Ғасыр жасаған кейуана
Атырау қаласының қарт тұрғыны, тыл ардагері Айша Төреханова 100 жасқа толды. Қос ғасырдың талай тарихи жылдарының куәсі болған әжейді «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы фракциясының мүшесі, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Мұса Хайруллиев отбасына барып құттықтады.
Депутат Мұса Хайруллиев әжейге сыйлық пен гүл шоқтарын ұсынып, иығына қамзол жауып, бүгінгі бейбіт күндерімізді орнатуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Айша Төреханова 1917 жылы Жылыой ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, талай қиындықты бастан кешірген. Соғыс жылдарында Атырау–Астрахан тасжолының салынуына қатысқан. Кейін егін шаруашылығында 75 жасқа дейін қол үзбей еңбек еткен. Қарт әжей 9 құрсақ көтеріп, бүгінде 4 қыз, 1 ұлдан 20 немере, 52 шөбере, 9 шөпшек сүйіп отыр.
80 жасында жалғыз ұлы мен келіні дүниеден озғаннан кейін, төрт немересін қамқорлап қалған қария қазір сол өрімдей балаларды жетілдіргеніне шүкіршілік етеді. Ұзақ ғұмыр сүруінің құпиясын биязы мінезімен байланыстырады. «Ешбір жанға жамандық ойламай, айналаңа мейіріміңді төгіп жүрсең, ауру жаныңа жоламайды» дейді ол.
Жанарының суалғаны болмаса, қос ғасыр куәсінің өзі тың, сөзі ширақ, ойы жинақы. Ғасыр құрдасының ендігі тілегі – елдің өсіп-өркендеуі, Елбасының амандығы.
«100 жыл ғұмыр кешу – ерлікпен пара-пар. Талай қиындықты көріп, басына қанша ауыр күн туса да қаймықпай қызмет еткен ананың ғасыр тойына келіп, ол кісіден бата алу – мен үшін үлкен мәртебе» дейді халық қалаулысы.
Абай Ақмұрзиев