«Асау жүрек, сабыр ет…»
Atr.kz/20 қараша, 2019 жыл. Бұл шумақтар әкеме арнап жазған «Балапан» атты поэмамнан үзінді…
«Әкем менің жігіттің тұлпарынан,
Құлыншақтай кезінен ел таныған.
Асауларша алқынбай алғы топта
Басып озған бір күнде алтауынан.
Жалғыз шумақ өлеңнен ел таныған,
Серілерше салданбай жел қайырған.
Тұнжырамай, қамықпай, озбыр болмай
Жалғанды басып өткен жалпағынан.
Көлгірсімей, күйінбей еш адамға,
Адалдықпен қайраған төсін арға.
Арамтер боп алысқа ат шалдырып
Атақ үшін қоспаған көшін алға.
Отауы – орта мектеп ауылдағы,
Ауыл мекен, топырағы жаны-дағы.
Туған жерде қызғыштай жыршы құс боп
Төсінде Кең Жылойдың дамылдады».
Менің әкем осындай адам еді. Бала кезімде «Ласточка» деген шоколадқа өте құмар болдым. Бірақ, ол кәмпит шкафта тұратын, қонақ келгенде дастарханға қойылатын. Төрт жасар кезім болуы керек, бір күні әкем он күндей үйде жатып қағаз жазды. Кәмпиттің жанында отырғанын біліп, мен де айналшықтап қасынан шықпай қойдым сау тісімді ауру қылып.
Қасына барып: тісім ауырып тұр деп қыңқылдап ем, сөзіме құлақ аса қоймады. Сосын әндетіп «Тісім-тісім тістеуік, Тейреуішпен түйрелік, Молаға қарай сүйрелік» деп едім, маған қарап: «мынау не деп отыр» деп ұрсып тастады. Қолыммен жағымды ұстап «Тісім қатты ауырып тұр, анау шкафтағы «Ласточка» деген шоколадтан үш-төртеуін жесем жазылып кететін сияқты» дедім жыламсырап.
Әкем шкафқа қарағанда, мен «кілт шкафтың үстінде тұр ғой» дедім. Сол күндері әкем де қағазын жазып бітірді, мен де шкафтағы кәмпитті жеп бітірдім. Төртінші класта оқып жүргенімде бірде әкемнің анама айтып жатқан әңгімесін құлағым шалып қалды. Ол кезде «Қазақстан пионері», «Пионер» журналын жаздыртып аламыз. Әкем: «Осы күні балалар да қызық қой. Қостанайлық бір оқушы бала «Шырқау» деген кітабымдағы өлеңімді көшіріп алып, «Пионер» журналына жариялап қойыпты.
Фариза апайдың журналды қарауға қолы тимейтін шығар» деп айтып жатыр екен. Жүгіріп барып кітап сөресіндегі «Шырқау» кітабы мен «Пионер» журналын ақтара бастадым. Иә, шынында көшіріп алыпты. Содан қолыма қалам алып, журналдың бас редакторы Фариза Оңғарсыноваға хат жаздым. «Құрметті Фариза Оңғарсынова! Сіздің журналыңызда бір бала әкемнің өлеңін өзімнің өлеңім деп көшіріп қойыпты. Папам сізге қатты өкпелеп жүр».
Үлкен шаруа бітіргендей, тиын сұрадым. «Тиынды қайтесің» деп сұрады әкем. Конверт сатып алам. «Конвертті қайтесің? Мен Фариза Оңғарсыноваға хат жаздым» деп ем, «алып кел, хатыңды» деді. Сосын оқыды да, хатты олай жазбайды, былай жазады деп маған айтып тұрды. Мен жаздым. «Құрметті «Пионер» журналының редакциясы» деп басталатын хатымызды Алматыға жолдадық.
Содан маған «Пионер» журналынан ағылып хаттар келе бастады. «Маржан, сен аңғарымпаз бала екенсің, нағыз пионер екенсің. Хатыңды оқып қуанып қалдық. Тағы да хат жазып тұр. Бізге мақала, өлеңдерің болса жолдай бер». Осылайша «Пионер» журналымен достастым. «Пионер» журналының жас тілшісі, бір жылдан кейін лауреаты атанып, сол кездегі Қазақстан ЛКСМ деген үлкен мекемеден екі рет грамота алып, республикалық слетке де шақырылдым.
Осылайша менің өлеңге жолым ашылған еді. 90-шы жылдардың ішінде Атырау университетінде бірінші курста оқып жүргенімде әкем мені бір шараға ТШО-ға алып барды. Ол кезде «Венгрлер қалашығы» деген болатын. Сол жерде керемет дүкен бар екенін естігесін сонда бардық. Жұмақ деген осы шығар деп ойладым. Дүкендегі дүние көздің жауын алады. Ол кезде біздегі дүкендердің сөресі бос қалған кез еді.
Көзіме түскеннің бәрін алдыма жинай бердім, маған салса осы дүкенді бар дүниесімен көтеріп кеткім-ақ кеп тұр. Таудай үйген заттарыма бір қарап, маған бір қарап әкем қолын қалтасына салды. Ақша жетпейтін еді бәріне. Әкем сол кезде маған бір ақылды әңгіме айтты.
Кейін әкем осы оқиғаны өлең ғып жазды: «Дүкендердің сықап тұрған сөресін, Дүниесін өз көзіңмен көресің. Көресің де, көп қызыға бересің. Әр нәрсенің жөні бар ғой қызым-ау Әкеңнің де айтқанына көнесің. Ақыл айтқыш әдетіммен баяғы, Тәмам болды сөзімнің де аяғы. Ал сатушы кездемені қып-қызыл Қызықтырып алдымызға жаяды. Өз кәсібін адал сүйген бұл адам Қалтамызға қандай қаржы қояды?
Ойлайсың ба, оранам деп барқытқа? Әзір бастан қолды созба артыққа. Білесің бе, шешең сенің жасыңда Шеттен келген шәйі жібек тартып па?! Одан-дағы он орамал ала сал Әжелерге үлестірер сарқытқа. Қызым сонда жадыратып қабағын:
– Базарлық та, басқасын да аламын. Сенің арқаң Маржан болып жүргенім Сен болмасаң ұлутас боп қаламын. Аға деймін, Алатауым өзіңсің Сүрінгенде тірелетін табаным. Қарашығым тауып кетті…не дейін?! Көзімде — жас, өксік атты көмейім. Ал бәрін де, ақша құрсын, берейін. Мен тіріде үстем болсын мерейің. Қарғаларым, бір қараға жеткізсем Қарабайға ұқсамайын… өлейін»
Әкем менің өлең жазғанымды қаламады. «Қасқаң-ау, өлең деген бақыт емес, сор мен бейнет қой. Сорына көнсең де, бейнетін қалай кешесің» деп ұрсатын. Әкемнің айтқаны рас екен. Мен мұны жылдар өткен соң сезіндім. Мен таныла бастағанда, кейбір адамдар күмәнмен қарады. «Мынадай тәтті сөзді қалай тауып айтты дейсің? Әкесі жазып беретін шығар» деген сөздер әр жерде айтылып жататын.
Бірақ, менің бар ойым өлеңде болатын да, сөздерге көп мән бермейтінмін. 2003 жылы Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойы өтіп жатқан тұста Атырау университетінде қызмет ететін бір адам жаныма келіп (ол кісі қазір бар): «Әкеңнің жазып берген өлеңімен күн көріп жүрсің» деп тиісіп сөйлей бастады. Мен оған: «Бұл сөзіңізді менен басқа ешкім естімеді ғой, плакатқа жазып көшеге шығыңдар, ел көрсін, естісін» деп едім, ол тілін тістеп кете барды.
Кейін бұл әңгімені әкеме айтып «күшті айттым емес пе?!» дегем. Сонда әкем: «Елдің бұралқы сөзінің бәріне жауап берем десең, бағытыңнан адасасың ғой» деді де қойды. Сол жылдың аяғында облыс әкімінің қолдауымен «Атырау ақынжазушыларының 100 томдығы» шығып, оның 58-томына менің өлеңдерім енді. Кітап республика кітапханаларына тарап кеткен.
Кітапқа қарасам, өз өлеңдерімді көріп шошып кеттім. Бар бояуынан айырып, сөздерін өзгертіп, үзіп-жұлып түсініксіз шатпақ қып жіберіпті редакция алқасы. Редакция алқасы өзіміздің Атыраудан шыққан ақындар. Бұл әдебиет базарына бет алған жас ақын үшін зор соққы еді. Әкем де қатты қиналды сол кезде, маған «әйтеуір кітабың көппен шығып қалды ғой, ештеңе етпес, жассың ғой» деп жұбату сөзін айтып қоятын.
Мені жұбататын сөз тапқанмен, өзін жұбататын сөзді таба алмаған шығар деп ойлаймын. Редакция алқасымен айқайласып, соттасып жүрсем, әкем айтқан бағытымнан адасып қалар едім ғой. Осы кітаптан соң, ойланып, маржан деген су астында жататын тас қой, «Айек» деп айды аспанға бір шығарайыншы деген арманшыл жастық екпінмен, 2004 жылы «Шырақ» деген кітабымды «Айек» деген псевдониммен шығарып, әдебиеттің есігін қатты қақтым.
Әкем мен псевдониммен кітап шығарғанда қатты қуанды. Тек алға жүру керек деді. Ақындық тағдыр дейді. Ақындар кейде өз өлеңдерінде болашағын да болжайды. Бірақ, оны өздері сезінбейді деген сөздер айтылып жатады. Әкем Аманқос елу жыл бұрын: «Асау жүрек сабыр ет, атыларсың Көкірегімнің қақпасын қақ айырып» деп жыр жазыпты. Сол ақын жүрегі, асау жүрегі, абзал жүрегі өз өлеңінде жазғандай, біраз жылдар бойы жанына батып, ауырып сыздай жүріп, күйіп кетті. Әкемнің шығармаларын жинап бастырып, оқырманымен қауыштыру менің перзенттік парызым деп білемін.