
Әскери даярлық: мектептегі жаңа серпін
Атырау қаласындағы «Сармат» мектеп-лицейінде облыстық ғылыми-әдістемелік конференция өтіп, онда мектептерде Алғашқы әскери және технологиялық дайындық (АӘжТД) пәнін оқыту мәселелері талқыланды. Облыстың Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің педагог-ұйымдастырушылары қатысқан шараны білім беру басқармасының әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
Сондай-ақ жиынға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен пән мұғалімдері қатысты. Олар оқу бағдарламасының жаңартылған мазмұны, практикалық дайындық әдістері мен патриоттық тәрбие беру тетіктері жөнінде тәжірибе алмасты.
Конференция басталмас бұрын Қарулы күштер, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар департаменті және басқа да әскери құрылымдардың көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде қару-жарақтар, құрал-жабдықтар мен арнайы киім-кешектер таныстырылды. Қару-жарақ түрлері, байланыс құралдары, қорғаныс киімдері мен әскери техника макеттері қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
– Қазіргі қоғамда жастарға патриоттық тәрбие беру – маңызды міндеттердің бірі. Ал бұл бағыттағы білім берудің негізі Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінде қаланады. Сондықтан мұғалімдер арасында тәжірибе алмасу, тиімді әдістерді енгізу – аса өзекті. Осы шара арқылы оқу-тәрбие процесіне заманауи әдістемелерді енгізіп, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттырумен қатар ұлттық қауіпсіздік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды жетілдіру жоспарланып отыр, — деді Қорғаныс министрлігі Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының аға сарапшысы Ерлан Закиев.
Шара барысында педагогтерге арналған шеберлік сабақтары, тренингтер мен ашық талқылаулар ұйымдастырылды. Мұғалімдер жаңа цифрлық платформаларды пайдалану, әскери тактикаларды модельдеу, алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі секілді практикалық дағдыларды меңгерді.
– Мұндай конференциялар біз үшін аса қажет. Себебі мектептегі әскери даярлық жұмыстары көбіне шаблонға айналып кеткен. Ал мұнда біз нағыз өмірлік жағдайларға бейімделген әдістемелермен таныстық. Қарапайым құрал-жабдықтар арқылы оқушыларды қызықтырып, ұлтжандылыққа баулудың жаңа жолдарын көрдік, — дейді қатысушылар.
Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің әдіскері Алтын Ғабитованың айтуынша, мұндай форматтағы кәсіби жиындар енді дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Майра ЕРҒАЛИ