«НҰРЛЫ ЖОЛ» БІЗДІ ДАҒДАРЫСТАН АЛЫП ШЫҒАДЫ»

Ел алдында тұрған барлық қиындықтарды табысты еңсеру үшін Үкімет 250 миллиард теңгелік қор құратын болды. Ондағы мақсат – ішкі және сыртқы әсерлердің ықпалымен түрлі жайттар орын алған жағдайда шұғыл, әрі жедел шараларды қолға алу. Бұл туралы кеше Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. Мемлекеттік хатшы, Үкімет мүшелері, Парламент спикерлері, ведомстволар және ұлттық компаниялар басшылары мен облыс әкімдері қатысқан алқалы мәжілісте отандық экономиканың қазіргі ахуалы, оны әрі қарай дамыту шаралары, сондай-ақ, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асырудың негізгі тетіктері кеңінен талқыланды. 

Ғаламдық дағдарыс жағдайында отандық экономиканы одан әрі дамыта отырып, өнімділік көлемін арттыру, елдегі әлеуметтік, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау. Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы негізінен осы мәселелерге арналды. Кеңес барысында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметке әлеуметтік міндеттемелерді сақтай отырып, үстіміздегі жылғы республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге қысқартуға тапсырма берді. Сондай-ақ, Үкіметке 250 миллиард теңгеге жедел шара қолданатын резерв құру міндеттелді. Жаһандық геосаясат картасында орын алып жатқан оқиғаларды сараптай отырып, тиімді экономикалық саясат жүргізілуі тиіс екендігін атап өткен Мемлекет басшысы кейбір үнемдеу шараларының қалың бұқараның әлеуметтік жағдайына ешқандай да кері әсері болмайтынын қадап айтты. Тағы бір жаңалық, жиын барысында Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы шаралармен толықтыруды міндеттеді.

 

Экономикалық саясат бейімделе білуі керек

Атап өту керек, дүниежүзілік дағдарысқа қарамастан, былтыр Қазақстанның экономикасы 4 пайызға өсті. Қолға алынған нақты шаралар да өз нәтижесін бере бастады. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда ғаламдық экономика қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп отырғандықтан, біз отандық экономикадағы кей бағыттардың ахуалға қарай өзгеріп отыратындығын ескеруге тиіспіз. Тағы бір ескерерлік мәселе, әлемдік экономикалық дағдарысқа қазір геосаяси текетірес қосылып отыр. Президенттің атап өтуінше, осының салдарынан әлемдік нарық белгісіздік жағдайға тап болды. Бұл әлем халықтарының ажырамас бөлігі ретінде Қазақстанға да ықпалын тигізеді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде елімізде экономикалық дағдарыстың жоқ екендігін ерекше атап өтті. «Біздің қазіргі экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс. Келеңсіздіктер – сыртқы нарықтың әсері. Біз қиындықтарды күтіп қарап отырмай, оның алдын алу үшін жедел шараларды қолға алдық» деген Елбасы ендігі жерде жоспарлар заманға байланысты икемделіп, бейімделе білуі керектігін баса айтты. Ел Президентінің атап өтуінше, алда үлкен сындарлы жол күтіп тұр. Бірақ, біз Қазақстан экономикасының тамыры тереңде жатқанын, іргесі мығым, қоры жеткілікті екендігін ескеруге тиіспіз. – «Біз мұндай өткінші қиындықтарға, алапат дағдарыстарға қарамай қайыспай төтеп бергенбіз. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы қиындықтарды еске алыңыздар. Азия дағдарысынан, тіпті дүниежүзілік дағдарыстан да табысты өттік. Экономикасы кемімеген санаулы елдердің қатарында болдық. Сол күндердің өзінде бойға қуат, ойға сенім орнаттық» деген Мемлекет басшысы бұл жолы да Қазақстанның қалыптасқан ахуалдан шығудың өзіндік тетігін ойластырғанын атап өтті. «Санамалап атап өткенімдей, теріс тенденцияларды жұмсарту үшін өткен жылы көптеген шаралар атқарылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы – бұл дағдарысқа қарсы шара. Мен дәл осы жылы қиындықтар болатындығын айтқанмын. Біз алдын орап, осы бағдарламаны қабылдадық. Ол қиын жағдайда экономикамыздың өсім және біздің азаматтарымыз үшін жұмыс орындарын құру нүктесі болып табылады» деді Елбасы. 

