Жарнама
Жаңалықтар

«Ақжайық» резерватын қорғау – табиғат алдындағы жауапкершілік

Атырау облысындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың бірі – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты бүгінде 111 500 гектар аумақта орналасқан. Оның ішінде ядролық зона – 36 077 гектарды, буферлік аймақ – 75 423 гектарды қамтиды. Мұнда табиғи кешендерді қорғау, өрттің алдын алу және табиғатты ұтымды пайдалану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қауіпсіздік – бірінші кезекте

Бүгінде резерват аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 54 мемлекеттік инспектор мен 7 штаттан тыс өрт сөндіруші қызметкер жұмылдырылған. 2024 жылғы өрт қаупі маусымына дайындық аясында Дамбы және Еркінқала ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары мен брошюралар тарату секілді алдын алу шаралары іске асырылды.

Сонымен қатар, резерват аумағына шекаралас елді мекендердің жергілікті атқарушы органдарымен және Атырау облыстық ТЖД-мен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген.

Қамыс өрті мен су тапшылығы – күрделі мәселе

Соңғы уақытта Каспий теңізі суының қатты тартылуы салдарынан резерват аумағында батпақты жерлер (16 333,2 га) қурап, өрт қаупі жоғары аймаққа айналды. Осыған байланысты тәулік бойғы патрульдік күзет жұмыстары күшейтіліп, 56 инспектор және арнайы автокөліктер жұмылдырылды. Өрттің алдын алу мақсатында 30 шақырым минералдандырылған жолақтар жүргізіліп, маусым сайын қайта қалпына келтіріледі.

Материалдық-техникалық база жаңаруда

2023 жылы республикалық бюджеттен 211,4 млн теңге бөлініп, резерват техникалар мен арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл қаражатқа трактор, тіркеме, Нива автокөлігі, шағын өрт сөндіру кешені, эксковатор-погрузчик, өрт сөндіру құралдары және байланыс рациялары сатып алынды.

Ал 2024 жылы облыстық бюджеттен 255,3 млн теңге бөлініп, оған қосымша патрульдік Уаз, трактор, автоцистерна, культиватор, соқа және басқа да қажетті техника алынды. Жанар-жағармай қоры да резервке алынған.

Резерваттың мәртебесі – өзгеріссіз

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының мәртебесін төмендету (республикалық маңыздан – жергілікті маңызға) заңға қайшы. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңының 14-бабы, 6-тармағына сәйкес, мұндай шешімге жол берілмейді.

Түйіндеп айтқанда

«Ақжайық» резерватындағы жұмыстар – табиғи байлығымызды сақтау мен келер ұрпаққа аманаттау жолындағы маңызды қадам. Қазіргі экологиялық жағдайда табиғи аумақтарды сақтау және оларды өрттен қорғау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button