Асқар МАМИН: Үкіметтің жаңа құрамы айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс
Atr.kz/26-ақпан, 2019 жыл. Бүгін Үкімет үйінде ҚР Министрлер Кабинеті жаңа құрамда алғашқы отырысын өткізіп жатыр.
Жиын барысында Премьер-Министр Асқар Мамин ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалған министрлерді таныстырды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында екенін айта келе, оның келесі Үкімет отырысына қатысатынын жеткізді.
Үкімет басшысы Елбасы Жарлығымен кейбір мемлекеттік органдар қайта құрылғанын еске салды. «Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр, бұл зор жауапкершілік. Сол сенімді ақтауымыз керек. Үкіметтің жаңа құрамы айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуын жаңа сапалы деңгейге шығару, халықтың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірінші кезектегі міндеттерді қойып отыр. Осындай нақты шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқатын арттыра аламыз», — деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.
Сонымен қатар, Премьер-Министр осы аптада «Нұр Отан» партиясының съезінде халықты әлеуметтік қолдауды күшейту және жұртшылықтың тұрмыс сапасын арттыру бойынша бірқатар жаңа іс-шаралар жарияланатынын атап өтті. «Осы орайда келесі Үкімет отырысында Елбасының тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты іс-шараларды талқылайтын боламыз», — деді Асқар Мамин.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»