Қарттар үйінде акция өтті
Бүгін №4 арнаулы әлеуметтік орталық – облыстық Қарттар үйінде Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ақ орамал» акциясы аясында «Жақсылық жаса» атты шара болып өтті. Оған облысымыздағы «Светоч», «Иверия», «Татулық», «Тхоньил» этномәдени бірлестіктері қатысты.
Аталмыш шараны «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Тамара Аман-Турлина ашып, ұйымдастырылып отырған акцияның мәні мен маңыздылығына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, осы шараға қолдау көрсеткен спортшы Андрей Котов, этномәдени бірлестік басшылары – Зураб, Бобохидзе, Людмила Ли, Раиса Битковалар қарттарға өздерінің жүрекжарды лебіздерін арнады. Қарттар үйінің тұрғыны, білім беру саласының ардагері Людмила Славова өздеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жандардың баршасына қарттар үйі тұрғындарының атынан ризашылық сезімін білдіріп, өздеріне облыстық әкімдік тарапынан қамқорлықтың тұрақты түрде көрсетіліп отыратындығын жеткізді.
Шара соңында оған қатысқан этномәдени бірлестіктер қарттар үйіндегі көңілі жабырқаулы жандарға өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынып, ұлттық тағамдарын тарту етті.
Лиза СЕЙТІМОВА