
Ардагер журналиске — лайықты құрмет!
Кәсіби мереке – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Атырау журналистикасының ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Берішбай «Құрмет» орденімен марапатталды.
Осынау мәртебелі награданы иесіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолымен табыстады.

Төлеген Сақтағанұлы журналистика саласындағы еңбек жолын Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде әдеби қызметкер болып бастады. ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген ол кейін облыстық «Атырау» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Лениншіл жас» газетінің Батыс өлкесі бойынша меншікті тілшісі, Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінде бас редактор қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ облыстық телевидениеде бас редактор болып, Атырау облыстық телерадиокомпаниясын басқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің баспасөз хатшылығында, «Теңізшевройл» бірлескен компаниясында жауапты қызметтер атқарды. Осы жерде «ТШО жаңалықтары» газетінің жауапты шығарушысы болды. «Атырау-Ақпарат» медиа холдингіне басшылық етті.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, баспасөз саласындағы жұмысын жалғастырды. Кәсіпкерлікпен айналысып, «Алтын аймақ» газетінің негізін қалады.
Ол – «Жерге сыр, елге сыр», «Жүректе тұнған сағыныш» атты кітаптардың және басқа да бірнеше көркем туындылардың авторы.
Барша қаламдастары мен әріптестері Төлеген Сақтағанұлын жоғары мемлекеттік марапатымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, ұзақ та мағыналы ғұмыр, шығармашылық қызметіне толайым табыс тілейді.
Дәулетқали АРУЕВ