МЕЙІРБАН ЖҮРЕКТЕР ЛҮПІЛІ

Осыдан екі жыл бұрын құрылған «Жүректен – жүрекке» еріктілер тобы бүгінде қатары көбейіп, қоғамдық қорға айналды. «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы коммуникациялар қызметі бөлімінде өткен брифингке Астана, Ақтөбе қалаларынан келген еріктілер тобы мен облыс орталығындағы қоғамдық қордың жетекшілері қатысып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін алда атқарылатын жұмыстарымен таныстырды.

 

Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, ізгі істермен айналысатын бұл қор алғашында Атырауда құрылыпты. Кейін қатары көбейіп, еліміздің өзге де он қаласында жұмысын бастаған. Жағдайы төмен отбасыларға, жетім балалардың жанына демеу болып, дертке шалдыққан бүлдіршіндерге мүмкіндігінше қолұшын созып, халықты қайырымдылық жасауға шақырып жүрген жастардың ісіне қызыға да, сүйсіне қарайсың.

Жас болса да, жақсылыққа жаны жақын Атыраудағы қоғамдық қордың төрайымы Әйгерім Досқалиева еріктілер тобы жұмысын алғашында төрт-ақ адаммен бастағанмен, қазір олардың қатары 200-ге жақындағанын айтады.

«Жастардың ізгілік, қайырымдылық бағытындағы тырнақалды жұмыстары «Тамаша» сауда орталығында «Жан жылуымен бөлісу» деген девизбен басталған еді. Содан бері талай игі істер атқарылды. Бүгінде біздер Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Мәселен, Қазақстан халқы бірлігі күніне арнап, әр халықтың биінен флешмоб өткізбекпіз. Бұл шараға елуге жуық еріктілер қатыспақ. Жеңістің 70 жылдығына арнап жүзге жуық еріктінің қатысуымен әскери шеру өткізіп, Алмагүл ықшамауданына 70 түп ағаш отырғызатын боламыз», – деген ол қоғамдық қордың жұмысына қолдау көрсетіп келе жатқан бірден-бір адам  «Идеал» әмбебап дүкенінің басшысы Талғат Бекенов екендігін айтты.

Брифинг барысында Астана, Ақтөбе еріктілер тобының жетекшілері де өз қалаларында осындай игі істермен айналысатындарын, топ құрамына жат әдеттен аулақ, жүрегі мейірімділікке толы жастарды ғана алатындарын мәлімдеді.

М.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз