Арзан көліктің әлегі
«Жолдасым «темір тұлпар» тізгіндегелі бері екеумізге бір көлік аздық етіп тұр.
Салоннан жаңасын сатып алуға қалта көтермейді. Қазір жұрттың бәрі арзан автоны Армениядан әкеліп жатыр ғой. Аз-мұз қаржымды тәуекел етіп, асқар таулы, ну орманды елге тартып кетсем бе екен? Алайда, заңға өзгеріс енгізілсе, сан соғып қалмаймын ба? Қандай кеңес бересің?» деген танысымның бұл сауалына «әп» дегеннен жауап бере алмай, көңілім күптеніп қалғаны жасырын емес.
– «Тәуекел түбі – жел қайық» демекші, жақында баламның достары 2 млн. теңгеге соңғы маркалы «Тойота» автокөлігін сатып әкеліпті. Бұрын қанша жыл «жүргенін» білмеймін, әйтеуір, сырты – бүтін. «Армения қайда, біз қайдамыз?» деп қорыққанмен, істің мәнісін білетін атыраулық жігіт бірге барып, жол сілтеген. Әлгі азаматтың тұрақты жұмысы жоқ екен, сондықтан, 40 мың теңгеге осындай қызмет түрін ұсынатын көрінеді. Арменияға жеткенше қандай сомаға қандай көлік керектігін ұғып алған ол бірден сатушыларға клиент сұранысын жеткізеді екен. Сауданың тілін бес саусақтай меңгерген олар қажетін тауып беріп, екі күнде-ақ ескі де, жаңа да автомашинамен елге оралады. «Темір тұлпарды» сол жақта тіркейді, техникалық ақаулығын тексереді. Қазір Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлар еш кедергісіз әкелініп жатыр, — дейді қала тұрғыны Асылбек Өтегенұлы.
Мәселенің бәрі осыдан туындайды. Осыдан үш жыл бұрын елімізге аталмыш одақ аясында ескі көліктерді әкелуге рұқсат етілді. Нақтырақ айтсақ, «еуро» стандарты алынып тасталды. Ескі «темір тұлпарлар» шығарылған жылына қарамастан, тіркеуге алынады. Мәселен, 2015 жылы Ресей мен Беларусь нөмірін таққан автокөліктерге қатысты заң үш жылдан кейін Еуразиялық одаққа қосылған Армения мен Қырғызстаннан ат арылтқан машиналарға да қолданылды.
Осыдан екі-үш жылдай бұрын Ресейдегі қаржылық ахуалды пайдаланған қазақстандықтар арасында «су тегін» автокөлік мінгендер қатары қалыңдады. Ең танымал деген темір тұлпарларға талдама жүргізе келе, біздің елде сатылып жатқан машиналарға қарағанда, солтүстік көршімізден әкелініп жатқан көліктердің кәдімгідей арзан екендігі айқын аңғарылды. Тіпті, 600-700 мың теңгеге темір тұлпарлар әкелгені әлі жадымызда. Сөйтіп, Ресеймен арадағы көлік импорты бірнеше есе артты. Әрине, Еуразиялық экономикалық одаққа еніп, тауар тасымалына шектеу қойылмағаны жақсы. Оның үстіне, өзімізде қолже-тімсіздеу болған соң, отандастар өзгенің өніміне құмартып-ақ жүр. Көлік тасымалдаушылардың көбі темір тұлпарды шекаралас Астрахан, Самара қалаларынан таситын көрінеді. Енді олардың тізіміне Армения елінен келген автокөліктер қосылған.
– Бүгінгі таңда экономикалық одақ шеңберінде сатып алынған көлікке ешқандай құн салығы төленбейді. Тек кәсіпкерлік мақсатта ғана әкелінген автобус немесе ГАЗель секілді жүк машиналарына ғана 12 пайыз қосымша құн салығы салынады, — дейді Атырау облысы мемлекеттік кірістер департаменті Үшінші елдердің кеден одағының импортын әкімшілендіру бөлімінің басшысы Жеңіс Махмудов.
Ашығын айтқанда, жұртшылықты алаңдататыны – техникалық тексерістен өткізіп, аймаққа тіркеуі. Облыстық ішкі істер департаменті, әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асылбек Жауымбаевтың айтуынша, заңға сәйкес басқа мемлекеттерде тiркелген және Қазақстан Республикасының аумағына бір жылдан кем мерзiмге әкелiнген жеңiл, жүк автомобильдерi мен автобустар, мотоциклдер мен мотороллерлер, автомобильдердiң құрамында жүруге арналған тiркемелер мемлекеттік тіркеуге жатпайды.
– Заңдылыққа сай Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден де, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден де (Армения – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бірі-авт.) әкелінетін көлік құралдарына олардың экологиялық нормаларға сәйкестігі бойынша қойы-латын талаптар 5-ші экологиялық кластан төмен болмауы тиіс. Сондай-ақ, қауіпсіздік жастығының, блок қоюға қарсы тежеу жүйесінің (ABS), балалар отырғыштарын бекіту жүйесінің және күндізгі жарық шамдары бойынша М1 (жеңіл) санатындағы көлік құралдарының конструктивті параметрлеріне қойылатын міндетті талаптар айқындалды, — дейді Асылбек Жауымбаев.
Ал, еліміздегі «Жол жүрісі туралы» заңның 88-бабына сәйкес, міндетті техникалық қарап-тексеру шыққан жылын қоса алғанда, шығарылғанына жеті жылдан аспаған Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрiсiне қатысатын және уәкiлеттi органда тiркелген механикалық көлiк құралдары мiндеттi техникалық қарап-тексеруге жатады. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының тіркеуінде тұрған автокөлік құралдары техникалық байқаудан өте алмайды. Демек, темір тұлпарды жергілікті жерде тіркегенде ғана барлық құжат рәсімделеді.
Еуразиялық одақ шеңберінде әкелінетін ескі автомобильдерді елімізде тіркеу кезінде оның утилизациялық шығынын өтеу қажет. Көпшілікті толғандыратыны да – осы. Себебі, автожүргізушілердің айтуынша, құны 1-2 млн. теңгенің утилизациялық шығыны да бағасынан артық болмаса, кем түспейді. «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС-нің баспасөз қызметінен алған мәліметке сүйенсек, автокөлік құралдарына қатысты утилизациялық шығынның базалық мөлшерлемесі мен коэффициент төлемі (50 АЕК-авт.) қозғалтқыш көлеміне байланысты алынады. Айталық, биыл бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2405 теңге десек, қозғалтқыш көлемі 2 000-3 000 текше сантиметр болатын жеңіл көліктерге 10,0 коэффициенттік төлем қосылады. Демек, биыл ауқымы осындай темір тұлпарға 1 202 500 теңге төленуі тиіс. Сонда бір миллион теңгеге әкелген арзан көлігіңізді жергілікті жерге тіркейтін болсаңыз, тағы да осынша қаражат төлеуге тура келеді. Ал, жүк көліктері мен автобустарға мүлде басқаша мөлшерлеме тағайындалған.
Тобықтай түйін:
Расында, қазіргі таңда еліміздегі автокөліктердің бағасы айтарлықтай қымбат. Қазақстанда құрастырылған отандық өнім тиімді пайызбен несиеге берілсе де, оны бірнеше жыл бойы өтеуге аса қызықпайтыны ақиқат. Сол себептен, жұртшылық Еуразиялық одақтың мүмкіндігін пайдаланып, Армениядан ескі көліктерді әкелуде. Бейресми дереккөздер мұның ұзаққа созылмайтынын, заң шықса, бұл темір тұлпарларға мүлде тоқтау салынатынын айтса, енді бір тарап белгіленген мерзім өткеннен кейін армяндық нөмірлі темір тұлпарлар шекара асып, жүрісін қайта жалғастыратынына сенімді. Алайда, қалтаға қолайлы болғанмен, өзіміздің емес, өзгенің экономикасын өркендетуге үлес қосып жатқанымыз өкінішті.
Айбөпе САБЫРОВА