Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Арнайы құрылған жұмыс тобы Жылыой ауданында кездесулер өткізді

Газетіміздің өткен  нөмірінде терроризм мен экстремизмнің алдын алу мақсатында облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, Жылыой ауданында жұмысын бастағаны жөнінде хабарлаған болатынбыз. Аталған топ жеті бағыт бойынша, атап айтсақ, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бизнесті дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу, діни мәселелер, ақпараттық жұмыс және терактілерге қарсы дайындық бойынша үш күндік шаралар өткізді.

ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ БҰЗЫЛМАСЫН

Ислам – бейбітшілік бастауы

«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы қызметкерлерімен кездескен облыстық прокуратураның бөлім басшысы Аслан Нұрғалиев, дін істері басқармасы ақпараттық талдау орталығының директоры Айбек Аташев діни бағыт және қолданыстағы заңдылықтар жөнінде түсінік берді.

—  Экстремизм мен тероризмнің таралуының үш бағыты бар, — деді Аслан Нұрғалиев.  — Ең біріншісі – діни әдебиеттердің белгіленбеген жерде таратылуы. Осындай материалдарды жүйелі түрде анықтап, әрі қарай еліміздің аумағында таратылуына жол бермеу мақсатында шаралар қабылданды. Жасырын орындарда топтасып уағыз айту, теріс  насихат жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік желілер арқылы жағымсыз ортаға еріп, оларға еліктеп кету де адамдардың жат ағымдардың құрығына түсуіне апарады. Біз теріс ағымға итермелейтін сайттарға жиі мониторинг жасап отырамыз. Алайда, интернет – әлемдік кеңестік. Бір сайт жабылып жатса, басқа жерден ашылып отырады. Сондықтан, балаларыңызға жиі көңіл бөліп, әлеуметтік желілердегі достарын да бақылап отыру керек.

Кездесу барысында терроризм мен экстремизмді насихаттау арқылы Қылмыстық Кодексте көрсетілген заңды жауапкершіліктер түсіндірілді.

— Қазақстан тәуелсіз ел болып танылған соң дін бостандығы жаңа арнаға түсіп, өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Сондықтан, өз азаматтарының заң жүзінде діни сеніміне, таңдауына және ұстану құқығына кепілдік береді. Десек те, бүгінде көптеген қандастарымыз топ-тобымен жат ағымдардың жетегінде жүргені жасырын емес. Ағымдардың шырмауына түсіп жатқан жастардың осал тұсы – діни сауатының дұрыс қалыптаспауы, білімінің төмендігі, — деп Айбек Аташев дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерді ұстанушыларды өзара салыстырып өтті.

Талап бәріне бірдей

Мектептегі киім кию үлгісінің заңдылықтарын сақтау,  ұлттық тәрбиенің бірлігі  мен сабақтастығын байланыстыра отырып, жастарды отансүйгіштікке баулу мәселелері «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалындағы кездесуде кеңінен талқыланды. Топ мүшесі, облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Байжан Шамұрат тиісті министрлік бекіткен ережелерді таныстырды.

—  Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, заңға бағынуымыз керек. Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтарда шыққан бұйрығында мектептердегі міндетті форманың талаптары бекітілген. Мұнда мектеп формасында ешқандай діни атрибуттардың болмауы, әртүрлі конфессиялардың киім үлгілерінің элементтерін қосуға тыйым салынатындығы тайға таңба басқандай көрсетілген. Сондықтан, білім беру орындарына орамал тартып немесе балақты қысқартып баруға болмайды. Ең алдымен,  осы талапты ата-аналар орындауы тиіс, — деп атап айтты ол.

Қыз балаларға хиджаб кию – Алланың парызы екендігін алға тартқан аудан тұрғыны Мұрат Молдағалиев заң қабылданарда қоғаммен, халықпен санасу керектігін жеткізді. Ал, зейнеткер Наурызбай Төлеуов мектеп – тәрбие ошағы, онда талап бәріне бірдей екендігі туралы  ойын ортаға салды.

ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ БҰЗЫЛМАСЫН-2

Экстремизмнің қауіптілігі неде?

Терроризм актісінің қаупі туындаған немесе жасалған жағдайда не істеу керек? Бұл жөнінде топ мүшелері Мұнайшылар клубында халық көп шоғырланатын орындар басшыларына түсінік берді.

Атырау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Аман Меңдіғалиев бірқатар кеңестер айтты.

— Терроризм актісі туралы хабарлама түскен кезде әңгіменің нақты мазмұнын есте сақтау және дыбыстық фонды аңғару қажет. Мекеменің қауіпсіздік қызметін және құқық қорғау органдарын дереу хабардар етіңіз. Ал, қауіп төнген жағдайда халықты дереу эвакуациялауға дайын болыңыз. Жарылғыш құрылғы тапқан кезде оны ұстауға, орнынан қозғауға, ашып қарауға мүлдем болмайды. Сізден бар талап етілетіні – құзырлы органдарға уақытында хабардар ету және қызметкерлердің қауіпсіздігін ойлау, — деді  ол.

Жылыой аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ерлан Өскенбаев теракт жағдайынан кейін орын алуы мүмкін өрт кезіндегі  іс-қимыл шараларын түсіндірді.

Сонымен қатар, жұмыс тобы мектептер мен колледждерде болып, оқушыларға діни бағытта түсінік берді. Патриотизмге тәрбиелейтін бейнероликтер көрсетілді. Теңіз кенішіндегі «Сичим», «Сенімді құрылыс», «Құлсары мұнай құбырлары» мекемелері жұмысшыларымен де осындай кездесулер  өтті.

P.S. Ислам – ізгілік діні. Ол ешқашан адамдардың бір-бірімен қырғи-қабақ болуын, жанжалдасуын қаламайды. Ежелден Ислам дінін өмірінің бұлжымас қағидасына айналдырған ата-бабаларымыз бөлінуге емес, ұрпағын бірігуге шақырды. Топ мүшелерінің басты мақсаты – осыны түсіндіру, жастар санасына сіңіру. 

Жаңа жылдан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүзеге аса бастады. Жаңа бағдарлама болғандықтан, тұрғындар, кәсіпкерлер арасында түсініспеушіліктер туындауы әбден мүмкін. Осы мәселені ескерген топ мүшелері – облыстық басқармалар, жұмыспен қамту мекемелері және «Даму» ауыл шаруашылығын қолдау қорының өкілдері аудандағы Қосшағыл, Жаңа Қаратон, Майкөмген және басқа да елді мекендерді аралап, түсінік жұмыстарын жүргізді. Бизнесті ашу және жүргізу, мемлекеттік сатып алу заңдылықтары нормаларын, ұсынылып отырған жеңілдіктер, субсидия алу ережелерін кеңінен түсіндірді.

Әлеуметтік мәселелерді шешу бағыты бойынша жолға шыққан жұмыс тобы мүшелері Жаңа Қаратон, Қосшағыл, Жем, Тұрғызба, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай ауылдық округтері мен аудан орталығы – Құлсары қаласында тұрғындарға «Өрлеу» жобасының жүзеге асу тетіктерін, жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек, саладағы заңдылықтар, бейімдеу шаралары туралы түсіндіріп, ауыл тұрғындарының сұраныстарына орай дәрігерлік тексерулер жүргізді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button