«Қашаған» жобасы – Қазақстанның жеңісі
Әр жобаның өзіндік жемісі бар. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері іске асырылған іргелі жобалардың қатарында Қашаған кенішінің игерілуін айтуға болады. Бұлай деуіміздің бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл – бір ғасырдан астам уақыттан бері мұнай мен газ өндіріп келген еліміз үшін тың әрі алғашқы жоба. Екіншіден, біздің еліміз су айдынының астынан «қара алтын» өндіруге тұңғыш рет қадам жасады. Үшіншіден, Қашаған – әлемде соңғы 40 жылда ашылған ең ірі кеніш. Қазір әлемдегі ең ірі 10 кен орнының қатарынан орын алды. Төртіншіден, «Қашағандағы» көмірсутектің мол қоры елімізді мұнайы орасан мемлекеттер қатарынан лайықты орнын иеленуге басты себеп болды дей аламыз. Ең бастысы, тұйық су қоймасы саналатын Каспий теңізіндегі бұл кен орны еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ашылуымен үлкен маңызға ие болғаны даусыз.
Алғашқы қадам немесе Қашағанды құрықтау қалай басталды?
Рас, су айдынынан мұнай өндіру оңай емес. Сол себептен, Каспийдің қазақстандық секторға жататын Солтүстік бөлігінен кен орындарын барлау үшін шетелдік компаниялардың тәжірибесіне иек артудың, басқаша айтқанда, оларды жобаға инвестор ретінде тартудың қажеттігі туындады. Нақтылай айтқанда, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы алғашқы сейсмикалық барлау 1993 жылдан бастау алады. Теңіз табанына алғашқы бұрғы ұшы 1999 жылдың 12 тамызында салынды. Сол кездегі ОКИОК компаниясы Қашаған кенішін бұрғылау үшін «Сұңқар» жылжымалы бұрғылау қондырғысын Ресейдің Астрахань қаласында құрастырып еді. Содан кейін бір жылға жуық мерзім өткенде, яғни, 2000 жылдың жазында Қашаған кенішінде мол мұнайдың көзі табылғаны жария етілді. Демек, Қашаған кенішін жаңа мыңжылдықта ашылды деуге әбден болады. Сол кездің өзінде мұнда мол мұнайдың белгілері анықталып еді. Басқаша бейнелеп айтқанда, бұл кеніш теңіз табанында қайнарбұлақтай тұнған мол мұнайдың бастауы болғаны даусыз.
Бұдан кейін Қаламқас (қыркүйек, 2002 ж.), Оңтүстік-батыс Қашаған (тамыз, 2003 ж.), Ақтоты (қыркүйек, 2003 ж.) және Қайраң (қыркүйек, 2003 ж.) кен орындары ашылды. Кен орнын игеру үшін бірыңғай компания жауап беруі тиіс деген шешім қабылданып, 2001 жылы «Эни» компаниясы оператор болып танылды. Осы мақсатта «Аджип ҚКО» атты операциялық компания құрылды. Кен орнын бағалау жөніндегі кейінгі жұмыстар нәтижесінде 2002 жылғы маусымда Қашағанның коммерциялық ашылуы туралы жарияланды. Осындай ауқымды жобаны тиімді басқару мақсатындағы операциялық үлгі негізінде 2009 жылғы 22 қаңтарда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) компаниясы СКӨБК шеңберіндегі жобаның операторлығына таңдалды.
Солтүстік Каспий немесе қазақстандық сектор туралы не білеміз?
Алдымен, Каспий теңізі жөнінде аз-кем дерек. Бұл – дүние жүзіндегі ең ірі тұйық су қоймасы. Теңіздің ұзындығы 1200 шақырымға созылады екен. Орташа ені 280 шақырым, су бетінің ауданы 393 000 шаршы шақырымға дейін жетеді. Теңіздің 5 360 шақырымдық жағалауында бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түркіменстан бар. Солтүстік Каспий жобасының операторы НКОК компаниясы ұсынған мәліметке сүйенсек, Каспий теңізі су тереңдігіне байланысты үш аймаққа бөлінеді. Ең терең тұсына Оңтүстік бөлігі жатады. Ал, тереңдігі орташа тұсы Ортаңғы Каспий аталса, тайыз бөлігі Солтүстік Каспийдің еншісіне тиеді. Міне, осы Солтүстік Каспий Қазақстан аумағына жатады.
Жалпы теңіздің төрттен бір бөлігін алып жатқан Солтүстік Каспийдің тереңдігі шамамен 3-6 метр, бұл жерде жалпы теңіз су көлемінің бір пайыздан азы орналасқан. Каспий теңізінің ортаңғы аймағындағы орташа су тереңдігі 190 метрді құрайды. Ал, оңтүстік аймағы ең терең болып саналады және ондағы судың тереңдігі 1 000 метрден асады. Каспий теңізіне 130-дан астам өзен ағып құйылады, солардың қатарында Еділ өзені мен Жайық өзені де бар. Бұл өзендер географиялық орналасуына байланысты Солтүстік Каспийге құяды. Еуропадағы ең ұзын (3 700 км) өзендердің біріне жататын Еділге Еуропаның құрлық аймағының 20 пайызынан су ағады екен. Бұл өз кезегінде Каспий теңізіне келетін тұщы судың 80 пайызын қамтиды. Су құрамындағы тұздың аздығы, тайыз су және субарктикалық температураның қыс айларында – 30С градусқа төмендеуі Солтүстік Каспийдің қыста 5 айға дейін мұз құрсануына әсер етеді. Бұл аймақта қатты жел тұрып, үлкен төмпешіктерді құрайтын жылжымалы мұздар қалыптасады.
