Атырауда мәсіхшілер жауапкершілікке тартылды

1443205064 original Жаңалықтар

Атырауда діни бағытта заңсыз уағыз айту, одан қалды тыйым салынған әдебиет тарату жолдарымен ерушілер қатарын көбейту әдісі тыйылмай тұр. Облыстық дін істері басқармасы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ғана 9 хаттама толтырылғанын хабарлап отыр.

1443205064_original

Басқасы басқа, мешіт имамдарының қызметіне қасақана кедергі келтіру фактілері жиілеп барады. Мәселен, жыл басында уахаббилік-салафилік ағымының ерушілері Мақат және Жылыой аудандарындағы мешіттерде жамағаттың имамға ұйып, намаз оқуына кедергі келтіріп, тіпті, діни рәсімнің орта жолдан тоқтатылуына себепкер болған. Асылында, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы бекіткен ортақ ережеге сәйкес, мешіттерде намаз Әбу-Ханифа мәзхабы бойынша оқылуы тиіс. Осылайша, мешіт тәртібін бұзған бес жылыойлық, екі мақаттықтың ісі қазіргі таңда сотта қаралып жатыр.

Діни бағыттағы қызметін жасырын жүзеге асыру фактілері де тіркелуде. Мәселен, Б. Ә.  және Ш. Т. есімді азаматтар балаларға білім беретін «Атырау» қайырымдылық мекемесіне тәрбиеші ретінде жұмысқа тұрып, астыртын түрде діни ілімді таратумен айналысып келген. Аталған азаматтарға байланысты ағымдағы жылдың 22 ақпаны күні әкімшілік іс қаралып, оларға 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 226 мың 900 теңге көлемінде айыппұл cалынды.

Өткен жыл да осындай «тосын сыйларға» толы болды. Мәліметтерге сүйенсек, аталған  бағытта 11 әкімшілік іс қозғалған.

Атыраудағы белсенді мәсіхші саналатын А.Р. мен Б.Ж.  «керең-мылқау бірлестігі мүшелерімен бейресми кездесіп отырмыз» деген желеумен облыс орталығындағы «Керемет» асханасында діни үгіт-насихат, уағыз жүргізген. Атырау облысы Ішкі істер Департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасы анықтаған факт бойынша, «Жаңа өмір» евангельдік сенім мәсіхшілерінің сенушілер қауымы» бірлестігінің мүшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Жат ағым ерушілері тарапынан тіркеліп отырған әкімшілік құқық бұзушылықтар бір мұнымен бітпейді. Мәселен, өткен жылдың шілде айында «салафизм» ағымының үш бірдей ерушісі – Е.Е., А. Т. және Ө. Б. жауапкершілікке тартылды. Қолда бар деректерден белгілісі, олар мешіттің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін айыпталды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз