Табыс молайсын десеңіз…

IPO11 Жаңалықтар

Пайдаға кенелгіңіз келсе, ІРО-ға қатысыңыз! Қазақстан қор биржасында енді екінші деңгейлі банктер қарапайым акцияларын шығарып жатыр. Маусым айының соңында «Астана банкінің» құнды қағаздары саудаланады. Қаржы ұйымы 2,1 млн. дана бағалы қағазын орналастырмақшы. Оның әрбірінің құны 1150 теңге көлемінде болмақ. Бұл туралы компания ұйымдастырған роуд-шоу барысында белгілі болды.

IPO11

«Халықтық ІРО» не берді?

Еліміздің қор нарығында жұртшылыққа жеткізетін жаңалық көп. Қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, ұлттық компаниялардың белгілі бір үлескері болуды үйретуді көздеген «Халықтық ІРО» бағдарламасы мәресіне жетті. Мыңдаған қазақстандық «ҚазТрансОйл» мен «КЕГОК»-тың акцияларын иемденіп, қазір дивиденттерін алуда. Әрине, мемлекеттік бағдарлама басталған сәтте оған қатысатын бірнеше кәсіпорынның тізімдері анықталған. Экономикалық ахуалға байланысты екі компания ғана құнды қағаздарын орналастырып үлгерді.

Алайда, «Халықтық ІРО» тоқтатылғанмен, республикада қор нарығына қатысушылар саны күрт көбейді. Бүгінде брокерлік компаниялар клиенттерінің дені – жеке тұлғалар, сіз бен біз секілді қарапайым жандар. Бұрын шетелдік кинолардан ғана таныс биржа алаңын қазір жұртшылық еркін бақылап отырады. Келешегінен үміт күттіретін компанияларға инвестор іздеп, акцияларды орналастыруды ұсынатын брокерлік компания қатары да көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жиырмаға тарта осындай мекеменің филиалы қызмет етеді.

– Біз «Халықтық ІРО» кезінде шоттардың көптеп ашылуын, инвестициялық мүмкіндіктің мол екенін байқадық. Бағдарлама тоқтатылғанына қарамастан шағын компаниялармен бірлесіп жұмыс істей бастадық. Осыдан екі жыл бұрын қор нарығына Шығыс Қазақстанда орналасқан «BAST» компаниясының бағалы қағаздарын орналастырдық. Мыс, никель өндіретін аталмыш кәсіпорынның болашағы зор болғанмен, қаражаттың жоқтығынан кәсіпорын қызметін тоқтатыпты. ІРО-ға қатыстыру арқылы фабрика салуға 800 млн. теңге қаржы жинауға көмектестік. Қазір жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталды. Перспективасын ескерудің арқасында біз қызу жұмыс жасап жатқан өндіріске қол жеткіздік. Былтыр ақтөбелік зауыттың құнды қағаздарын саттыққа шығардық. Бұл жоба да сәтсіз болмады, – деп түсіндірді «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясының бас директоры Тимур Турлов.

Нарықта – жаңа акциялар

Жалпы, биржа алаңындағы сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек, ІРО-ға шығарылған компаниялар да қосымша инвестициялардың арқасында тұрмысын түзеп, жағдайын жақсартты. Бұл өз кезегінде акция құнының өсуіне оң әсерін тигізіп отыр. Мәселен, «BAST» компаниясының бір бағалы қағазының құны бастапқыда 21 мың теңгені құраса, күні бүгінде ол 40 мың теңгеден асқан.

Қазақстандық қор нарығында өзіндік орны бар жетекші брокерлік компаниялардың бірі «Фридом Финанс» акционерлік қоғамы осымен үшінші мәрте шағын бизнестің акциясын ІРО-ға орналастырып отыр. Дәлірек айтсақ, инновациялық жобалары арқылы қазақстандықтарға кеңінен танылған «Астана банкі». Аталған қаржы ұйымының басқарушы директоры Мұхтар Жанғабыловтың айтуынша, қазір банкте белсенді өсу кезеңі байқалады.

– Соңғы үш жылда ол бекітілген стратегиясы аясында тұрақты дамып, барлық басты элементтерді бір жолға қойды. Бүгінгі таңда банк карталарын 300 мыңнан аса клиент қолдануда, ал, қорымыз ай сайын 10-12 пайызға өсуде. Жыл соңына қарай қолданылатын карталар саны 500 мыңға жетеді деп жоспарлап отырмыз. 2019 жылы Қазақстанда мобильдік банк қолданушыларының саны жағынан көшбасшыға айналуды көздейміз. Қаржы ұйымы транзакциялық банкингті жан-жақты дамытып, шағын және орта бизнесті несиелеуге кеңінен қолдау көрсетуде, – дейді М.Жанғабылов.

Ал, ІРО арқылы қарапайым инвесторлардан тартылған қаражат әрі қарай банктің өнімдер тізімін көбейтіп, ІТ-инфрақұрылымын дамытуға, клиенттер қорын ұлғайтуға бағытталады.

– «Астана банкті» ірі бизнес десек те болады. Бірақ, соған қарамастан жас қаржы ұйымының құрамы шағын, болашағы зор, даму қарқыны жоғары. Өйткені, мұнда сандық қызмет көрсету аясы жақсы дамыған. ІРО-да 2,5 млрд. теңге қаражат тартуды көздеп отырмыз. Ол біздің ірі эмитенттеріміздің қатарында. Сондай-ақ, несиелік портфелі бойынша төлем қабілеттілігі тұрақты. Қаржы-қаражат жағдайы тоқыраған сәтте де банк көрсеткіштері төмендеген жоқ. Сондықтан, сарапшыларымыз акциялар құны айтарлықтай өсетінін болжап отыр, – деді «Фридом Финанс» бас директоры Тимур Турлов.

Сонымен, «Астана банкі» АҚ-ның қарапайым бағалы қағаздарының тикері – ABBN. ІРО-ның индикативтік бағасы – бір акция үшін 1 150 теңге. Нарыққа 2,1 млн. дана акция жол тартады.

«Тәуекел түбі – жел қайық…»

Рас, қор нарығы туралы сөз қозғағанда тәуекелді де айтпай кетуге болмайды. Екінші деңгейлі банк депозиттеріне қарағанда пайда көлемі жоғары болғанмен, биржада кепілдеме жоқ. Осы орайда роуд-шоуға қатысушылар тарапынан банктің келешегіне күдікпен қараушылар да көп болды. Өйткені, еліміздегі екінші деңгейлі банктердің бірігуі, банкротқа ұшырауы секілді ахуалдардан хабардар жұртшылықтан сенімсіздік туындауы заңды да. Оның үстіне, бір акцияның 1 150 теңгені құрауы – ақылға қонымсыздау. Табысты жүзеге асқан жобалардың бірі – «BAST» компаниясының әрі қарай өркендеуі неғайбыл. Себебі, оның өнімі қазір біртіндеп қолданыстан азайып келеді.

Әйткенмен, сарапшылар ІРО-ның тиімді болатынына сендірді. Құнды қағаз бағасының төмендеуі оның даму қарқынының көрсеткіші емес.  Ол бұдан да қымбат болуы мүмкін. Бірақ, ол кезде шығарылатын акция саны азаяды.

P.S: Әрине,  ІРО-ға қатысып, инвестициялау  әркімнің өз еркі. Бірақ, Қазақстан қор биржасы өкілдері жұртшылықтың белсенділік танытып, банктердің қарапайым акцияларының орналастырылуын жақсылыққа балайды. Ендеше, тәуекелге бел буып, өзгерістерді бірге бақылайық.

Айбөпе Сабырова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз