Тәуелсіздікті аңсаған тұлға немесе Тел Жаманмұрынов туралы не білеміз?

lmokogsYSKg Жаңалықтар

Алаш қайраткерлерінің арасында батыс өңірдің  тумасы Тел Бұқпанұлы Жаманмұрын-овтың есімі ерекше аталады. «Ол кім?»  деген сауалға келсек, бірден көз алды-мызға оның Алаш партиясы мен Алашорда үкіметіндегі қызметі келеді.

lmokogsYSKg

Ал, өмір жолын тізбектеп қарайтын болсақ, бұл азаматтың қазақ халқының тәуелсіз ел болуына күш салып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысқан күрескер болғанын байқаймыз. 1916 жылы патша жарлығы бойынша қара жұмысқа ілігіп, І Дүниежүзілік соғысқа алынған қазақ сарбаздарына жанашырлық танытты. Ал, 1917 жылғы Ақпан мен Қазан төңкерісі тұсында қазақ комитеттерін құруға, қазақ съездерін өткізуге белсене атсалысты. Ел басына қиын-қыстау күн туған Азамат соғысы мен 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тұсында, одан кейінгі жер-су реформасын жүргізу, қазақыландыру, жаппай отырықшыландыру, тәркілеу, ұжымдастыру сияқты науқандарын жүзеге асыруға да белсенді қатысқанын аңғаруға болады. Қызметі өмірінің соңына дейін егін және мал шаруашылығымен тікелей байланысты болып, аталмыш салаларды көтеруге бар күшін салғанын мұрағат құжаттары дәлелдеп отыр.

1888 жылы бұрынғы Торғай облысына қарасты Ырғыз уезінде дүниеге келді. Алғашында ауыл молдасынан арабша хат таниды. Өз қолымен толтырған өмірбаянында жазғандай қаражаттың жоқтығына, отбасындағы тұрмыстың ауырлығына қарамастан оқуға талпынған. Сөйтіп, 1907 жылы Орынбордағы реальдық училищеге оқуға түсіп, оны 1912 жылы тәмамдайды. Училищеде оқып жүргенінде жасырын үйірмеге қатысып, патша билігіне қарсы келгендердің саяси әңгімелерін естіп, шыңдала түсті.

Білім іздеген жас Петербургтың политехникалық институтында оқыды. Алайда, денсаулығына байланысты бұл жоғары оқу орнында білімін жалғастыра алмай, дәрігерлердің ақылымен Мәскеудің  ауыл шаруашылығы институтына ауысады. Өкінішке орай, ол Ақпан революциясы тұсында Ырғыз уезіне келуіне байланысты бұл оқу орнын бітіре алмады. Дегенмен, Т.Жаманмұрыновтың азамат болып қалыптасуына, оның күрескерлік жолға түсуіне ХХ ғасырдың басындағы қазақтың белгілі зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Есболов, Н.Төреқұлов, Х.Болғанбаев және тағы басқалар тікелей әсер етті. Себебі, Петровско-Разумовский атындағы  Мәскеудің Ауыл шаруашылығы академиясында (1913-1917 жж.) оқып жүрген ол патша саясатына қарсы бағытталған түрлі әрекеттерді көзімен көріп, өзі де патша үкіметінің қасаң саясатына, озбырлық әрекеттеріне куә болды. Алаш көсемі, ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханов сынды қазақтың біртуар азаматтарымен бірге тәуелсіздік жолында күресуге бел шешті.

А.Байтұрсынов басшылық жасаған, қазақ халқының үні, тілі болған «Қазақ» газеті оның қоғамға деген көзқарасын өзгертті. Есімі де осы газет арқылы қазақ даласына танылды.  1916 жылы 25 маусымдағы патшаның жарлығынан кейін майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жұмыскерлерінің жағдайын қадағалауды, оларға көмек көрсетуді ұлт зиялылары өз міндеттеріне алады. Ә.Бөкейхановтың басқаруымен арнайы делегация құрылып, бұл топқа қазақ-орыс тілдеріне жетік азаматтар алынды.

Сөйтіп, Т.Жаманмұрыновпен бірге болған азаматтар майдандағы қазақ жігіттерінің жағдайын анықтау үшін желтоқсанның 23-інен 1917 жылдың 12 қаңтары аралығында Земгордың қоластындағы 9 отрядты аралады. Көрген-білгендерін Земскі комитетінде баяндап, «Қазақ» газетіне жариялап отырды. Осы сапарда олар Ә.Бөкейхановпен бірге Минск қаласына барып, ұйым құруды көздеді.

Ақпан төңкерісін құрамында Тел Бұқпанұлы бар 16 делегация мүшесі Минскіде қарсы алды. Уақытша үкіметтің талабы бойынша наурыздың басында Орынбордағы облыстық қазақ комитетіне жеделхат жолдап, майдандағы өзіміздің жұмысшыларға еттей, астықтай көмек көрсету қажеттігін көтерді. Жаңа үкімет майдандағы қара жұмысшылар мен олардың жанұяларына қаржылай көмек көрсетер деген үміт те болды. Минск қаласынан «Қазақ» газетіне жарияланған жеделхатта Алаш азаматтарының алда тілейтіні жаңа үкіметті жақтаушыларға болысу, азық-түлік істеріндегі өкілдерге демеушілік көрсету, майданда және майдан сыртындағы жұмысшыларға керек май, ет, тары секілді азықтарды жинастырып, қор жинауды ұйымдастыру сияқты істерді жүзеге асыру қажеттігі айтылды («Қазақ», 1917 ж., №222).

Әлихан, Міржақып бастаған алашордашылардың идеяларын Тел Бұқпанұлы да қолдады. Сондықтан, ол Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді қайраткерлер бас-көз болған, бастауын Минискіден алып, Орынборда құрылған «Еркін дала» ұйымына мүше болып кірді. Бұл ұйымға сол кезде қазақ баспасөзінің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып,  1926 жылдан 1929 жылға дейін «Кедей» газетінің редакторы болған Ж.Жәнібеков, қазақтың тұңғыш елшісі Н.Төреқұлов, бар ғұмырын алаш ісіне сарп еткен А.Кенжин, Х.Болғанбаев, А.Байғұрин сынды қайраткерлер ұйымдастырушы, басшы болған. Ұйым халықтың сауатын ашуды, қазақша газет, журналдарды, мектепке қажетті оқу құралдарын шығаруды, мұқтаж шәкірттерге тегін оқып жататын жай, даяр тамақ жейтін орындар мен ауруханаларды ашуды, майдан жұмысына қатынасқан жігіттер мен олардың жақындарына тиісті жәрдем беруді өз міндетіне алған.

Майдандағы жұмысшыларды елге қайтару ісіне де Тел Жаманмұрынов белсене араласты. Бұл іс-шара 1917 жылдың мамыр айынан басталды. Жолда адасып қалған немесе жоғалып кеткендерді іздестіру, елге қайтып бара жатқандарды азықпен қамтамасыз етуге де атсалысты. Ырғызға қайтып оралғаннан кейін болыстық комитеттер құруға кіріседі.

Уақытша үкімет тұсында елдің жағдайын жақсартуды көздеген қазақ съездері өткізіле бастады. Олар Торғай, Жетісу, Семей, Орал, Ақмола облыстарында өтті. Орынбор қаласында 1917 жылдың 2-8 сәуір аралығында өткізілген тұңғыш Торғай съезіне Тел Бұқпанұлы да қатысты. Бұдан кейінгі 21-26 шілдеде өткен жалпы қазақтың бірінші съезіне Торғай облысынан қатысып, күн тәртібіне қойылған 14 іргелі мәселені талдауға араласты. Осы съезде «Алаш» партиясынан Құрылтай жиналысына Т.Жаманмұрынов Торғай облысынан сайланды. Бұл жиылысқа Торғай облысынан А.Байтұрсынов, А.Бірімжанов, С.Досжанов, Ғ.Теміров, Е.Оразов, Ә.Бөкейханов ұсынылған еді.

Бірінші қазақ съезінде көтерілген мәселелердің қаулысын өзі төрағалық еткен І Ырғыз съезінде таныстырып, оның шешімдерін негізге алды. Ырғыз ауданында жүзеге асырылатын мәселелердің қолға алынуына бас-көз болды. Ол  Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің белді мүшесі еді. Алаш қозғалысына белсене қатысып, ұлт мүддесі жолында қызмет етті. Алаш партиясы атынан Құрылтай жиналысына ұсынылған депутаттар тізімінде «ұлтшыл студент» деп жазылуының өзі осыны меңзеп тұр. Абдолла Теміров, Ахмет Бірімжанов, Сағындық Досжанов сынды азаматтармен бірге ақтар мен қызылдар қырылысқан қиын-қыстау тұста ел бірлігін сақтауға күш салды.

Қайраткер ретінде шыңдалған ол Ырғыз уездік жер комитетінің төрағасы, алғашқы  атқару комитетінің төрағасы, кейін төрағаның орынбасары қызметтерін атқарды. 1919-1929 жылдары уездік жер бөлімінің меңгерушісі, жұмысшы-шаруа инспекциясының және статистикалық бюроның басшысы, Қазақ автономиялық Республикасы егін шаруашылығы халық комиссарының орынбасары сияқты  қызметте ұлт мүддесін жоғары қойды.

Ал, 1927 жылы Түркістан-Сібір теміржолын жобалау және жабдықтау шараларында осы саланың өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Сонымен қатар, егін шаруашылығы халық комиссариаты жабдықтау, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы басқармаларының бастығы, Шымкенттегі Түйе шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, ауылшаруашылық тобының меңгерушісі, мал шаруашылығы секторының басшысы және Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төралқасының мүшесі, Ақтөбе облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақстанға түйе алдыру мақсатында жұмысқа Моңғолияға жіберіледі.

Т.Жаманмұрынов «халық жауы» ретінде 1937 жылдың 16 мамырында тұтқындалды. 1937 жылы 30 шілдеде К(б)ПК Орталық комитетінің хатшысы Л.Мирзоянның  И.В.Сталинге жолдаған мәлімдемесінде соңғы екі айда НКВД-ның Қазақстанда «ұлтшыл-фашистердің» ұясын әшкерелеп, Диваев, Кенжин, Көшенбаев, Сұлтанбеков, Тоғжанов, Сармолдаев, Асылбеков, Нұрсейітов, Төреғожин, Қаратілеуов, Лекеров, Ғатаулин, Молдажанов сияқты Кеңес үкіметіне қарсы әрекет еткендердің тұтқындалғаны хабарланды.

Барлық тұтқындалғандарға «Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақовтар құрған ұлттық-фашистік ұйымға мүше болып, астыртын түрде Кеңес үкіметіне қарсы әрекет жасап, іріткі салды» деген айыптар тағылды. Олардың бұл ұйымына «Зиновьев пен Сафаровтың кеңестері үлкен ықпал етті» делінді. Ә.Диваев, А.Кенжин, Қ.Сармолдаев пен Тел Жаманмұрыновтан алынған тергеу жауабында Т.Рысқұлов, С.Қожановтан басқа кеңестік жүйеге қарсы келген Мұстафа Шоқаймен тығыз байланыста болып, нұсқаулар алып отырғандығын мойындағаны келтіріледі.

Тоғыз айға созылған тергеуден кейін 1938 жылдың 25 ақпанында Тел Бұқпанұлы ату жазасына кесілді. Тек 1958 жылы ғана ақталды. Дегенмен, қайраткердің өмірі мен қызметі, тұлғалық келбеті әлі де нақты зерттеуді қажет етеді.

Светлана Смағұлова,

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих

ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз