Ғарифолла Есім: Дәстүрінен нәр алған ұлт ешқашан бағытынан адаспайды
– Атырауға қош келдіңіз, сапарыңыздың барысы жа-йында кеңірек тоқтала кетсеңіз?
– Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті тарапынан Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында шақырту ал-ғанмын. Соны қабыл алып, ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы өз білгеніммен бөлісіп, өзгелердің пікірін білу мақсатында ашық әңгімелесу ниетімен келдім. Жаңалықты қабылдау үшін адамның өзі өзгеруі керек. Негізі, түсіндіру жұмыстары дегенде жастарға айту, ұғындыру деген теріс түсінік бар. Себебі, бұл – тек жастар емес, жалпыға бірдей жүргізілуі керек жұмыстар.
– Сананың жаңғыруы дейміз. Ол өз-өзінен жаңғырмайтыны белгілі. Алғышарттары қандай, қоғам қандай әрекет қылуы керек деп ойлайсыз?
– Жалпы, бұл мақаланың дүниеге келуіне бәріміз таң қалып жатырмыз. Тамаша ойлар айтылған. Соны жетілдіріп, әр адамға жеткізуді мақсат еттік. Біздің санамыз қат-қабат. Оның ішінде бірнеше сана көрініс тапқан.
Мәселен, марксистік сана, вестерндік сана, діни бағыттағы сана да бар, орыс халқына жақын болуды көздейтін сана да бар. Сол азаматтардың санасы қалай жаңғыруы керек? Бұның жауабын Елбасы берді. «Халықтың рухани тамырынан бастап жаңғыру керек» дейді ол. Ол не деген сөз? Ол – өз туған жеріңдегі атауларды білу, өңірдің танымал тұлғаларын білу. Осы жердегі киелі орындардың мағынасын терең түсіну. Оны өзі біліп қана қоймай, білгісі келгендерге айту. Яғни, балабақшадан бастап, кезең-кезеңімен сіңіру.
Осы жердегі маңызды бір мәселе – «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана бейнесі қандай болады?» деген сауал. Бұл – өте қиын мәселе. Жаңғыру деген жаңалық, жаңару деген сөз. Жаңалықты біз қалай қабылдаймыз, қабылдауға дайынбыз ба? Жоқ, әлде, баяғыдан бар білетінімізбен ғана жүре береміз бе? Осы орайдағы туындайтын сұрақтарға жауап табу, Елбасы мақаласын түсіндіру – біраз жасқа келіп, оқыған-тоқыған біздерге міндет, «тыңдаймын» деген адамға өз пікірімді білдіруім керек деген мақсатпен келдім.
– Атыраудағы кездесуден не түйдіңіз?
– Өңір түрленуде. Атырауға 1989 жылы келгенмін. Сол кездегі Атырау мен қазіргі жаңарған қаланы мүлдем салыстыруға болмайды. Бұрын балшыққа батқан қаланы көретінбіз. Қазір ше? Бүгінгі Атырау – ажарлы. Сити. Осындай әсем де әдемі қаланың тұрғындарының санасы да жаңарған, мағыналы болуы керек. Ол өзінен өрбіген ұрпағының өз еліне, өз жеріне деген шынайы ықыласы мен ынтасы болуы керек. Себебі, мына елге ие болатын солар. Тәуелсіздік – басты құндылығымыз. Соны түсіне-тіндей ұрпақтың өсіп шыққаны бізге – арман, мұрат.
– «Бар қазақ – бір қазақ» деген ұстанымыздың мағынасын тарқата түссеңіз…
– Қазақ бір-біріне ешқашан жат болмайды. Қай өңірдегі болмасын, қазақтардың же-тістігі де, кемшілігі де бірдей. Мінездері де бір. Неге өзгермейді? Себебі, қазақ халқының табиғаты, генетикасы бір-тұтас. Өзгерудің бір жолы бар. Ол құдандалы болу арқылы өзге өңірмен алыс-беріс жасау. Бірақ, кейінгі кезде бұл үрдіс те, яғни, өзге облыстардан қыз алу азайып бара жатқан секілді.
