Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы басталды

    «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету және қамқорлау акциясы бастау алды.

  Ұлы Отан соғысының қанды жорығынан аман қалған атыраулық 15 майдангер-ардагердің он үші облыс орталығында тұрады. Аталмыш шараға алғаш болып танымал меценат, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Семғалиев үн қосты.

    Қайыспайтын емендей ортамызда жүрген абыз ақсақал, Атырау облысының Құрметті азаматы Орынғали Қарасаев пен жұбайы Дәметия апай шаңырағына бас сұққан «нұротандықтарды» жылы шыраймен қарсы алды. Биыл 95-тің төріне шыққалы отырған Орынғали Мұсаұлы сұрапыл соғысқа 1943 жылы 10-сыныпта оқып жүрген кезінде өзі сұранып кеткен еді. Майданды Мәскеу түбінен бастаған жауынгер Қиыр Шығыста жапон соғысымен аяқтап, елге 1947 жылы ғана оралған-ды. Жетпіс жылдай отасқан ғұмырлық жары екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған қазақтың қазыналы қарттарына айналды. Кезінде соғыстан келісімен елдің еңсесін көтеруге бел шеше кірісті. Комсомол, партия органдарында басшылық қызметтерді абыройлы атқарған қоғам қайраткері Тәуелсіз Қазақстанның қарыштап өркендеуіне, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына куә болуда.

veterany 1

  – Біздің ұрпақтың пешенесіне қатал тағдыр жазылды ғой. Өткен ғұмырымызда өмірдің талай соқпақтарын бастан кештік. Ел басына төнген сұрапыл соғысты болашақ ұрпағымыз көрмесе екен. Бейбіт заманның жастарының білімді, еңбекқор, жаңалыққа құрмар, Отанын шын сүйетін, өз елінің нағыз патриоты болғанын қалаймын. Біз, қарттар соған тілекшіміз, — деген майдангер Ұлы Жеңістің жетпіс төртінші көктемімен құттықтай келген Атырау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Абат Кенжеғалиев пен қалалық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиевке өз ризашылығын білдірді.

veterany 2

    Махамбет ауданына қарасты Кондаурово елді мекенінде дүниеге келген Валентина Коноплева Сарайшықтағы сегізжылдық мектепті аяқтайды.  Отбасы Гурьевке көшіп келген соң Валя онжылдық білім алып, мұғалім болуды армандады. Осында болашақ педагогтар даярлайтын училищеге оқуға түсті. Бірақ, Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, Валяның бұл арманы орындалмай қалды. Өзі қатарлас жастармен бірге майданға шақырылады. Қысқа курстық оқуын тәмамдап, радиолокаторлар ротасына жіберіледі.

veterany 6

Валентина Львовнаның міндеті әуедегі жау ұшақтарының қай жерде, қандай қашықтықта ұшып бара жатқанын анықтап, дәл мәліметін беру еді. Қайсар қыз өзіне жүктелген бұл міндетті абыроймен орындап, мәліметтер дереу командирге хабарланып отырды. Валя да құрбыларымен бірге талай рет неміс ұшақтарының бомбасы астында қалған кездері болды…

   Соғыстан елге оралған сержант Валентина Коноплева отыз жылдай Атырау мұнай өңдеу зауытынның №2 цехында еңбек етті. Жастардың ақылшы ұстазы, қамқоршысы болған тоқсан алты жастағы майдангер ана қазір шебересінің қолында.

  – Құлақтың естуі мен көздің көру қабілеті нашарлады. Біз сияқты майдангерлерге үйден шығудың өзі мұңға айналып барады. Кейінгі немере-шөберелер бейбіт өмірде, бақытты заманда ғұмыр кешсе екен деп тілеймін, — дейді кейуана.

Жеңіс мейрамы қарсаңында Валя әжей де қайырымды жанның қамқорлығына риза болды.

veterany 3
veterany 4
veterany 5
veterany 8
veterany 9

Бақытжан ЖҰМАТ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button