелерімен бірлесіп білім саласына жүргізілген сараптама нәтижесін талқылау. Білім беру ұйымдарындағы қамқоршылық кеңестің есепшотының ашықтығын қамтамасыз ету, колледждер мен жоғары оқу орындарында гранттарды бөлуге мониторинг жүргізу, мектептерде мәжбүрлі ақылы тесттерді анықтау, болдырмау үшін орта оқу орындары мен балабақшаларда «Ашық бюджет» сайтын орналастыру және оған тұрақты түрде мониторинг жасау қажет-ақ.
Жиында көтерілген мәселе өңірімізде бар екендігі анық. Соның бірі – ата-аналардан қаражат жинау, қамқоршылық кеңесі жұмысының жүргізілмеуі секілді бірінші кезектегі мәселелер. Департаменттің қызметкерлерімен, арнайы мониторингтік топтың мүшелерімен мектептердегі аталған мәселелерді анықтау мақсатында Атырау қаласындағы кейбір мектептерде мониторинг жүргізіліп, ата-аналар әлеуметтік сауалнама толтырған. Мониторинг нәтижесімен жекелеген мектептерде мәжбүрлеп кітап алдырту, ақылы тест тапсырту әлі күнге жойылмағандығы анықталған. Талдау жүргізілген мектептердің барлығында да ата-аналар қамқоршылық кеңестің не екенін, қандай жұмыс атқаратынын мүлдем білмейтіні белгілі болыпты.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева қатысқан жиында сөз алғандар аталған мәселеге қатысты нақты пікірлерін білдіріп, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, кемшіліктерді жою туралы арнайы қаулы қабылданды.
Гүлзада Ниетқалиева