– Қазір біз үшінші жаңғыру дейміз. Алдыңғы жаңғыру- ларға тоқталсақ.
– Бірінші жаңғыру – жекеменшік институтының қалыптасуы. Яғни, колхоз, совхоздан кетіп, жеке шаруашылықтарды құру – сананың бірінші жаң-ғыруы. Нарық болғаннан кейін жекеменшік қалыптасады. Қазақ айтпай ма, «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп. Ендеше, қиындықтарға қарамай, бірінші жаңғырудан өтіп, жекеменшік сана қалыптастырдық. Бұл орайда біз Ресей, Белоруссия секілді елдерден ілгеріміз. Оларда мұндай психология әлі толық емес. Ал, біздер аз-көп деп қарамастан, жекеменшікті дамыту бағытында жұмыстанып жатырмыз. 90-ыншы жылдардағы ел экономикасы тұралаған тұста негізінен жұмыс жасаған әйелдер болды. Олар «менікі, сатамын» деген ұғымды қалыптастырды. Осылайша, бірінші жаңғыруды өткердік.
– Ал, жаңғырудың екінші сатысы ше?
– Ол – Астананың салынуы. Астана деген сөздің өзі сананы жаңғыртып тұр. Қазір кез келген отбасында бұл тақырып қозғалады. Ол жақта туысы, танысы немесе баласы бар. Тіпті болмаса, бір барып көруді жадында ұстайды. Әйтеуір, әр қазақтың Астанамен байланысы бар. Экономикалық бастама, логистикалық орталыққа айналды. Яғни, Елорда арқылы «өз мемлекетіміз» деген сана қалыптасты. Бұл шынымен де үлкен құбылыс болды. Одан кейінгі үшінші саты – сананың жаңғыруы.
– Жалпы, бұл ретте адаспай жол таба білудің жөні ерекше екені белгілі. Сондықтан, адаспаудың қандай амалы бар?
– Егер жаңғыру ұлттың рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды. Яғни, ең бірінші, жер атауларына мән беру. Қазақ ешқашан тектен-тек ештеңені де айта салмайды. Ата-бабаларымыздың сондай атау беруіне не себеп болды дегенді түсінуіміз керек. Әлі күнге дейін оны дұрыс білмейтініміз шын. Міне, жаңғырудың керектігі осыдан-ақ байқалады. Ал, бұдан кейін сол жердегі тұлғаларға мән беру керек. Осы жерде айта кетейін, бізде лапылдаған сезім арқылы қалыптасқан түсінік бар. Мәселен, әр ауылда ақылман қария болады. Ақылы – телегей-теңіз. Бірақ, ол академик емес, басшы емес, министр болмаған. Оның еш атағы жоқ. Сол себептен де көшеге атаулар бергенде біз оны мүлдем ұмытып кетеміз. Басшы болған бір адамның атына береміз. Бұл – қате. Себебі, басшы болса, ол өзіне жүктелген міндетті атқарды. Сол үшін жалақысын алды, жұмысын жасады. Болды. Сондықтан, аталған қария секілді елдің, ауыл-аймағының тұзы болып, бар дәмін келтіріп отырған жандарды жадыда қалдыруымыз қажет. «Қазақстанның 100 есімін» анықтау керек тұста, осы жайттарды ескеруіміз қажет. Бұл ретте де «мына адам лайықты немесе басқа адам бар емес пе?» деп сұрыптау арқылы да сананы жаңғыртамыз.
– Тамырынан тәрбиелеу керек демексіз ғой сонда…
– Иә, балабақшадан баста-уымыз керек. Сонымен қатар, прагматизм мен реализм дейміз.
Біз, қазақтар, реалист болуымыз керек. Нақты әрекет етіп, прагматик болуды да жолға қоюымыз қажет.
– «Мәңгілік ел туралы» 7 пән енгізу туралы ұсынысқа қарай ойысайықшы…
– Аталған бағдарламаның бірінші қадамы – «дәулет» ұғымын әлеуметтік-философиялық тұрғыдан негіздеу. Дәулет философиясының негізгі ұғымдары: кедейлік, байлық, ізгілік, дәулет, жомарт-тық. Байлық дегеніміз – пейіл, ниеттің тарылмауы. Қазақ айтады: «…пейілі кең адамға Құдай береді». Пейілдің кеңеюі, ниеттің тарылмауы – байлықтың басы.