Бастапқы баррельдер немесе Қашағаннан қанша мұнай өндіріледі?
Қазақстан үшін Қашағаннан мұнай өндіру –тарихи оқиға. Оның үстіне кен орнынан мұнай өндірудің басталуы ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Мұны кездейсоқтық десеңіз де, сәйкестік десеңіз де, ел экономикасының одан әрі қарқынды өркендеуіне серпін берері даусыз. Тәуелсіздігімізді тұғырлы еткен мерейлі сәтте Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кеніштің бірі – Қашағаннан мұнай өндіріле бастады. Қашаған іске қосылған сәтте тәулігіне 75 мыңнан астам баррель мұнай коммерциялық деңгейде өндірілді. Алдағы уақытта мұнай өндірудің деңгейі бұдан да мол көлемге арттырылып, тәулігіне 180 мың баррель деңгейіне тұрақтандыру көзделіп отыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, былтырғы жылдың соңына дейін 1 млн. тонна мұнай және 680 млн. текше метрге жуық газ өндіру жоспарланған еді. Ал, биыл – 8,9 млн. тонна мұнай және 5,6 млрд. текше метр газ өндіруге қол жеткізу жоспарлануда. Бұдан кейінгі кезеңде жылына 13 млн. тонна мұнай және 9 млрд. текше метрге дейін газ өндіруді арттыру жоспары бар.
«Қашаған кен орнының ашылуы соңғы 50 жылда әлемдік энергетика саласындағы ең елеулі оқиға болды. Онда 4,5-тен 5,5 млрд. тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай және 3 трлн. текше метрдей газ қоры бар деп жобалануда. Қашаған қазақстандықтардың игілігін еселей түсетін тағы бір ірі жоба болып саналады»,-деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Атырау облысына келген сапарында. «Қашаған Қазақстан мен ірі әлемдік мұнай компанияларын ортақ мақсатқа жұмылдыра алды. «Эни», «Тоталь», «ЭксонМобил», «Шелл», Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы, «Инпекс» біздің елге бай тәжірибесі мен білімін ала келді. Біздің «ҚазМұнайГаздың» да қазір әлемдік деңгейдегі осындай компаниялармен қатар тұрғаны қуантады. Осы уақыт аралығында біз мұнайшылардың тұтас бір буынын даярладық, жаңа мамандықтар аштық, теңіз академиясын құрдық. «Қашағанда» 11 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыспен қамтылды. Сол арқылы жобадағы отандық кадрлардың үлесі 90 пайызға дейін ұлғайды. 2005 жылдан бері сатып алынған тауар, атқарылған жұмыс және қызмет көрсету ісіндегі Қазақстанның үлесі 12,7 млрд. доллар болып, 30 пайызға жетті. Теңіз операциясына қолдау көрсету флотының базасы, сондай-ақ, мұнай төгілген кезде жұмыс жүргізетін экологиялық база құрылды. Осылайша, біз кен орындарын пайдаланудың қарқынды кезеңіне көштік.»
Каспий теңізінің төріндегі Қашағанды игерудің нәтижесінде әлемдік стандарттарға сай келетін отандық теңіз сервистік инфрақұрылым қалыптасты деуге болады. Бұған Шлюмберже, Сименс, Энерджи Вуд Групп, Сайпем секілді халықаралық компаниялардың мамандары да өз білімдері, технологиялары және тәжірибелерімен бөлісу арқылы 70-ге жуық бірлескен компаниялардың құрылуына әріптестік танытты. Қашаған жобасында Қазақстан иелігіндегі үлесі 50%-дан астам 274 компания жұмыс жасайды. 180-нен аса қазақстандық компания оқудан өтіп, халықаралық стандарттар бойынша сертификатталды. Қашаған кенішінен өндірілген «қара алтын» «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына құбырмен жеткізіледі. Дәл қазір су астымен және құрлықпен «Болашаққа» тартылған құбырмен тәулігіне 100-120 мың баррель көлемінде мұнай жеткізілуде. Ал, мұнда мұнай құрамы газ, күкірт, меркаптан секілді сан түрлі қоспалардан тазартылады. Ірі зауытттан еш айырмасы жоқ секілді көрінетін «Болашақ» қондырғысының ұзындығы да едәуір. Оның құрылысына салынған инвестицияның көлемі 23,9 млрд. АҚШ долларға жеткен. «Болашақта» 400 адам еңбек етеді. Ал, ірі қондырғының қуаты тәулігіне 450 мың баррель мұнайды өңдеуге жетеді. Сондай-ақ, мұнда 6,2 млрд. текше метр газ, 1 млн. тонна күкірт тауарлық шикізат ретінде дайындалады. Мұнда 4 млн. тоннаға дейін күкіртті сақталатыны болжанып отыр.
Қашаған –тәуелсіздіктің, жасампаз істердің жемісі. Осы жоба арқылы елімізде су астынан мұнай өндіру жылнамасы бастау алды. Қазақ елі бұдан былайғы кезеңде Қашағанның қайнарбұлағы іспетті мұнайын Қара теңіз, Баку-Жейхан, Атасу-Алашаңқай бағыттарына да тасымалдайды. Бұл елімізде өндірілетін көмірсутекті шикізат қорының да, сондай-ақ, мұнай экспортының көлемін де бірнеше еселеп арттырады. Демек, еліміздің экономикалық қуаты да, әлеуметтік әлеуеті де еселене береді.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