 Жұмыс орындары қысқармайды

Кеңес барысында Мемлекет басшысы елдегі барлық кәсіпорындарды өндіріс көлемі төмендеген жағдайда да, жұмыс орындарын сақтауға міндеттеді. «Әсіресе, Соколов-Сарыбай, Кармет сынды ірі кәсіпорындарға қатысты. Жұмыс адамы үшін ең бастысы – өзінің жұмыс орнын сақтау. Нәпақа табу үшін оны өзінің ерікті түрдегі келісімімен басқа жаққа жіберуге болады. Ондай жағдайда еш мәселе жоқ. Бірақ, мен барлық компаниялардың назарын аударғым келеді: егер өндірісті төмендетіп, адамдарды қысқартуға мәжбүр болсаңыздар, жұмыс орындарын сақтау қажет. Ол мүмкін басқа жұмыс істер. Адам үшін, оның отбасы үшін бұл барынша маңызды» деген Елбасы мұны бұрынғы жұмысшы ретінде айтып отырғанын жеткізді.

Елбасы ерекше назар аудар-ған мәселенің бірі – ұлттық компаниялардың теңгеге қолдау көрсетуі болды. Қазақ елінің қандай жағдайда да теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеуге тиіс екендігін атап өткен Елбасы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен ұлттық компанияларды валютаны ауыстыру арқылы теңгені қолдауға шақырды. Сондай-ақ, Елбасы отандық экономиканы дамыта отырып, өнімділікті арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Соның бірі, Ұлттық банк отандық экономика мен бизнесті қолжетімді несиелермен қолдау үшін жағдай жасауы тиіс. «Ұлттық банк теңгенің ликвидтілігі бойынша қосымша жұмыстар мен долларсыздандыру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс» деген ел Президенті қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, экономиканың нақты секторын қаржылық ресурстармен қамту сынды міндеттердің Ұлттық банктің бірінші кезектегі мақсаты екенін қадап айтты.

Кеңес отырысы барысында Елбасы қысқы Универсиада мен Алматы метросының екінші кезеңін қаржыландыруды қысқартуды тапсырды. «Мен әлеуметтік қажеттілікке арналған шығыстарды қысқарту туралы ұсыныс бар екендігін білемін. Бұл жақсы ұсыныс, қарапайым адамдарға қатысты болмағанда оны қолдауға да болар еді. Мәселен, оны қарапайым адамға шығын келтірместен қайдан іздеуге болады? Мәселен, біздің шығыстар: банктерді қолдау үшін– 500 миллиард, қысқы Универсиадаға – 100 миллиард, метроның екінші кезеңіне – 227 миллиард теңге. Қиын кезеңде біздерге кейбірін күте тұру қажет» деген Президент қысқы Универсиаданың бір бөлігін Астанада, екіншісін Алматыда өткізуді ұсынды.

Президент Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасын жаңа дағдарысқа қарсы шаралармен толықтыруды міндеттеді. «Бұл – отандық машина жасау саласын, біздің экспорттаушылармызды қолдау, шағын және орта бизнес үшін инфрақұрылым жүргізу, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды ұлғайту, ішкі нарықты қорғау бойынша шаралар және басқалары» деді ол. Сонымен қатар, Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру ағымдағы жылдың басты міндеті екендігін баса айтты. Бағдарлама Астанадан таралатын сәуле ұстанымымен 2015-2017 жылдары аралығында тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым құруға бағытталған. «Бұл мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 500 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 180 миллиард теңге ағымдағы кәдеге жаратылатын болады» деген Елбасы барлық жобаларды кешіктірместен осы айдан бастап қаржыландыруды, бұл мәселемен айналысуды Үкімет пен Ұлттық банкке тапсыра отырып, елдегі барлық жобаларды «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қаржыландыруды міндеттеді. 

«Қазақстанда жасалған» акциясы басталады

Мемлекет ұстанған негізгі саясаттың бірі – отандық өнімге қолдау көрсету екендігі белгілі. Бұл туралы ел Үкіметінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Президент сауда желілерінде қазақстандық тауарлардың секциясы пайда болуы үшін «Қазақстанда жасалған» акциясын ұйымдастыруды ұсынды. Мұндай қадамның ел экономикасына үлкен қолдау болатындығын айтқан Мемлекет басшысы тиісті меморандумдар жасалатын қазақстандық қамту жөніндегі форумдар өткізу тәжірибесін жаңғырту қажет екендігін де айтты.

Елбасы министрлiктер мен жергiлiктi жерлердегi ведомстволарды, холдингтерді 4 миллиард АҚШ долларын үнемдеуге міндеттеді. «Менiң тапсырмама сәйкес, ұлттық және басқарушы холдингтер де дағдарысқа қарсы шараларды қолға алды. «Самұрық-Қазынаның» ағымдағы шығындары 337 миллиард теңгеге немесе 7%-ға дейiн қысқартылады. Оның iшiнде әкiмшiлiк шығындардың үлесі – 64 миллиард теңге. «Самұрық-Қазына» тобының күрделi шығындары 240 миллиард теңгеге немесе 18%-ға азаяды. «Бәйтерек» холдингi әкiмшiлiк сипаттағы және күрделi салымдарын 3,8 миллиард теңге немесе 11,8%-ға оңтайландыруы тиiс. Бұл оларға қатты салмақ салмайды. Ол – осы жылдар iшiнде бiз жол берген артық шығындар» деген Президент мұндай қысқартулардың «Қазагро» холдингiнде де жүргiзiлетіндігін, яғни шығындардың 196 миллион теңгеге немесе 12%-ға азайтылатындығын атап айтты.

Жаһандық дағдарыс жағдайында Қазақстанның экономикалық саясаты негізінен аграрлық секторға бағытталмақ. Бұл мәселеге мәжілісбарысында айрықша тоқталып өткен Елбасы «Үкiмет 2013-2014 жылдары басталған АӨК субъектiлерiн сауықтыру жұмыстарын жалғастыруы қажет. Бүгiн бағдарлама 313 миллиард теңгенiң 292 нысанын қамтып отырғаны баяндалды. Бұл салаға қызығушылық жоғары екенін ескере отырып, қаржы көлемін 500 миллиард теңгеге дейiн арттыру қажет. Ең бастысы, Үкiмет пен әкiмдер егiс жұмыстарын уақытылы жүргiзу бойынша қажеттi шараларды қабылдау керек» дедi. Жиын барысында Үкіметке тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстарын күшейту тапсырылды. «ТКШ саласында жылумен және сумен қамтамасыз ету бойынша 86 жоба іріктелді. Бюджеттік кредит аймақтарға осы жылдың наурызында беріледі, ал сәуірде оларды іске асыру жұмыстары басталады. Осыны қаперлеріңізге алып, жұмыс істеуге кірісіңіздер»,  деді Мемлекет басшысы. 

Бюджет есебінен мерейтой жасалмайды

Ақордада болып өткен ел Үкіметінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Мемлекет басшысы әкімдердің жиындарда ұсыныс айтпай үнсіз кететінін де сынады. «Жиналысқа жер-жерден келгенде әрқайсыларың дайындалып келулерің керек. Тек қана мені тыңдап кете бермей, ойларыңыз болса айтыңыздар. Мемлекет басшыларының, Үкімет мүшелерінің, әкімдердің жергілікті мәселелерді айтқан сөзінен, ұсыныстарынан барып жалпы шешім шығады. Сондықтан, үндемей отырғанды қойыңдар. Анау күні «Самұрық-Қазынаның» трансформациясына келген батыстың дөкей профессорлары: «Әр жерде келісіммен шешетін болсақ, мысалы, зауыттың цехында, онда ары қарай дұрыс шешім шығатын болады» дейді. Онысы рас. Біз баяғыдай жинап аламыз да, сөйлеп, сөйлеп қоя береміз. Ешкім ешқандай ұсыныс жасамайды, олай болмауы керек. Бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Ұнай ма, ұнамай ма, басқа мәселе. Соның барлығы елге қызмет істейтін болса, тыңдау керек» деген Елбасы, сондай-ақ, бюджет қаржысы есебінен мерейтой жасаудан тыйылуды тапсырды. Президенттің айтуынша, бізде мерейтой жалпыға ортақ сүйікті іске айналып отыр. «Әлемнің қай жерінде біз сияқты мерейтой өткізеді? Ұлы даталарды атап өтіп, баспасөзде, телеарналарда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айту керек. Ал, дүркіретіп той ұйымдастыру, айдалада мыңдаған қазақ үй тігу мерейтой иесіне не берерін айтыңдаршы маған?» деген Президент дана да, дара тұлғаларымыз хақында бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен мәлімет таратуы керектігін ерекше баса айтты.

Кеңес барысында Елбасы мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы бизнеске айналмауы тиіс екендігіне де тоқталды. «Мемлекеттік қаржыны фирмаларға, өздерінің таныстарына, достарына және туысқандарына шашуларына жол бермеу керек. Өкінішке қарай, облыстың үш әкіміне қатысты дәл осы себеппен тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуда» деген Президент бүгінде атқарушы биліктен халық нақты әрі, тиімді істерді күтетінін айтып, әкімдерге халыққа жақын болуды, өңірлердегі мәселелерді шешуге білек сыбана кірісуді тапсырды.

Елбасы ерекше тоқталған мәселелердің бірі Ресей рублінің әлсіреуінен туындаған проблемалардың Еуразиялық экономикалық одаққа қатысы болды. «Ресей рублінің әлсіреуі тұрғысында және Қазақстанның ішкі нарығында тауарлардың артуы бағытында біздің отандық өндірушілерге залалын тигізуде. Алайда, мұның Еуразиялық экономикалық одаққа қатысы жоқ. Бұл – біздің стратегиялық бағыт. Құрған кезде өмірдің ағымы өзінің түзетулерін енгізетіндігін айтқан болатынбыз. Әлемдік капиталистік экономика өзінің түзетулерін енгізуде. Қазіргі кезде осы жағдай орын алды, бірақ та бұған Еуразиялық экономикалық одақты, Кеден одағын кінәлау – ол толық дилетанттық» деген Мемлекет басшысы осы уақытша жағдайдан шығу үшін Ресей тарапымен бірлесе қажетті шаралар әзірленетіндігін атап айтты. Елбасының сөзіне қарағанда, бұл тұрғыдағы мәселелер өз шешімін табады. 

Қашағанда  мұнай өндіріле  бастайды

Ақордада өткен ел Үкіметінің кеңейтілген отырысының тағы бір ерекшелігі, бұл жолы Үкімет мүшелері экономика және басқа да салалардағы нақты мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Қазақстанда құрастырылған автомобиль сатылымының екі есеге құлдырағандығын мәлімдеді. «Машина жасау саласында өткен жылғы естен тандырарлық ахуал автомобиль өндірісіне қатты әсер етті. Екі айдың ішінде 50 мың автомобиль әкелінді. Бұл шамамен жылдық өндіріс көлеміне тең. Сондықтан, қаңтарда сатылым көлемі шамамен екі есеге құлдырады. Үкімет қауымдастықтармен, кәсіпорындармен бірлесіп, қолдаудың кешенді шараларын әзірледі. Осыған қарамастан, осы жылы да төмендеу болатынын болжаудамыз» деген Ә.Исекешев ендігі бағыт мамандарды сақтап, саланы дамыта түсу екендігін айтты. Оның атап өтуінше, елімізде бұл салада бүгінде жиырма мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Кеңейтілген мәжілісте Қазақстанда мұнай өндіру деңгейін сақтау үшін жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу мәселесінің оңтайландырылатындығы белгілі болды. Бұл туралы аталмыш жиын барысында Энергетика министрі Владимир Школьник мәлім етті. 2015 жылы мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуіне байланысты өндіруші компаниялар шығыстарды қысқарту бойынша шараларды қабылдағанына тоқталған министр «Дегенмен де, қазіргі кезде Үкіметтің экономикалық блогымен бірлесе негізгі өндіруші кәсіпорындардың ахуалына қаржылық талдау жүргізілуде. Мұнай өндіру деңгейін сақтауға және осы компаниялардың әлеуметтік міндеттемелері орындалуы үшін наурыздың аяғына дейін салық салуды оңтайландыру, ағымдағы инвестициялық шығыстарды қысқарту бойынша шаралар қабылданады» деген ол жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына түзетулер енгізілуі мүмкіндігін атап өтті.

