Әскерилердің 1,4 млрд теңге кредиттік төлемі кейінге қалдырылды
Қазақстанда 5 мыңнан асам әскери қызметшілердің 1,4 млрд теңге кредиттік төлемі кейінге қалдырылды. Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің бастығы Айдын Сағынбеков әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Президент тапсырмасымен қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мерзімді әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мерзімді әскери қызметтің беделі мен тартымдылығын арттыру бойынша жұмысты жүргізуде. Бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметшілерге кредиттік демалыс ұсыну шаралары іске асырылуда», — деді Айдын Сағынбеков Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Спикердің айтуынша, 2022-2023 жылдары 8,5 мың әскери қызметшіде банктерде және микроқаржылық ұйымдарда 3,2 млрд теңге сомасына 20,3 мың кредит бар. Бүгінгі таңда 8 800 қарыз бен микрокредиттер бойынша 5 000-нан аса әскери қызметшілердің 1,4 млрд теңге төлемдері кейінге қалдырылды.
Сонымен бірге, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беруде 70-тен астам мекеме мерзімді әскери қызмет өткерген адамдарға білім беруде қосымша жеңілдік ұсыну жөнінде Қорғаныс министрлігімен келісімге қол қойды.
Бүгінгі таңда әскерде қызмет өткерген 180-нен астам қазақстандық ақысыз негізде, 400-ден астамы ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсті.
Айта кетейік, Қазақстанда азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. 2023 жылғы 28 желтоқсанға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы 19 мыңнан астам ер азамат толықтырады. Соның ішінде мыңнан астамы Астана қаласынан шақырылады.
Фото: ҚазАқпарат