Астана сахнасында – Атырау театры

Астана сахнасында – Атырау театры Жаңалықтар

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы Атырау облысының мәдениет күндерінде Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» эпостық драмасын тарту етті.

Қазақ айтыс өнерінің атасы Сүйінбай Аронұлының өмір жолынан ғана емес, бүкіл қазақ пен қырғыз халқының тарихынан сыр шерткен қойылымды тамашалауға жұртшылық өте көп жиналды. Пьесаны Астана сахнасынан көруді асыға күткен елге белгілі зиялы қауым өкілдерінің қатарында Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те бар.

Астана сахнасында – Атырау театры

– Атырау театры ғана Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» қойылымын сахналауды жауапкершілігіне алып,  жоғары деңгейде сомдап шықты. Қырғыз бен қазақтың қалай тату-тәтті өмір сүріп, қойын-қолтық араласып кеткенін Иран-Ғайып пьесасы арқылы дәл жеткізіп отыр, – деді Мырзатай Жолдасбеков.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев өз сөзінде:   «Екі ай бойына Иранбек Әбітайұлы атыраулық шығармашылық ұжыммен бірге жүріп, қойылымның ойдағыдай шығуына араласты. Қуанған да, келіспеген кездеріміз де болды. Ең бастысы, пьеса көрерменіне жетті. Ендігі бағасын ел береді»  деді.

«Сүйінбай» драмалық эпосы – қазақ айтыс өнерінің атасы Сүйінбай Аронұлының өмір жолынан ғана емес, бүкіл қазақ пен қырғыз халқының тарихынан сыр шертеді.

Қойылымда Сүйінбай Аронұлының 1847 жылы қырғыздың әйгілі ақыны Қатағанмен айтысуы айшықталады. Кенесары ханның өлімінен кейін  қазақ-қырғыз арасы суып, қырғиқабақ болғаны тарихтан белгілі. Қырғыздың бай-манабы Орманхан шешесіне арнап ас беріп, екі елді татуластыру мақсатында оған  қазақтарды шақырады. Тезек төре, Бөлтірік би бастаған игі жақсылардың қатарында жас Сүйінбай да жолға шығады. Жиын соңында Сүйінбай (әртіс – Нұрбек Съезхан) мен Қатағанның (әртіс – Асхат Мұса) атақты айтысы ұйымдастырылады. Ұзаққа созылған айтыста ұтымды сөз, қисынды дәйекпен екі елдің тарихынан бастап қозғап, «Қызып тұрған темірге, өзі келіп қарылған» Қатағанның осал тұсынан оңай түйреп, сөзден жаңылдырып Сүйінбай анық жеңеді. Бір жарым ғасырдан ғасырға, санадан санаға жеткен атақты айтысты театр әртістері сол күйінде бере алғандай, өте әсерлі жеткізді. Сүйінбай ақын бейнесін  бүгінгі сахнадан жаңа қырынан танығандай болдық.  Өн бойы өлеңмен өрілген  драмалық шығарма ұлы тұлғаның образын жан-жақты ашты.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз