Ғасырға бергісіз кезең
Әлемдік тәжірибеде жинақталған ғылыми тұжырымдарда жас мемлекеттер толыққанды елге айналуы үшін ең кемі елу-алпыс жыл керек екені дәлелденген. Ал, Қазақстан бас-аяғы 20-25 жыл ішінде адам нанғысыз дәрежедегі жетістіктерге жетті. Аз уақыт ішінде елде қарқынды инновациялық тәжірибелерді енгізіп, қуатты зауыттарды іске қосуы, халықтың әл-аухатын көтеру арқылы ел экономикасын түзеуі – дамыған мемлекеттерде тым сирек кездесетін тәжірибе.
Әлем бізбен әріптестікке мүдделі
Еліміз 25 жылда халықаралық масштабтағы шараларға да төрағалық етіп үлгерді. Ширек ғасырда Қазақ елі қандай жетістікке жетсе, мұның бәрі тәуелсіздіктің сыйы дер едім. Бүгінде біз Мемлекет басшысын, Парламент депутаттарын өзіміз таңдаймыз. Одан кейін қазақтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан болмысы жалғасып, даму үстінде. Мәселен, тіліміз, діліміз бен мәдениетімізге қатысты мәселелердің бәрін өзіміз шеше аламыз. Енді жаһандану иірімдеріне түсіп қалмай, осы құндылықтарымызды заман талабына сай әрі қарай дамыту міндеті тұр.
Біз бүгін қалыптасқан мемлекет болдық. Қазір Қазақстан –әлем назарындағы ел. Бұрын басты мақсат Қазақстанды шет елде таныстыру болса, бүгінгі күні еліміз толық мойындалған, әлемдік қауымдастықта өзіндік алатын орны бар. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін көп ұзамай Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, кейін Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық. Тіпті, 2010 жылдың соңында Қазақстан Республикасының халықаралық беделге ие – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі – біздің еліміздің басқа дүние жүзі елдерімен терезесі теңескен күні, туған еліміз Қазақстан Республикасының абыройы асқақтаған күн болды.
Астана Саммиті деген термин пайда болды. Одан кейін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі өтті. 2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия құрлығы өміріндегі спорт саласының қайнаған орталығына айналды.
Қазақстанда тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындары өткені белгілі. Азиада ойындарының ұйымдастырылуы, ең алдымен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болды. Қазақстан осы ойындарда қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды.
Міне, 25 жылда халықаралық масштабтағы додаларды өткізіп қана қоймай, оза шаптық та. Қазақстанның қазіргі уақытта ең басты назар аударып отырған негізгі жобаларының бірі – EXPO-2017 халықаралық көрмесінің Астанада өтуі. Бұл – жаһан жұртшылығының Қазақстанды мойындай білгендігінің белгісі.
Ауыл шаруашылығы алға басты
Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамытудың жолдарын айтып, нақты міндеттер жүктеп келеді. Әсіресе, ауыл өмірі назардан тыс қалған емес. Ауылдық жерлерде ауыл шаруашылығын, шағын кәсіпкерлікті өркендетуді көздейтін көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ірі мал шаруашылығы азығын дайындауға мемлекет субсидиялар беруде. Ауылдық жерлерде мал шаруашылықтарын дамытуға арналған «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламаларының да маңыздылығын атап айтуға болады. Бұл –ауылдағы мал өсірсем деген ағайынға беріліп жатқан мол мүмкіндіктер.
Аталған бағдарламалардың игілігін Атырау облысы, Исатай ауданы тұрғындары да көруде. Ауданда жыл санап мал басы артып келеді. Барлығы 187 шаруа қожалығы, он сегіз мыңға жуық ірі қара, сегіз мыңға жуық түйе, он бес мыңнан астам жылқы малы бар. Қой-ешкінің саны да қырық мыңнан асып жығылады. Өзім депутаттыққа сайланған аудандағы Қамысқала селолық округінде ірі қара саны бүгінгі таңда үш мыңнан асты. Түйе – 1035, жылқы – 2610, қой-ешкі 5556-ға жетіп отыр.
Аталған бағдарламалар аясында шаруашылығын дамытуға ниетті ауыл тұрғындарының саны да жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, ауданға Орал өңірінен асыл тұқымды жылқылар алынды. Бұл шаруада «Құлан» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Сондай-ақ, көршілес Орал, Қостанай өңірінен асыл тұқымды бұқалар әкелініп, мал басын асылдандыру бағытында жұмыстар басталды.
Аудан тұрғындары жылыжайлармен жұмыс жасап, жоңышқа егуді де қолға алды. Бүгінде жоңышқаның алғашқы өнімдері кәдеге аса бастады. Біздің мақсатымыз ауылшаруашылық саласын бәсекеге қабілетті өнімдерді мол өндіріп, оны экспортқа шығарып, еліміздің бюджетін тұрақты түрде толықтырып отыратын рентабельді салаға айналдыру.
Мұның барлығы – ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жасалып жатқан нақты қадамдар. Ауылдың экономикасын жақсарту, жергілікті инфрақұрылымдар мен әлеуметтік нысандарды жетілдіру, жұмыссыздықты жою, жаңа жұмыс орындарын ашу, адамдардың ауқатты және алаңсыз тұруын қамтамасыз ету – менің де алға қойған ең басты мақсаттарымның бірі. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын көтеру арқылы өзіміз тұтынатын өнімдерді жергілікті жерлерде өндіруге қол жеткізуді көздеп отырмыз.
Әнес СИДЕҒАЛИЕВ,
Исатай аудандық
мәслихатының депутаты,
«Нұр Отан» партиясы
фракциясының мүшесі.