«Ардақтымның ертегілері» ертеңге сенім ұялатады
Атырау қалалық кітапханасында поэзия әлеміне жаңадан қадам басқан оқушы Ардақтым Ниетқалиеваның «Бала жүрек жырлайды» атты шығармашылық кеші өтті. Онда балауса жыр иесінің «Ботақан», «Құлыншақ» және «Ардақтымның ертегілері» атты алғашқы жинақтарының тұсауы кесілді.
Дәстүрге сай қызыл лентаны халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» облыстық филиалының төрағасы, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері Әбілхан Төлеуішев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұстазы, белгілі ғалым София Мырзағалиева және ардагер мұнайшы Алтас Бисенбаев қиды. Кеш қонақтары – филология ғылымдарының кандидаты, Атырау мұнай және газ университетінің оқытушысы Айгүл Ермекова мен жас ақын Гүлмира Сүйекенова ыстық лебіздерін жолдады.
Кішкентай дарынның өлең өлкесіне қалай келгендігі бейнеслайд арқылы көрсетілді. Онда айтылғандай, атақты сазгер, музыка зерттеушісі Илья Жақанов, республикамыздың еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова секілді танымал тұлғалардан бата алған балғынның оларға еліктеуі де сондықтан.
Автордың балауса жырларын жатқа оқыған №30 мектеп-гимназия шәкірттері қолдарына домбыра алып, ән де шырқады, мың бұрала биледі. Ал, жиналғандар жас туындыгерге өз сұрақтарын жаудырды. Соңында Ардақтымның анасы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Жазушылар одағының мүшесі, «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлзада Ниетқалиева кітапхана ұжымы мен жиналғандарға зор алғыс сезімін білдірді.
Аман ШАМАР.