Қарағандыда – қайғылы оқиға: бала батутта өлім құшты
Atr.kz/26 мамыр, 2019 жыл. «Бала өліміне әкеліп соққан үрмелі батутты қолданысқа енгізген Қарағанды қаласының 40 жастағы тұрғыны «сауық нысанын заңсыз әрі, талапқа сай орналастырмағаны» үшін ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», — деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 25 мамырда Қарағанды қаласының Орталық демалыс саябағында қатты желдің салдарынан үрмелі батут аударылып кеткен болатын. Оқиға салдарынан 11 жастағы бала қаза тауып, тағы да 2 бала түрлі жарақаттармен емханаға жеткізілді. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 306 бабы 3 тармағына сәйкес «Адам өліміне алып келген қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін қызмет көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысы Қарағанды облысы Полиция департаментінің және прокуратурасы басшылығының бақылауында. Сондай-ақ бүгін Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров жедел кеңес өткізді, онда уәкілетті органдарға үрлемелі аттракциондардың қызметін тоқтату, сондай-ақ орталық саябақтың барлық аттракциондарының қауіпсіздікке сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру туралы тапсырмалар берілді.
«Құрметті Қарағанды қаласының тұрғындары, батуттарды орнату фактілерін байқаған кезде полицияға хабарлауды өтінеміз. Сонымен қатар, барлық ата-аналарды ойын-сауық және демалыс орындарына бару кезінде қауіпсіздік техникасын сақтауға шақырамыз», — деп xабарлады Қарағанды қаласы әкімінің баспасөз қызметі.