Жарнама
Жаңалықтар

Артық қаражат бюджетке кері қайтарылады

Мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы енді онлайн түрде де бақылауға алынатын болады. Жақында Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесі арқылы өңірдегі 63 білім беру, 8 дене шынықтыру, спорт, 6 денсаулық сақтау ұйымына мониторинг жұмыстарын жасаған. Нәтижесінде 132  млрд. теңгеге ден қою шаралары жүргізілген. Бұл мемлекеттік аудит нысандарына шықпай-ақ электронды түрде қаржылық кемшіліктерді шұғыл анықтауға, жымқыру фактілерінің алдын алуға мүмкіндік бермек. 

​Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті, жоспарлау-талдау, есептілік және сапаны бақылау бөлімінің басшысы Саягүл Сапарованың айтуынша, мониторинг барысында нормадан артық есептеулер жүргізу, ақыларды бірнеше рет аудару, іссапар шығындарына негіздің болмауы, карт-шоттар бойынша мәліметтердің қате енгізілуі, 1С бағдарламасы арқылы азаматтардың ЖСН қате енгізу деректері анықталған.  

–Нақтылап айтсақ, С. Шарипова атындағы Доссор мектеп-интернатының бас есепшісінің карт-шотына жалақы түрінде өткен жылы 8 126 108 теңге, мектеп директорына 11 746 885 теңге бюджет қаражаты бойынша ықтимал бұзушылықтар анықталды. Дер кезінде шара қабылдау үшін кәсіпорынға, бағдарлама әкімшісіне төленген бюджет қаржысын қайта қарау үшін хат-хабарлама жолданып, бүгінде артық аударылған ақшаны қайтару жұмыстары жүргізілуде,-дейді Саягүл Сапарова. Бөлім басшысының баяндауынша, мұндай кемшіліктер облыстағы басқа да оқу орындарынан анықталған. Сондай-ақ, Атырау облысы обаға қарсы күрес станциясының қызметкерінің карт-шотына биыл 9 750 555 теңге қаражат аударылғаны белгілі болған. Мекеменің жауап хатында механиктің лауазымдық міндетін қосымша атқарғаны үшін төленетін қосымша жалақысы пайыздық көрсеткішпен қате есептеліп 9 606 108 теңге артық аударылғаны жазылыпты. «Бұл ақша мекеменің есепшотына кері аударылды. Орын алған олқылықтарға қарап бюджеттік бағдарлама әкімгерлері тарапынан есепшілердің қаржы операциялары қадағаланбаған деуге болады. Тіпті, кемшіліктердің «басы-қасында» әкімгерлердің өздері отыр деген қорытынды шығады. Өйткені, бұзушылықтар бойынша әкімгерлер қателесіп аударып қойғандығын айтқан. Қателік кетсе неге осы «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі жүйесімен анықтағанға дейін бірде-бір қызметкер, басшы өз еріктерімен мемлекет қаражатын қайтармаған?»-дейді Саягүл Сапарова. 

А.МҰРАТҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button