ҒАСЫР ЖАСАҒАН ӘЖЕЛЕР
Осыдан дәл бір ғасыр бұрын 8 наурызда дүниеге келген Жамал әжей отты жылдары жан жарын қан майданға аттандырды.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде «Казэнергонефть» (қазіргі «Атырау жылу жүйелері» АҚ) мекемесінде токарь болып қызмет бастап, кейін әртүрлі саланың ауыр жұмысына араласқан. Ал, жолдасы майдан даласынан оралмады.
Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы 100 жасаған әжейді әйелдер мерекесі және мерей жасымен құттықтап, облыс орталығынан пәтер кілтін табыс етті.
— Қазір анам, қызым және күйеу баламмен бірге тұрып жатырмыз. Жалпы аумағы 37 шаршы метр болатын пәтер төрт адамға тарлық етеді. Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі ретінде анам 2005 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған еді. Елбасының, облыс басшыларының қолдауын үнемі сезініп келеміз. Бүгінгі құрметтеріне де айтар алғысымыз шексіз, — дейді қызы Гүлшара Неталиева.
Ал, Анфиса Зарщикова 13 наурызда 100 жасқа толғалы отыр. Үш қыз тәрбиелеген ол да соғыс жылдарының ауыртпалығын сезінді. Жолдасын соғысқа аттандырып, өзі жөндеу базасында, егіс алқаптарында, ауруханаларда еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлкен үлесін қосқан. Қан майданда бір көзінен айырылған отағасы соғыстан ІІ топ мүгедегі боп оралып, 1988 жылы көз жұмды.
Қазір кенже қызы Орынборда, ал, ортаншы қызы Ташкент қаласында тұрып жатыр. Ғасыр жасаған анасын үлкен қызы Вера Яшина бағып-күтіп отыр.
Биыл 100-ге шыққан абыз ананы облыс әкімі үйіне арнайы келіп құттықтап, сыйлық табыс етті.
— Өзіңіз көріп отырғандай, жыл сайын еліміз жаңарып, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарып келеді. Елбасы қарияларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қамқорлық таныту бағытында атқарушы билікке ерекше міндеттер жүктеп отыр. Сіздер өздеріңіздің ерен еңбектеріңізбен ел дәулетін тасытуға елеулі үлес қостыңыздар. Сондықтан, бүгінгі күні жүз жасқа жетіп отырған әжелерді құттықтау – мен үшін үлкен мәртебе.
Еліміздің барлық нәзікжанды аруларын көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтаймын! – деді облыс басшысы Б.Ізмұхамбетов.
Мерейгердің қызы Вера Яшина облыс және қала басшыларына мұндай құрметтері үшін шексіз алғысын білдірді.