Екінші қадам – неопрагматизм негізінде қазіргі іскер қазақ бейнесін қалыптастыру. Қазақ дәулетті болуы үшін іскерлік қажет. Іскерлікті туындату үшін прагматикалық философияның қажеттілігі туындайды. Ол үшін іскерлікті дамытатын пәндерді енгізу көзделеді.
Үшінші қадам – дәстүрді мәдени тұрғыдан жаңаша зерделеу. Демек, дәстүрсіз ел болмайды. Біз дәстүрді жоғалтып алсақ, Мәңгілік ел болмаймыз.
Төртінші қадам – қоғамдағы «қазақ қызы» рөлінің өзектілігін айқындау. Бұл тақырып бәрін қызықтырады. «Қазақ қызы» деген түсінік – тек қазақ менталитетіне қатысты ұғым. Хал-қымыз үшін «қыз», «қыз бала» ұғымының астары терең. Десек те, қазақ халқы менталитетіндегі әйел бейнесін танып-білудің тағы бір көзі – сол ұлттың ғасырлар бойы жинаған, тарих сындарынан сүрінбей халықпен бірге жасасып келе жатқан, оның ұлттық нышаны мен бет-әлпетін өзгеден ерекше етіп көрсететін салт-дәстүрі, мақал-мәтелдері, шежіресі, шешендік толғаулары, аңыз ертегілері, фольклоры, діні, айтысы, сөз өнері, ауыз әдебиеті, жалпы мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, өмір-салты.
Бесінші қадам – буындар арасындағы сабақтастық мәселесін ғылыми тұрғыдан жүйелеу. Сабақтастықтың негізгі факторы – ата, ұл, немере. Ел бірлігі үш ұрпақтың арасындағы сабақтастықта.
Алтыншы қадам – қазіргі заман қажеттілігінен туындап отырған инновациялық ойлаудың логикасын жетілдіру.
Жетіншіден, «жақсы қазақ» идеясын қалыптастыру. «Жақсы қазақ» – инновациялық ұғым, «жақсы қазақ» – ел имиджі. Ел имиджін көтеру дегеніміз – жақсы ниетпен еңбектену, әрдайым жаңаны табуға тырысу. Осы идеяларды іске асыру үшін жоғары оқу орындарында арнайы пәндік жүйе қалыптастырып, білім алушыларға арнайы пәндер енгізуіміз қажет.
– Мақаладағы тағы бір өзекті тақырып – әліпби ауыстыру. Латын әліппесіне сіз өзіңіз қаншалықты дайынсыз?
– Мен дайын болғалы көп болды. Біз әлемдік өркениет үрдісінен қала алмаймыз. Бұл біз үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін аса маңызды. Сондықтан, талқылай бермей, нақты шешім қабылдау керек. Бұл жердегі негізгі мәселе бірнеше жоба ішінен лайықтысын таңдау. Негізі, қандай көшу болса да кемшіліксіз болмайды. Қарапайым тілмен айтсақ, бір үйден бір үйге көшкен сәтте де бір нәрсеңді жоғалтып аласың, не кедергіге кезігесің. Сондықтан да, әліпбиді ауыстырар тұста кемістіктері мейлінше аз болатын түрін табуымыз керек.
– Осы қадамға қоғам қаншалықты дайын?
– Қоғамды дайындау керек. Қоғам әртүрлі адамнан құрал-ған. Сондықтан, қоғамға қарап отыратын болсақ, уақыт жоғалтып аламыз. Бұл жерде қоғамға батыл бағыттар ұсынып отыру керек.
– Тәуелсіздіктің басты жетістігі неде?
– 25 жыл ішінде бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Осы аралықта 25 жасқа толған жалынды жастар өсіп жетілді. Осылар – ертең қазақ елінің қайда бағыт алатынын анықтайтын адамдар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Гүлжан ӘМІРОВА