Алаяқтың құрбанына айналмаңыз…

Кезекши баганасы Жаңалықтар

Танысымыз көлігін сатқанымен, оның ақшасын көптен ала алмай жүр. Саудаласушының «ертең беремін» дегеніне сеніп қалса керек, ешқандай құжат та жасақтамапты.

Кезекши баганасы

– Балам сіздерді де алдады ма, әбден ұят болды-ау. Бүгінгі күні келіп отырған төртінші адамсыздар,-деді үйінен сөйлей шыққан жігіт ағасы.

Әкесі тұла бойы тұңғышының қылығына қатты қапалы екен. Әр адамды алдап, алаяқтық жолға түскен ұлының қылығы шектен шыққанға ұқсайды. «Әбден шаршадым» деген отағасы баласының біраз «хикаясын» айтып берді.

– «Іштен шыққан шұбар жылан» ғой, кім баласын жамандыққа қияды? Мен де қия алмаймын. Дегенмен, баламның әрекеті «тірілей» өлтіріп тұр. Бұрыннан сыйлас тамыр-таныстың біразының көзіне тіке қарай алмайтын жағдайға жеттім. Әлгі тентек оларды да жер сипатып кетіпті. Шағымданушылар «полицияға жазамын, сотқа беремін» деп жер теуіп келгеннен соң амалсыздан біразымен ымыраласуға тура келді. Осылайша, тым-жақсы «БМВ» автокөлігімді, орталық көшедегі жер телімімді, техника жөндейтін шағын цехымды арзан бәсіне сатып, қарызынан құтылдым. Енді мына үйімді саудаға шығармасам, беретін ештеңем қалмады,-деді қапаланған әке.

Әйткенмен, танысымның ақшасын өзінің жалақысынан бөліп-бөліп беретін болып келісті.

…Алаяқтық – қоғамда жиі кездесе бастаған келеңсіз көріністің бірі. Мұны құқық қорғау органдарының жетекшілері де айтып отыр.

– Жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүретіндер халыққа қажетті нәрсені жақсы біледі. Баспананың тауқыметін тартқандарға «арзан пәтер алып беремін»,  немесе жұмыссыздарға «жоғары жалақылы компанияға қызметке тұрғызамын», «тиімді несиеге қолыңды жеткіземін» деп уәдені үйіп-төгіп беріп, артынан ізін жасырады. Олар заң алдындағы жауапкершіліктен бәрібір құтылмайды. Дегенмен, жұртшылық осындай алаяқтардан сақ болғаны жөн,-дейді Атырау қаласының прокуроры Руфат Құттықов.

Жиі кездесе бастаған бұл құбылыспен қалай күресеміз? Алаяқтың арбауынан құтылудың тиімді жолы қандай? Осыған орай пікіріңізді айта отырыңыз, оқырман!

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз