ӘРБІР ЖҰМЫССЫЗ – ЕСЕПТЕ

Өткен жылы жетпістің үстіндегі мекемеде қысқарту етек алып, 1200-ден астам адам жұмыстан босатылды. Ал, биылғы жылы 31 мекемеде қысқарту  күтілуде. Яғни, биыл 800-ден астам адам жұмыссыз қалмақшы. Бұл жөнінде «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы аймақтық коммуникациялар қызметі орталығында өткен жұмыспен қамту мәселелеріне арналған брифингте айтылды. 

Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Мереке Жаңбырбаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

– Өткен жылы бөлімде 6949 жұмыссыз тіркеліп, 2946 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, – деді бөлім басшысының орынбасары Мереке Дүйсенұлы. – Ал, уақытша ақылы қоғамдық жұмысқа – 825,  әлеуметтік жұмыс орындарына – 30, кәсіби оқыту және қайта даярлау курстарына 624 адам жіберілді.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес 83 адам кәсіпкерлік негізінде оқу курсынан өткізіліп, 19 адам шағын несиесін алды. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 90 адамды тартуға қажетті қаражат бөлініп, 13 мекемеге 110  адам жұмысқа жіберілді.   Өткен жылғы жоспарға сәйкес 37 мекемеде 217 жасқа тәжірибе жинақтаудан өтуге жолдама берілді.

Сондай-ақ, қалалық бөлім басшысының орынбасары әлеуметтік жағынан қорғалатын топтармен жұмыстарға да кеңінен тоқталды.

Ал, аталған бөлімнің жұмыспен қамту секторының меңгерушісі Гүлнар Тұрашева жаңадан қабылданған Еңбек кодексінің жаңалықтарын атап айтты.

– Кодекстегі ең басты өзгеріс — бұған дейін сектор атқарып келген жұмыссыз азаматтарға жолдама беру, ақылы қоғамдық жұмысқа жіберу, кәсіби даярлау және тағы басқа қызметтердің толықтай қалалық жұмыспен қамту орталығына өтуі болып отыр. Сонымен қатар, бұрын жұмыстан шығу жағдайында төленетін төлем тек қана қысқартуға түскен азаматтарға тиесілі болса, ал, жаңа кодексте міндетті әлеуметтік сақтандыру жарналарын аударған адамдар жұмыстан босаған кезде бұл төлемақыға құқылы екендігі анық көрсетілген, – деді сектор меңгерушісі Гүлнар Оразбайқызы.

Ал, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар Құспанова да жаңа заңға сәйкес өздеріне жүктелген жауапкершілікті жүзеге асырудың жолдарымен бөлісіп, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге көлемінде шағын несие беріліп келсе, енді пилоттық режимде төрт облыста оның құны алты миллион теңгеге жетіп отырғанын хабарлады.

– Өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 99 миллионнан астам қаржы бөлінді. Соның ішінде, облыстық бюджеттен 12 миллион теңге жастар тәжірибесін ұйымдастыру бағытын қамтыды. Ал, биыл 62 адамға несие беріліп, 80 жұмыссыз жастар тәжірибесіне барса, сексен адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіліп отыр, – дейді орталық басшысы.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз