ӘСКЕРИ ПОЛИГОНДАР ЗАРДАБЫ

әлі жойылып кеткен жоқ, оны кешенді зерттеу керек

Қырық жыл бойы ядролық жарылыстардан көз ашпай келген қазақ даласындағы ядролық сынақтардың қоршаған ортаға, тұрғындар саулығына келтірген зардабы аз емес. Полигондық аймақтарды тереңірек зерттеп, сол жердегі тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету қашанда қажет. Бұл жөнінде халықаралық ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының  құрылғанына 25 жыл толуына орай өткізілген «дөңгелек үстел» барысында айтылды.

Атырау мұнай және газ институты базасында өткен жиын   барысында «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймақтық филиалының директоры Ізімғали Көбенов елде болған жарылыстардың зардаптарын әшкерелеуге, сынақ алаңдарын жабуға атсалысу азаматтық ұстаным екеніне тоқталды. «Ең алғаш жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов ядролық қаруға қарсы күресу үшін республикаға ұран тастап, үндеу жариялаған болатын. Сол сәттен бастап семейліктерге қолдау көрсету мақсатында түрлі митингілер өтті. Нәтижесінде «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. 

Қырық жылға созылған ядролық сынақ мерзімінде елде барлығы 470 жарылыс болды. Адам жанын ауыртар ел мен жердің бұл қасіреті халық жадында мәңгі сақталмақ. Өйткені, қаншама ұрпақ дүниеден озып, қаншама сәбилеріміз кемтарға айналды. Өкініштісі, мемлекет тарапынан оларға қаншама қолдау, көмек көрсетілсе де, қасірет халық жадында сақтаулы» деген Ізімғали Көбенов бұл оқиғалардың әлі де терең зерттеуді қажет ететінін атап айтты.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысындағы Байғанин, Шалқар, Мұғалжар аудандары қазір зерттеуді қажет ететін бірден-бір полигондар қатарына енеді.  Дейтұрғанмен, бұл аймақтарда қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастарға көмек көрсетіліп келеді екен. Бірақ, Маңғыстауға қарасты Қошқар ата полигондық  аймағында мұндай әлеуметтік көмек жұмыстары жоқ. Ал, Батыс Қазақстандағы Жаңақала ауданында сауықтыру орталығы жұмыс жасайды. Атыраудағы полигон аймақтары болған жерлерде де мұндай жұмыстар арттыруды қажет  етеді.

«Азғырлықтардың ауыз               су проблемасы – кезек күттірмейтін мәселе. Азғыр әскери сынақ полигонында бұрынғыдай сынақ жүргізілмесе де, ол жердегі тұрғындардың әлеуметтік ахуалы жыл өткен сайын күрделеніп барады. Себебі, экологиялық зардапты көрген ауданда әлеуметтік маңызды нысандар атымен жоқ. Сондықтан, бұл жердің тұрғындарын көшіру – басты міндет. Ондағы 100 тұрғын осыдан екі ай бұрын медициналық сараптамадан өткенімен, әлі күнге дейін нәтижесі дайын емес. Осы жайларды ескеріп, жұмысты әлі де ширату керек» дейді І. Көбенов.

Полигон аймақтарының тұрғындарға әкелген зардабы шаш-етектен. Сондықтан, бұл жерлерді ауыл шаруашылығы, басқа да жұмыстарға пайдалануға беруде сақтық қажет. Осы тақырыпта баяндама жасаған  Атырау мұнай-газ институтының профессоры Тілепқазы Ерғалиевтың айтуынша,  жарылыстардың адамның денсаулығына және биосфераға тигізген, әлі де тигізіп жатқан әсерлері нақты зерттелместен жатыр. «Жарылыстардың болашақтағы генетикалық әсері қандай болуы мүмкін?» деген мәселе мүлде зерделенбеген.  Құзырлы мекемелер кешенді ғылыми бағдарлама жасамаса, бұл мәселе шешілмейді. «Азғыр полигонының адам өміріне залалы жоқ» деп айту үшін ғылыми негізделген кешенді зерттеулердің қорытындысы керек. Бір ғана жалпылама зерттеу нәтижесімен жерді пайдаға жаратуға болмайды. Толыққанды зерттелмеген аймаққа дән егілсе, радиация өсімдік тамырлары арқылы жер бетіне кері шығады. Сондықтан, мұндай іске аса мұқияттылық керек» дейді ғалым. 

Одан әрі Атырау өңіріндегі Азғыр, Нарын, Тайсойған полигон аймақтары мәселелеріне    тоқталған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисенбиев зерттеу жүргізу бір немесе он жылдың жұмысы емес, бірнеше жылдар бойына жалғаса беретін кешенді іс екенін айтты.

Семей жерінде туып-өскен Атырау мұнай және газ институтының оқытушысы Мұрат Лекеров полигон зардаптарының адам бойында ұзақ сақталып қалатынын жеткізді. «Семей жерінде қатарлас өскен 90 азамат мектеп бітірген едік. Бүгінгі күні солардың жартысынан көбі өмірде жоқ. Бұл полигон зардаптарының көрінісі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, мұндай жайды ескеріп, бізді ғана емес,  ұрпақтарымызды да толық медициналық сараптамадан өткізу қажет. Себебі, адам бойында қалған радиацияның ұшқындары бір кездері қайта білінеді» деген ол осындай жандарға тегін медициналық қолдау көрсетуді қайта жандандыру қажеттігін айтты. Шынында да бұл назар аударарлық мәселе екені сөзсіз.

Шара соңында «Невада-      Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймақтық филиалының директоры Ізімғали Әбдірахманұлы полигон тақырыбындағы зерттеулерге үн қосып жүрген Атырау өңіріндегі бір топ азаматты Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов      «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының ардагері ретінде «Сегіз қырлы – бір сырлы» номинациясы бойынша көшбасшы мәртебесі берілген №7 сертификатқа ие болды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз