АРМЫСЫҢ, АРҒЫМАҚ ЖЫЛ!
— Өткен жыл облысымыз үшін сәтті кезеңдердің бірі болды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері артты. Бұл жетістіктерге қол жеткізуге барлығыңыз да үлес қостыңыздар. Сол үшін облыс әкімі мен өз атымнан алғыс білдіремін, — дей келіп, шаһар басшысы Серік Кенғанұлы жаңа жылда сәттілік, елдің тыныштығын және зор денсаулық тіледі.
Шат-шадыман көңіл-күйде жүрген жастармен қоса қариялар да, сәбилерін жетектеген жас жұптар да өткен жылдың соңғы минуттарын орталық алаңда өткізді. Кештің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар да қала тұрғындарының арасынан табылып, мереке мен қуанышты сәтті бірге бөлісті. Балаларға сыйлық таратты.
— Өткен жыл біздің отбасымыз үшін өте маңызды жыл болды, — дейді қала тұрғындары Алмат пен Шынар Көбесовтер. — Өйткені, 2013 жылы біздің шаңырағымыздың іргесі қаланып, отбасын құрдық. Жаңа жылды әркім әр жерде қарсы алып жатады. Жұбайым екеуміз бұл мерекені халықпен бірге орталық алаңда қарсы алуды жөн көрдік. Жаңа жылда да тек қуанышты күндеріміз көп болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жылдан-жылға аман-есен жете берейік. Жаңа жыл құтты болсын!
Ал, үш немеренің ата-әжесі Сара мен Махмұт Сарғалиндер жыл сайын Жаңа жылды орталық алаңда қарсы алуды дәстүрге айналдырған екен. Олардың айтуынша, Жаңа жыл — жалпыхалықтық мереке, сондықтан, оны елмен бірге тойлаған жөн.
Өңір өнерпаздары өз өнерлері мен әдемі от шашу арқылы мерекелік шараның сәнін одан әрі асыра түсті. Ал, сағат тілі 00.00 болғанда тұрғындар бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін арнап жатты.
«Әр жылымыз осындай бірлік пен берекелі, мерекелі сәттермен бастала берсін!» деген тілегімізді біз де арнадық.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.