Жарнама
ЖаңалықтарСаясатҚоғам

Астана – Елбасының перзенті

Елбасының бастамасымен ашылған Астананың жоғары оқу орындары заманауи интеллектуалды орталық ретінде танылды. Ондаған, жүздеген жастардың әлемдік стандарттар деңгейінде емін-еркін сапалы білім алуға берілген тамаша мүмкіндік үшін Елбасына айтар алғысы шексіз.

Мен білім беру саласында ұзақ жыл еңбек еттім, мектептер мен басқармаларда көп жыл басшылық қызметте болдым. Сондықтан, Елбасының Астананы салудағы зор еңбегін жастарға ылғи айтып жүремін. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымыз таразы басын теңестірді. Арқада асқақтаған армандар алдамады, ойлар орындалды.  

Бұл орайда, бар мәселені жеті рет өлшеп, бір рет кесіп дағдыланған Елбасы білектің емес, білімнің қуатын басты қару ретінде қолданды. Астананы Арқаға ауыстырудың себебі, елдің бір шеті елеусіз қалмасын деген ой. Бұған дейін де оның Ұлытаудан тұрақ табуы – «артымыздан жау алмасын, алдымыз ашық болсын» деген ойдан туса керек.

Қазақтың қос бүйірінен қысқан қысылтаяң нарық жағдайында күн көру кім-кімге де оңайға тимеді. Ешкім жылы орнынан жылжығысы келмеді. Сондықтан сын сағатта экономикалық сілкініс керек болды. Сөйтіп, кешегі Ақмола тозаңнан тазарып, көсегесі көгерді. Оның үстіне, ескі үйлерді күреу де қиынға соқпады, қолға жұқпады. Мұнда да Елбасының қайталанбас қолтаңбасы жатыр.

20150609092745

Тарихи шешім бірден қабылдана қойған жоқ. Парламенттің қос палатасында қызу пікірталастар жүрді. О баста халықтың бір бөлігі жаңалыққа жатырқай қарағаны рас. Бірақ, көреген Көшбасшы олардың да ойларын тыңдап, тамырын басты. Қалай болғанда да, басшымыз бастады, қалың қауым қостады. Президент қашан да бірнеше қадам ілгері жүретінін танытты. Тарих тамырын тереңнен тартып, төрт құбыласын түгендеді.

Иә, ел басқару, мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылдау қиынның қиыны екені даусыз. Осынау жауапкершілік жүгін көтере білген Елбасы ата-баба аруағына адалдық танытты. Содан кейін ғана іске кірісті. Шағаладай шарқ ұрып, тыным таппады. Таланттың да, тарихтың да тұлпарын алма-кезек мініп, алысқа шауып отырды.

Астанаға алғаш сапарлаған ел азаматтарына алақан жайып, батасын берген ақсақалдың бірі – өзіміздің жерлес жазушымыз, заңғар тұлғамыз – Зейнолла Қабдолов екен. Айтпақшы, алғашқы сапарда мемлекеттік нышандар да Елбасымен бірге ұшқан екен. Ақыры, араға жарты жыл салып, Еуразия кіндігінен қазақтың қуаныш күлкісі естілді. Алыпқашпа әңгімелер артта қалып, бас қаланың бұғанасы бекіді.

Қазір қарап отырсақ, Қазақстанның жаңа Астананы емес, Астананың жаңа Қазақстанды құрудағы үлесі басым түскендей ме, қалай өзі?! Адал еңбек ақталып, дос сүйінетін, дұшпан күйінетін жағдайға жеттік. Бүгінде сән-салтанат пен маңызды жиынның бәрі осында өтеді. Астанаға ағылған азаматтар көкірек көзін суарып, жан дүниесін жаңартуда. Десек те, болмағанды болды, толмағанды толды деп тоқмейілсуге тағы болмайды. Ендеше, Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен Астанамызды атасақ, нұр үстіне нұр! Осынау елдігіміз бен кеңдігімізді Тәңіріміз көлденең көздің сұғынан, қиямпұрыстың құрығынан сақтағай деп тілейік.

Алпамыс ҒИЛЫМОВ,

білім беру саласының ардагері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button