Тағы бір жаңалық сол, Қашағанда коммерциялық мұнай өндіруді жаңғырту 2016 жылдың екінші жартысында жанданады деп күтілуде. Министр В.Школьниктің мәлімдеуінше, ағымдағы жылы Теңізшевройл 26,7 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ТШО-ны болашақта кеңейту жобасы бойынша шешім қабылданатын болады. Владимир Школьниктің сөзіне қарағанда, ТШО-ның кеңейтілген нысандарын іске қосу болжам бойынша 2021 жылға межеленіп отыр. Бұл аталған компанияның алдағы уақытта мұнай өндіру көлемін 38 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, құрылыс кезінде 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орны құрылады.

«Өткен жылдың желтоқсанында Қашаған жобасы бойынша барлық мәселелерді реттеу жөніндегі келісімге қол қойылды. Қашағанда коммерциялық мұнай өндіруді жаңғырту 2016 жылдың екінші жартысында жанданады» деді ол. Сонымен қатар, министр өткен жылы Қарашығанақта 11 миллион тонна сұйық көмірсутек өндірілгенін хабарлады. «Бұл көлем сақталады. 18 миллиард текше метр газ өндірілді. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес кен орындарын одан әрі дамытудың тұжырымдамасы әзірленуде. Негізгі мақсаты – пайдаланудың техникалық режимін оңтайландыру және жоба жүзеге асырылатын кезеңде республика пайдасына кірістің жоғары деңгейін сақтау» деді министр Президентке қарата айтқан сөзінде.

Өткен жылы Қазақстанда 22,8 мың тонна уран өндірілген. Өз сөзінде осы мәселеге де тоқталған министр 2014 жылы ҚХР-мен Қытай атом стансалары үшін Өскеменде отын жиынтығы зауытын салу бойынша құжаттарға қол қойылғанын еске сала отырып, елімізде АЭС салу бойынша жоба аясында жұмыстар жүріп жатқандығын жеткізді.

Жиын барысында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ел Президентіне Қазақстан мен Ресей рубль бағамының ҚР экономикасына ықпалын төмендету мәселелері бойынша келіссөздер басталғандығын мәлім етті. «Бірқатар кәсіпорындарда мәселелердің төртінші блогы рубльдің әлсіреуіне және қазақстандық өнімге сұраныстың төмендеуіне байланысты. Сіздің 9 ақпанда Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесу барысында қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Ресеймен өзара сауданың ағымдағы мәселелерін шешу үшін тиісті тапсырмаларды бердіңіз. Үкімет тарапынан ресейлік жақпен өзара тиімді шешімдерді әзірлеу бойынша келіссөздер үдерісі басталды» деді Бақытжан Сағынтаев. Оның айтуынша, әлемдегі дағдарыстық ахуалға және мұнай бағасының төмендеуін ескере отырып, өңірлердегі кездесулер барысында кәсіпкерлер көтерген қосымша мәселелері бар және олар Үкімет тарапынан жедел шешімді қажет етеді.

Іс-шара барысында  Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө.Шөкеев, Алматы қаласының әкімі А.Есімов, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Қ.Бозымбаев, Алматы облысының әкімі А.Баталов өткен жылдың қорытындылары мен 2015 жылға арналған жоспарлар жөнінде баяндама жасады.

 

Тиісті ведомстволарға арнайы тапсырмалар жүктеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің дағдарыс жағдайында ел экономикасын тұрақты өсіммен алып шығарына сенім білдірді. Сонымен қатар, әлемдік геосаясат картасында орын алып жатқан қиындықтарға байланысты дәл қазіргі жағдайда жедел және бірлескен түрдегі жұмыс істеудің маңыздылығын атап өткен Елбасы Үкіметпен бірлескен жұмысы үшін Парламентке алғысын білдірді.

«ҚазАқпарат» хабарлары негізінде дайындаған

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз